- Advertisement -

Мотивациялық кітаптардың мәні бар ма?

16

- Advertisement -

Бүгінгі таңда жастардың арасында кітап оқу сәнге айналды. Оның ішінде түртіп алары, өмірлік тәжірибе жинайтыны, тәрбие-тағылым беретіні жетіп артылады. Алайда, мотивациялық шығармалардың ұсынатын әдіс-тәсілдерінен аса сақ болған жөн дер едік.

Мектеп қабырғасында жүргенде «Өміріңді әп-сәтте өзгерт» сынды аты айқайлап тұрған кітапты досым жиі оқып жүретін. Көркем мінезімен өзгелерді де қанаттандыруға әуес еді. Қазір бұл жанрдың қас пен көздің арасында кітап сататын дүкендерде бестселлерге айналып, ғылыми көпшілік және классикалық әдебиеттерді ысырып тастауын қауіпті деп санаймын. Бір жыл бұрын Тараз қаласындағы ең ірі дүкендерді аралап, оқырмандардың сұранысымен танысу барысында мотивациялық кітаптардың атауын жиі құлағым шалды. Маркетинг, қаржылық сауаттылық, пайдалы пікір мен орынды ойлары болса жөн. Алайда, көбінде псевдопсихологиялық мәліметтер, өзге адамның жетістіктерінен жиналған, миллионердің әдеттері сынды түкке пайдасы жоқ кеңестерге толы. Осы жанрдың қалыптасу тарихына көз жүгіртіп өтсек.

1859 жылы ағылшын жазушысы Сэмюэл Смайлстың «Өзіңе көмек» атты шығармасы сатылым жөнінен үздіктердің қатарына қосылды. Автордың айтуынша, табысқа жету үшін адам сәтсіздіктен қорықпай, әр уақытын тек жетістіктерге жету жолына арнауы керек. Адам неғұрлым уақытын жұмысқа жұмсайтын болса, соғұрлым беделі арта түседі. Байлыққа жетудің жолы оңай. Бар болғаны ойыңның бағытын тек ақшаға бұру. 1910 жылы американдық қаламгер Уоллес Уоттлз кішкентай жасынан қарапайым отбасында тәрбиеленіп, орта мектептің өзін аяқтамайды. Егде жасында сайлаудан жеңіліп, өмірінің сонында 1910 жылы «Бай болудың ғылымы» атты еңбегін жариялап, атаққа ие болған. Халықтың бірден алдамшы сөздерге ауғанын байқаған Г.К.Честертон: «Спорт, сатира, батырлар туралы романдар мен мақалаларды оқыңыз. Діни трактат сізге рухани байлық пен Құдайдың жолын, ал батырлар жыры сізге патриоттықтың шыңын көрсетеді. Бәрінен асыл-маржанның көкесін сіңіріп алуға болады. Бірақ «мансапқа жету» жайында жазылған кітаптарда бірде-бір саналы білім жоқ» деп уәжін білдіреді. Мотивация қуған жастар жиі оқитын Дейл Карнеги мен Наполеон Хилл – тұнып тұрған ораторлар. Адам басына түскен барлық қара бұлт олардың дұрыс ойлай алмауында деген тұжырымдарын позитивті психологияның құралы етіп алған. Демек, пенденің ойына келгеннің бәрі материалданып, оның шынайы өміріне әсер етеді. 2006 жылы Ронда Берннің «Құпия» фильмі жарық көреді. Ендігі қарапайым халықты алдау үшін «кванттық психология» деген ғылымда жоқ термин енгізеді. Адам белгілі бір радиотолқындық жиілікте ойлайды, ал оны өзгерту арқылы рухтың дәрежесін көтеріп, қалағанына қол жеткізе алады.

Бір ой елегінен өткізсек, мотивациялық кітаптардың манипулияцияға сүйенгенін байқаймыз. Біріншіден, автор әрдайым аты әйгілі тұлғалардың өмірінен мысал келтіреді. «Олардың қолынан келсе, сенің де жолың оңынан туады, бағың жанатынына кепілдік беремін» деп үміт ұялатады. Біз «Табандылық пен еңбекқорлық міндетті түрде жетістіктерге әкеледі» деген советтік заманның қалпында қалып қалғанбыз. Соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесі табысқа жету үшін бір талпыныстың өзі жеткіліксіз деген қорытындыға келді. Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Дэниел Канеман статистиканы талдап, брокерлік ұйымдардың бәрі тек болжамдардың сәтті болуымен мансапқа әкелгенін дәлелдеген. Экономист «Сіз қызметкерлерді қызметінде сәтті болжам жасағаны үшін марапаттайсыз» дегенді барлық саланың өкілдеріне айтады.

Екіншіден, психологиядан тек өз мақсатына тиімді жағын насихаттап, «Көңілді және жайдары бол!» деген сөздермен күйзеліс сезімін құлыптап ұстауға шақырады. Ал, адам миын зерттейтін нейробиолог Роберт Сапольскийдің айтуынша, ешбір адам өзінің эмоциясын қадағалай алмайды. «Кейде өзімізді қоғамда тұрпайы ұстаймыз немесе өзімізді жақсы етіп көрсетуге тырысамыз. Неліктен бір минут өтпей жатып мінез-құлқымызды қоғамға бейімдей бастаймыз? Мұны жүйке жүйесі басқарады. Миымыздағы сенсорлық ынталандыру аймағының көп бөлігі бейсаналы түрде, сіз рационалды шешім қабылдаған уақытқа дейін, керекті гормондарды бөліп, бір жасушадан екіншісіне таратып үлгереді. Яғни, адам тікелей сыртқы факторлар мен генетикаға тәуелді. Осы себептен өзінің санасындағы жағымсыз ойлардан ешқашан арыла алмайды. Ол миллиондаған ғасырлар бойы эволюциямен жыртқыштардан қорғану үшін қалыптасқан үрдістер», – дейді ол.

Қорыта айтқанда, өскелең ұрпақ капиталды көбейту мәселесіне аса мән беретіні қуантады. Неміс философы Фридрих Ницше «Шындық көп сөзді қажет етпейді, ал өтірікке бір томның өзі жеткіліксіз» деген екен. Адамның көңіліне нәр боларлық классикалық шығармалардан түйетін ойлар мен қанаттандыратын арман ұшан-теңіз. Себебі, онда басты кейіпкер өз әлемін өзгертуге деген өз мақсаты болса, оған қарсы тұратын кері идеология көзі болады. Екеуінің арасындағы арпалыс пен кикілжің тарихи және эмоционалды түске үйлесіп, соңына дейін жібермей отырады. Ал, мотивациялық кітаптың айтар сарыны мен мазмұны атынан белгілі және бірін-бірі көшіріп алған сыңарлар тәрізді. «Алма піс, аузыма түс» деген жастардың қарасы артып барады.

 

Жанел ӘБДІҚАЙЫМОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support