- Advertisement -

Су қоймаларынан қауіп жоқ

20

- Advertisement -

Облысымыздың ең үлкен су қоймалары – Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ және Талас өзендерінің негізгі су көзі болып саналатын Киров су қоймасын толтыру бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Тасөткел су қоймасы бүгінгі күнге 94 пайызға толған. Техникалық жағдайына байланысты рұқсат етілген көлеміне дейін әлі 30 миллион текшеметр су қабылдай алады. Су өткізу қабілеті секундына 360, апаттық су өткізуі секундына 380 текшеметрді құрайды. Келіп жатқан су көлемі секундына 85, тасталып жатқан су көлемі 70 текшеметр. Су қоймасының барлық су өткізу мүмкіндігі секундына 740, ал түсіп жатқан су көлемі 85 текшеметрді құрайтынын ескере отырып, бүгінгі таңда еш қауіп жоқ екенін хабарлаймыз.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жамбыл облысының аумақтарында су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге қатысты өткен брифингте осылай деген «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров өңірдегі ірі су қоймаларының толтырылуы, сондай-ақ су тораптары бойынша соңғы деректермен бөлісті.

Асқанат Пернебайұлының айтуынша, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы бүгінгі күнге рұқсат етілген көлемінен 97 пайызға толған. Су өткізу мүмкіндігі секундына 36 текшеметр болса, апаттық су өткізу қабілеті 586 текшеметр. Келіп жатқан су көлемі мен тасталып жатқан су көлемі бірдей, секундына 15,9 текшеметрді құрайды. Су қоймасының барлық су өткізу қабілеті секундына 622 текшеметр, ал түсіп жатқан су көлемі 15,9 текшеметрді құрайтынын ескерсек, бүгінгі таңда қауіп жоқ екендігі анық. Қазіргі уақытта су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр.

– Қарақоңыз су қоймасы 99 пайызға толды. Мұнда су өткізу мүмкіндігі секундына 5 текшеметр, ал апаттық су өткізуі 130 текшеметр. Мұнда да келіп жатқан су көлемі мен тасталып жатқан су көлемі бірдей, секундына 6,19 текшеметр. Су қоймасының барлық су өткізу қабілеті секундына 135, ал түсіп жатқан су көлемі 6,19 текшеметрді құрайтынын назарға алсақ, қазіргі кезде еш қауіп жоқ. Қақпатас су қоймасы бүгінгі күнге 99 пайызға толған. Оның су өткізу қабілеті секундына 7,8 текшеметр болса, апаттық су өткізуі 150 текшеметр. Келіп жатқан су көлемі мен тасталып жатқан су көлемі секундына 2,8 текшеметр. Су қоймасының барлық су өткізу мүмкіндігі секундына 157,8, ал түсіп жатқан су көлемі 2,8 текшеметрді құрайды. Бүгінде 97 пайызға толған Ынталы су қоймасының су өткізу және апаттық су өткізу мүмкіндіктері де талапқа сай келеді. Мұнда келіп жатқан да, тасталып жатқан да су жоқ. Су қоймасы канал арқылы толатын болғандықтан, қауіптенуге еш негіз жоқ, – деді А.Қадыров.

Бұдан соң баяндамашы Бүркітті, Ақкөл және Жартас су қоймаларындағы ахуалды мәлімдеді. Бүркітті бүгінгі күнде 47 пайызға толған. Вегетациялық маусымға дейін көлге тиісті көлемде су жиналмау қаупі бар. Ақкөл көлі де небәрі 25 пайызға толған. Вегетациялық маусымға дейін мұнда тиісті көлемде су жиналмайтын болғандықтан, қазір көлге су жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал, 90 пайызға толған Жартас су қоймасының су өткізу мүмкіндігі секундына 3 текшеметрді, апаттық өткізуі 6 текшеметрді құрайды. Бүгінгі күні өңірдегі барлық су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр.

Асқанат Қадыров Қырғызстан мен Жамбыл облысымен шекаралас аумақтағы Киров су қоймасында судың толып кетуі жөнінде пікір білдірді. «Қазіргі кезде whatsapp мессенджерінде белгісіз біреулердің Киров су қоймасында судың толып кеткені жайында таратып жатқан ақпараты шындыққа жанаспайды. Қазір Киров су қоймасында 439 миллион текшеметр су бар, яғни 79,9 пайызға толып тұр. Оның су өткізу мүмкіндігі секундына 185, апаттық су өткізу қабілеті 220 текшеметрді құрайды. Бұл су қоймасының барлық су өткізу мүмкіндігі секундына 405 текшеметр, ал түсіп жатқан су көлемі 20,8 текшеметр екенін ескерсек, бүгінгі таңда одан келер қауіп жоқ, – деді спикер.

Сондай-ақ, Меркі, Аспара, Көксай, Ақсай, Қарақыстақ сияқты ішкі кіші өзендерден де елге келер қауіп байқалмайды.

– Бүгінде барлық су тораптары, су қоймалары бойынша сегменттік қақпаның жұмысы, қақпаның ашылып-жабылу режимі, қақпа көтеретін моторлардың майланып, жұмыс істеуі тексерілді. Филиалдың теңгеріміндегі барлық 7 су қоймасының жұмыс істеу графигі жасалды, су тасқынының алдын алу бойынша кезекшілік ұйымдастырылып, қатаң бақылауға алынды. Қазіргі уақытта су қоймалары транзиттік режимге ауыстырылды, – деді «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры А.Қадыров.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support