- Advertisement -

Қазақ ғылымының қайраткері

13

- Advertisement -

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдардағы Қазақстанның индустриялық дамуын тежеген қиындықтардың бірі – оның аумағының геологиялық тұрғыдан аз зерттелуі еді. Төңкеріске дейінгі уақытта көмірдің, мұнайдың, түсті металдардың, басқа да пайдалы қазбалардың аса бай қоры бар кен орындары туралы мәліметтер көп болғанымен, Кеңес өкіметіне дейін жер аумағының 94 пайызы мүлде зерттелмеген болатын. Сондықтан да, Қазақстанның кең-байтақ аумағын геологиялық жағынан жедел зерттеуге зор күш жұмсалып, 1928-1929 жылдары Геологиялық басқарма тарапынан 50- ден астам барлау партиясы Қазақстанның жер қойнауларын зерттеумен айналысты.

Қазақстанның экспедициялық- зерттеу жұмысы және ұлттық ғылыми күштерді даярлау мәселелері КСРО Ғылым академиясында бірнеше қайта қаралды. Тиісінше, ғылыми мекемелердің желісі мен зерттеу жұмысының ауқымын ұлғайту 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық қорын ұйымдастыруға мүмкіндік туғызды. Дәл осы жылдары Қаныш Сәтбаевтың белсенді қатысуымен Жезқазған өңіріндегі жер қойнауларының байлықтарын анықтау және игеру істері қолға алынды. Аса көрнекті геолог Қ.Сәтбаев терең білімді ғалым еді. Ол соғысқа дейінгі жылдарда Орталық Қазақстандағы ежелгі металлургияның ошақтарын ашып, орта ғасырлардағы тарихи және мәдени ескерткіштерді зерттеді. Айта кету керек, 1927 жылы Мәскеуде жас инженер Қ.Сәтбаевтың алғысөзімен ХІV ғасырдағы батырлық дастаны «Ер Едіге» басылып шыққан болатын. Осындай жоғарыда көрсетілген ірі жетістіктері үшін оған диссертация қорғауынсыз-ақ, 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссияның ұйғарымымен геология- минерология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.

Қазақстанның ғылыми әлеуеті Ұлы Отан соғысы жылдарында қауырт өсті. Соғыс ғылыми-зерттеу жұмысын ел қорғанысының мұқтаждықтарымен және қажеттіліктерімен барынша ұштастыруға мәжбүр етті. 1941 жылдың 5 қазанында КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің президиумы 1942 жылға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын қарап шығып, қорғанысқа қажетті металл кен орындарын, жергілікті шикізат пен отынды іздестіру бойынша экспедицияларды қо сымша жарақтандыру, химия өнеркәсібін дамыту мәселелерін шешу, ауыл шаруашылығы мал бастарын көбейту жөніндегі талаптарды орындау қажет деп шешті. Соғыс жылдарында барлығы 350-ден аса экспедициялық отряд ұйымдастырылды. Солардың бірінің жұмысы туралы Жаңатас қаласының байырғы тұрғындарының бірі, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген құрылысшы Аманжол Байқожаевтың е стелігінде: «Бала кезімде о сы төңірекке жоғалған түйені іздеп жүріп бір келгенім бар. Тау шыңына шығып, төңірекке көз жібердім. Анадайда түйелер көрінді. Сол үш-төрт інгенді ұстап шөгердім де, бір жартасқа отырдым. Әлгі тастың бір үгіндісін алып, тілге салып көрдім, ащылау кермек дәмі бар екен. Бұған көңіл қоятын кез емес еді. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында бір топ геологтар келіп, мені жолбасшы етіп алды. Мен бала кезімдегі осы бір оқиғаны айттым. Бұл оларды қызықтырмай қоймады. «Бізді сол жерге алып бар» деп тілек білдірді. Оларды сонда алып бардым. Сөйтсек, пайдалы тас болып шықты. «Жаңатас» деген сөз содан шыққан. Қазіргі күні сол тас сыры ашылып, игерілуде. Оның қоры мол. Шамамен жүз жылға жетеді. Оның үстіне минералдық тыңайтқыштың өзі жер бетінде жатыр. Жабық кеннен оның өте арзанға түсетіні белгілі. Сөйтіп, оны игеру ісі қолға алынды», – делінеді. Бұл жердегі геологтар тұрғысында айтар болсақ, олардың КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі дүркін иегері П.Л.Безруков пен дәл сондай мәртебеге иелік етуші Қаратау геологиялық зерттеу экспедициясының аға геологы А.С.Соколовтардың басқаруындағылар екендігі анық. Енді сол далада орналасқан Жаңатастың қалыптасу кезеңіне мән берсек, онда еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан жастардың бірі, алматылық комсомолец Азат Оспанбеков былай дейді: «Мен жұмыс істейтін учаскенің құрылысшылары тапсырманы асыра орындап жүр. Қазір біз фосфор сақтайтын қойма салуды қолға алдық. Бұл істі аяқтау үшін қызу еңбек етіп жатырмыз. Менімен бірге істейтін Геннадий Кокшин жолдастың сменасы бетон құю, жер қазу жұмыстарын атқарып жүр. Мұндай тамаша еңбек ерлерін мысалға көптеп келтіруге болады». Жас мастер Азат Оспанбеков туралы құрылысшылар аузынан жақсы сөз естідік. Ол қаладағы қойма торабының туннелі құрылысын басқарады екен. Бұл жұмысты биыл аяқтау керек. Өйткені, вагондарға руда тиеуді механикаландыру тек осы туннель арқылы ғана жүзеге асырылатын көрінеді. Ары қарай, Валентин Хан басқарған құрылысқа ауысайық. Мұнда аңызақ соғып тұр. Осыған қарамастан еңбек етіп жатқан адамдардың қимылына көз ілеспейді. Жас жігіттер мен қыздар бетон араластырып, оны тасуда. «Жас келсе – іске» дегендей, жалынды жастықтың қуаты о сындай істе байқалуда. Жүрек әмірімен осында келген едік. Күш-қайратымызды осындайда көрсетпегенде, қашан көрсетеміз. Амурдағы Комсомольск, Қаратаудағы Қаратау қалаларын біздің әкелеріміз бен ағаларымыз салған. Ал, біз Жаңатасты салып шығамыз. Бізден кейінгі ұрпақтар айта жүрмей ме», – дейді жас құрылысшы Геннадий Кокшин, тас қаланатын жерге қазық қағып жатып. Мұндай адамдар аз емес. Бәрі де жаңа қаланың іргесін қалаушылар. Еңбек дүбірі қаланың іші мен сыртында да қыза түскен. Химияның жаңадан іске қосылатын кәсіпорындарын салу да қос-қабат жүргізілуде. Ашық карьер жанында байыту фабрикасы, түрлі өндірістік объектілер салынуда. Бұл ретте, республикамызда өнеркәсіп құрылысы кең ауқымда қанат жайған елуінші жылдардың соңы мен алпысыншы жылдардың бірінші жартысында ірі кәсіпорындарды пайдалануға енгізудің салдарынан, атмосфералық ауаны ластау 2,5 есеге көбейгенін және осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу де қолға алына бастағанын айтуға болады.

Қарастырылып отырған кезеңде республиканың біршама табиғи ре сурстары анықталып, ол жерлердегі кен орындарын игеру қолға алына бастаған еді. Қаныш Сәтбаев еңбектерінің де басым көпшілігі рудалық кендер геологиясын және Қазақстанның минералдық ресурстарын зерттеуге арналды. Пайдалы қазындылардың болжам карталарын құрастырудың принциптерін айқындаудағы ғалымның еңбегі өте зор. Ол Одақтағы металлогения ғылымын жасаушылардың бірі және қазақстандық тау-кен мектебінің негізін қалаушы болып табылады. Қазақстандағы қара металлургияны дамытудың үлкен маңыздылығы бойынша қырқыншы жылдардың басында республика аумағында ірі металлургия зауытын салу мәселесі көтерілді. Сол кездері КСРО Ғылым академиясы қазақстандық филиалының геология институтында Қ.Сәтбаевтың бастамасы бойынша Қазақстандағы темір мен марганец кен орындарының геология-экономика сипаттамаларын беру және болашақ металлургия зауытының шикізат қорын әрі қарай ұлғайту жөнінде үлкен жұмыстар атқарылды. Қаныш Имантайұлы өзінің әріптестерімен бірге 1942 жылы осы зауытты салатын жерді белгілейтін Үкімет комиссиясының жұмысына қатысты. Олар сонда Қарағанды қаласының іргесіндегі Теміртау алабын таңдап алды. Тиісінше, республикада барлық ғылыми-зерттеу мекемелерінің жұмысын үйле стіріп отыратын ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Осы тұрғысында, кадрлар дайындау мәселесін айтар болсақ, көрсетіліп отырған жылы ре спубликаның жоғары оқу орындарына 3425 адам қабылданыпты. Ал, Қазақ тау-кен институты (қазіргі политехникалық университет) 1940-1945 жылдары 682 инженер дайындаса, соның 79-ы қазақтар болған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан, Орал, Батыс Сібір ресурстарын қорғаныс мұқтажына жұмылдыру мақсатымен құрылған КСРО Ғылым академиясының В.Л.Комаров басқарған комиссиясы Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің көптеген салаларын құру қажет екендігін айғақты фактілермен дәлелдеген болатын, ал оның жұмысына Қ.Сәтбаев белсене араласты. 1942 жылы күрделі деп бағаланған Қазақ КСР-індегі Жезқазған аймағының кен орындары бойынша еңбегі үшін Қаныш Сәтбаевқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

1943 жылы Қ.Сәтбаев КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі президиумының төрағасы болып тағайындалды. Академик бастаған геолог-ғалымдар Р.А.Борукаев, Н.Г.Кассин, М.П.Русановтар аса жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Соғыстың аяғына қарай олар 500- ге жуық кен орындарын ашып, вольфрамның, марганец, молибденнің, мыстың, мұнайдың, көмірдің және басқа да пайдалы қазбалардың 150 кенішін толық зерттеді және оларды өңдеуге өнеркәсіпке берді. Осы аталған адамдардың барлығына мемлекеттік сыйлықтар беріліп, Қ.Сәтбаев жеңістен кейін 1946 жылдың 1 маусымында салтанатты ашылу рәсімі өткен Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті болды.

Қырқыншы-елуінші жылдары ғылым мен мәдениетті идеологияландыруға барынша күш жұмсалды. Шығармашылық ахуалды сауықтыру жалауы астында, оны буржуазия ықпалынан, формализм мен ко смополитизмнен тазарту науқаны кезінде республиканың көптеген ғалымдары қатал сынға ұшырады. Осылай, Қазақстан К(б)П ОК буржуазиялық-ұлтшылдық пен саяси қателіктердің себебін «Қазақ КСР Ғылым академиямы мен оның президенті Қ.Сәтбаев БК(б)П ОК шешімдері мен жолдас Сталиннің идеологиялық мәселелер жөніндегі нұсқауларын орындамады. Олар кейінгі жылдары жиі байқалған, ғылыми қоғамдар тарапынан айтылған ескертпелерге құлақ аспады. Бұл ескертулер академия басшылары тарапынан назарға да алынбады, сын мен өзара сынға қысым жасалды» деп, академик, көрнекті ғалым Қ.Сәтбаев сынға алынды. Бұл қайыспас қайсар, ұлтжанды академиктен өш алудың басы еді. Әйтпесе, Қаныш ағамыздың өз ұлтының ұлық тұлғаларын ұлықтаған кезі аз болған жоқ. Соның бір парасын 1944 жылдың 19 қаңтарында КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлымен өткен әңгіменің стенограммасынан да байқауға болады. Қазақ ғылымы мен әдебиетінің және мәдениетінің марқасқалары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Сиранов, А.Жұбанов, Б.Сүлейменов, Ө.Оспанов, К.Мыңбаев, В.П.Строева, Г.Л.Рошаль, Ә.Марғұландар қатысқан басқосуда Қ.Сәтпаев: «Полковник Бауыржан Момышұлы сұрапыл шайқастарға қатысушы ғана емес, жетекші командир болды, сондықтан да оның әңгімелері бізге ерекше құнды. Бүгінгі жиналыста полковник Момышұлы айтқан мәнді де мазмұнды әңгімелерді өздерінің творчествалық жұмыстарына пайдалана алатын әдебиет, ғылым және өнер саласының өкілдері қатысып отыр, осылай, біздер гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының аса құнды әңгіме- лекциясын тыңдамақпыз», дей келе, Мәскеу үшін 1941 жылдың күзінде жүргізілген шайқастың Қазақстанның абыройы мен даңқын көтеруі себепті, осы оқиғаларды бәріміздің терең білуге тиіс екендігімізге нақты тоқталады.

1950 жылы Қ.Сәтбаевқа ғылыми кадрларды таңдауда ірі қателіктер жібергендігі көрсетіліп, «жағымсыз элементтерді» академия жүйесінен аластау ұсынылды. Қ.Сәтбаев арын сатудан бас тартып, өз қызметкерлеріне сырттай күйе жағушылармен келіспеді, кадрларды тазартуға бармады. Мән берер болсақ, 1950 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы республиканың ірі кешенді орталығына айналған болатын. Академияда төрт бөлімге біріктірілген 20 институт, 12 сектор жұмыс істеді. Сондай-ақ, академия құрамында 8 кешенді ғылыми зерттеу базасы, обсерватория, республикалық ботаникалық бау, іргелі ғылыми кітапхана, ғылыми журналдар мен монография шығаратын баспахана және тағы басқалар кірді. Академияның құрамында 1951 жылы 55 ғылыми мекеме жұмыс істеді, қызметкерлердің саны 200 адамнан асты, олардың ішінде 64 ғылым докторы, 275 кандидат және 200-ден астам аспиранттар болды. Бұл кезеңдерде ғылыми кадрлар жылдан-жылға өсіп, ғылымның дәуірлеу кезеңі байқалды. Жыл өткен сайын Ғылым академиясының зерттеу жұмыстарының тақырыптарында ірі кешенді халық шаруашылығы проблемалары зерделеніп, өнеркәсіптік жағынан маңызды аймақтардың даму мәселелері жан- жақты қарастырыла бастаған еді. Әрине, академиктің осындай іргелі де игілікті істерді бірге атқарып жүрген әріптестерін жүгенсіздердің жорықсыз айыптауларына бермеуі түсінікті де еді.

Сол кезде оқиға академиктің жеке басы төңірегінде өрбіді. Оның құрастыруымен шыққан «Ер Едіге» эпикалық поэмасы қатал сынға алынды. Ол Қаныш Имантайұлын қаралау үшін тілге тиек болды. Қ.Сәтбаевқа өз еркімен президенттіктен босатуын сұраған өтініш жазуға кеңес берілді. Академик мансапқорлықтан аулақ өзінің сүйікті ғылымымен айналысу үшін талай рет қызметін тастамақ та болған еді. Алайда, бұл жолы ондаған ғалымдардың тағдыры шешілгелі, Ғылым академиясының беделіне дақ түскелі тұрған шақта жоғарыдағылардың арандатуымен өзеуреген топтың дегенін орындаудан бас тартты. 1951 жылдың 23 қарашасында Қазақстан К(б)П ОК- нің Бюросы, академик Қ.Сәтбаевты президенттікке қайта сайланғанына екі ай өткенде қызметінен босатып, партия карточкасына жазылатын қатаң сөгіс жариялады. Сәтбаевты «партияға өткенде шыққан тегін жасырғаны, өзі редакциялауымен алғысөзін жазып, 1927 жылы баспадан шығарған Едіге фольклорлық басылымындағы жіберген қатесі және Қазақ КСР Ғылым академиясы кадрларын жат элементтермен былғағаны үшін» деген негізгі үш пункт бойынша кінәлады. Осы орайда Қаныш Сәтбаевқа «БК(б)П ОК-нің шешімдеріне кереғар әрекет жасай отырып, Е.Бекмахановқа көмектесті, оның Ғылым академиясының жетекші органы – «Қазақ КСР ҒА Жаршысы» журналында жариялануына жол берді» деген айыптаулар да таңылды.

Кейіннен Қ.Сәтбаев Қазақстан К(б)П ОК-нің бірінші хатшысы Пономаренконың атына өзінің партиялық жазасын алып тастау мәселесін қарауын өтініп хат жазды. Хатта: «Өзімнің өткен өмір жолыма, әсіресе кейінгі ес жиып азамат болған шағымдағы инженер, геолог қызметінде Жезқазғанда және Алматыда өткен соңғы 28 жылыма зер салсам, оның түгелдей және қалтқысыз жаныммен сүйетін Отанымның мүддесіне адал қызмет етуге арна лғанын ар а лдында жасқанбай айта аламын», – дейді де, одан әрі қызмет кезінде жіберген кейбір қателері мен олқылықтары болғанын растайды, алайда оның бір жаман пиғылдан еместігін және жұмыс барысында түзетіп отырғанын айтады. Шындығында да, ол өзінің көп жылғы жемісті еңбектерімен Қазақстанның геологиясы мен металлогениясын зерттеу тарихында терең із қалдырған еді. Жүргізілген жұмыстың ерекше мақсатқа бағытталғандығының және оның коллективті түрде атқарылуының және басқару ісінің бір орталықтан болуының арқасында 1953 жылдың басында Орталық Қазақстан бойынша көп материалдар жиналып, талдау жұмыстары, 1954 жылы алғашқы карталар макеттерін және жүйелендірілген металлогениялық болжам карталарының өзін жасау аяқталады. 1954 жылы Қ.Сәтбаев былай деп жазды: «Металлогениялық болжам картасы әр аймақтың геологиясы мен металлогениясы туралы біздің ұғымымыздың пирамидасының шыңы болуы керек». Қазақстандық металлогения мектебі осылай туды. Бұл дүние жүзінде алғашқы металлогениялық болжам картасы еді.

Қазақстан КП ОК Бюросы коммунист Қ.Сәтбаевтың жеке ісін қарап, академикке тағылған барлық кінәні негізсіз деп алып тастады. 1955 жылдың маусымында Қ.Сәтбаев қайтадан Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды. Бұл қызметті ол өмірінің соңына дейін атқарды.

1958 жылы металлогениялық болжам карталарының методологиялық негізін дайындағаны және оларды жасап шығарғаны үшін Қ.Сәтбаев бастаған бір топ қазақстандық ғалым-геологтарға Лениндік сыйлық берілді. Сонымен қатар, академиктің бастамасымен республикада тың игеру жылдарында тыңайған жерлерді игеретін аудандарды су және құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін Маңғышлақ, Мұғаджар және Торғай төңіректерінің т абиғи минералды ре сурст арын зерттеу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақ КСР Ғылым академиясы ғалымдарының тың және тыңайған жерлерді игеру ісіне қосқан үлестерін кеңестік үкімет жоғары бағалап, 1957 жылы олардың біразы жоғары үкімет наградаларына ие болып, ал Қ.Сәтбаевқа үшінші Ленин ордені берілді.

Мақаланы қорыта келе, ғалымның өзінің жеке басшылығымен Үлкен Жезқазғанды, Геологиялық ғылымдар институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясын лайықты деңгейге көтере алуымен қатар, тынымсыз зор еңбегінің, атқарған ауқымды істерінің нәтижесінде бүгіндегі еліміздің жоғары дамыған өнеркәсіп орындары – Қарағанды металлургия зауытының, Соколов-Сарыбай комбинатының, Атасу темір рудаларының, Алтай кен орындарының, Қаратау фосфориті мен полиметалл кен орындарының игерілуіне елеулі үлес қосқандығын айта аламыз.

 

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,

«Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support