- Advertisement -

Қарғын судың салдарын жоюға күш салуда

11

- Advertisement -

6 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты қазақстандықтарға үндеу жариялады. Президент сөзінде көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апаттың салдарынан еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланғанын, Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылып, Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүргенін айтып, барлық құтқару жұмыстары өзінің тікелей бақылауында екенін жеткізген болатын.

«Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда. Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ, құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі», – деді Президент өз үндеуінде.

Артынша, Президенттің тапсырмасымен Республикалық штабқа жетекшілік ететін Премьер-Министр Олжас Бектенов бастаған Үкімет мүшелері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберілген болатын. Бүгінде өңірлерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың керек-жарағын шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІ ТҰРҒЫНДАРМЕН ЖӘНЕ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУДЕ

5 сәуірде Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау облысының Құлсары қаласын су басты. Ақпаратқа сәйкес 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимараты су астында қалды. Өзеннің атырауында су ағынын өткізу қабілетін арттыру үшін мұз жару жұмыстары, сондай-ақ жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Жем өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Доссор-Құлсары-Ақта» республикалық маңызы бар автожолының 103-104 километрінде су жүрді. Жылыой ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Өткен жексенбіде Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырау облысындағы жағдаймен танысып, су басқан Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Үкімет сайтында хабарланды. Олжас Бектенов қала тұрғындарымен сөйлесіп, олардың қабылданып жатқан шараларды күшейту бойынша сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, Жайық және Жем өзендеріндегі жағдаймен танысқан. «Жылыой және Қызылқоға аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Бүгінде Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілді. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы жағынан Жем өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Құлсары қаласын су басып, 28 551 адам эвакуацияланды», – делінген хабарда. Өңірде келетін су көлемін азайту үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылды, сондай-ақ өзеннің бойында орналасқан жасанды бөгеттер бұзылған. Бұл өзен арнасының бағытын өзгертуге және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге, оның Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін ұлғайтуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр, Республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов су басу қаупіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқан Шығыс Қазақстан облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі су тасқыны жағдайын тексеріп, төтенше жағдайдың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Облыстың Глубокое және Алтай аудандарының таулы аймақтарын тікұшақпен аралап, өзен алқаптарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелердегі жағдаймен танысты, сондай-ақ өңір әкімінің су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы баяндамасын тыңдады. Шығыс Қазақстан облысы аумағының басым бөлігінде жағдай тұрақты. Сондай-ақ, қыстың соңында қар қалың жауған Марқакөл, Катонқарағай, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандары – тәуекел аймағында. Өзендердегі су деңгейі әзірге қауіпті межеге жеткен жоқ, мұздың еруі енді басталды, ал таулы аймақтардағы су қоймаларында мұз қабатының жұқаруы байқалады. Алайда, болжам бойынша, облыста +19 градусқа дейін күннің күрт жылынуы күтілуде, сәуір айының ортасына қарай аймақта су тасқыны қаупі жоғарылайды. Олжас Бектеновке су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. «Қазір еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай бізден үздіксіз бақылауды талап етеді. Облыс аумағының 70 пайызын қалың қар басып жатыр, ал қар жамылғысындағы су қоры нормадан 2 есе артық. Бұл қауіптің әлі сейілмегенін көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, су тасқыны кезеңінде жағдайдың даму сценарийлерін қалыптастыру қажет. Қазір қолдағы болжамдарды ескере отырып, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Үкімет тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізуге барлық қажетті көмек көрсетілетін болады», – деп атап өтті О.Бектенов.

Өңірде жоғары дайындық режимі, төтенше жағдайды жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Жағдай ушығып кетсе, 1118 адамнан тұратын күштік құрылымдар, 315 техника жасақталып, 6 мың тонна инертті материалдар, 468 тонна жанар-жағармай, 43 мың қапшық дайындалған.

Премьер-Министр Өскемен және Бұқтырма ГЭС-ін де қарап шықты. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде. Бөгеттерде су деңгейі алдын ала төмендетіледі. Өңірде Қазақстандағы ең ірі Бұқтырма су қоймасы орналасқан. Қазіргі уақытта ол тағы 20 текше километр көлемінде өзен суын қабылдауға мүмкіндік береді. Болжалды мәліметтер бойынша, алдағы 3 айда 15 текше километрге дейін су келеді деп күтілуде. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірдегі жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.

Солтүстік Қазақстан облысына барған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірдің құрылыс және жол-құрылыс компаниялары өкілдерін су тасқынына қарсы шараларға көмек көрсетуге шақырды. Бұл туралы үкімет сайтында хабарланды. Компания өкілдерімен өткен кеңесте Роман Скляр бизнес өкілдеріне өңірдегі әлеуметтік және стратегиялық нысандарға төнген қауіптің алдын алу мақсатында су тасқынына қарсы жұмыстарды ұйымдастыру үшін шұғыл түрде бірлесе әрекет етіп, қолдағы барлық күш пен арнайы техниканы жұмылдыру қажет екенін атап өтті. Роман Скляр компания басшыларына техника мен адам күштерін тартудан бөлек, өздерінің де объектілердегі бақылау және үйлестіру жұмыстарының басы-қасында болуын тапсырды. Кеңесте вице-премьер Үкімет басшысы мен оның орынбасарлары су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру үшін өңірлерде жүргенін және жағдайды Президент жеке бақылауында ұстап отырғанын еске салды. «Қазір қаланы қорғау керек. Алдағы күндері осы міндетті ойдағыдай атқарғаннан кейін, көмек қажет болып жатқан өңірлерге, аудандарға ауысамыз. Сол себепті бәріміз бір адамдай жұмылып, су тасқынына қарсы жұмыстарға дереу кірісуіміз қажет. Баяу және ретсіз жұмыс істеуге болмайды. Барлық жұмысты орындауға үш күніміз ғана бар», – деді Роман Скляр.

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының орталығы қазір су қоршауында тұр. Облыс орталығына қатынайтын жолды су шайған, көпір апатты күйге түскен. 16 мың халқы бар ауданға понтон-көпір пайдалануға берілді. Төтенше жағдай жарияланған Ойыл ауданында су тасқыны кезінде көпірге зақым келіп, орталықпен байланыс қиындады. Енді әскери жылжымалы көпір жол қатынасы реттелгенше халықтың пайдалануына беріледі. Өңірде жүрген төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергеновтың айтуынша, мұндай шешім үш күн бұрын қабылданған. «Бір ай, бәлкім екі ай қажет болар. Жол жөнделгенше, көпір қалпына келгенше понтон-көпір осында болады. Жол қатынасы жоқ кішкентай ауылға қайықпен, вертолетпен жеткізіп тұрамыз. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 10 платформа, бір вагон берді. Жылжымалы көпірдің 60 тоннаға дейін көтеру мүмкіндігі бар, жүк көлігін, бірнеше жеңіл көлікті тасымалдай алады. Сағат сайын жүреді әрі халыққа да ыңғайлы», – деді С.Төленбергенов.

Аралда қалған аудан халқына әскери қызметкерлер 29 наурызда төтенше жағдай жарияланғаннан бастап көмекке келген. Ақтөбе облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының айтуынша, ауданға кіреберіс жолдың 350 метрін су шайып кеткен. Облыс орталығымен байланыстыратын көпір апатты жағдайда тұр. Су тасқыны кезінде 300 метрді құрайтын көпірдің екі тіреуі сыр берді. Бүгінде оның бір бөлігі пайдаға аспай қалды.

«ДҮРБЕЛЕҢГЕ ЕШ СЕБЕП ЖОҚ»

Кеше осылай деген Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте еліміздің облыстарындағы ағымдағы су тасқыны жағдайы туралы айтып берді. Атырау облысының Жылыой ауданында төтенше жағдай режимі сақталуда, Құлсары қаласында 2810 тұрғын үй су астында қалған, төтенше жағдай аймақтарынан 29 мыңнан астам адам эвакуацияланды. «Кеше және бүгін біз су басқан елді мекендерді айналып өттік. Бүгінде Жем өзенінің ағысымен Ақтөбе облысының шекарасына дейін өзендегі су деңгейінің төмендеуі байқалады, бірақ су әлі де 3-4 күн ішінде түсетін болады», – деді Қанат Бозымбаев. Сонымен қатар, Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі су деңгейінің болжамды көтерілуіне байланысты Ақтөбе облысының Елек өзені ағынының, Ресейдің Ирикли су қоймасынан төгінділердің жоғарылауына байланысты аймақтағы су басу қаупі әлі де сақталып отыр. «Мен облыс әкімдігіне мүдделі мемлекеттік ведомстволармен бірлесіп, екі күн мерзімде Жайық өзені бойынша алдағы су тасқыны болжамын аяқтау туралы тапсырма бердім. Біз Атырау облысындағы Жайық өзенінде және Атырау қаласының шекарасында су деңгейін 15-20 күннен кейін айтарлықтай арттыруды көздеп отырмыз. Дүрбелеңге еш себеп жоқ. Төтенше жағдай режимі Атырау облысында 15-20 күннен кейін келетін үлкен суға тез дайындалу үшін ғана жарияланды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Қанат Бозымбаевтың баяндауынша, Қостанай облысында 243 тұрғын үй су астында қалып отыр, автожолдардың 65 учаскесінде су тасқыны жалғасуда. Жол төсемінің 5 учаскесі және 1 көпірді су шайды. 7537 адам эвакуацияланды. Ақмола облысында 75 тұрғын үй су астында қалып отыр, автожолдардың 47 учаскесінде су тасқыны жалғасуда. 675 адам эвакуацияланған. Қарағанды облысында су тасқыны басталғаннан бері 41 үй су астында қалды. Су тасқынынан болған материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысында 262 елді мекенді су басу қаупі сақталуда. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері 581 үй су астында қалып, үйлерден су толығымен тартылды. Ақтөбе облысында 551 тұрғын үй су астында қалып отыр, автожолдардың 7 учаскесінде су тасқыны жалғасуда. 10 039 адам эвакуацияланды. Павлодар облысында 4 үй су астында қалды. Жолдың 1 учаскесінде судың толып кетуі жалғасуда. Абай облысында 22 үй су астында қалды. Шығыс Қазақстан облысында аумақтың көп бөлігі, яғни 63 пайызы қар жамылған. Су объектілерінде мұз жүре бастаған, өзендердегі су деңгейі шектік белгілерден төмен.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖАРИЯЛАНДЫ

6 сәуірде Қостанайда төтенше жағдай жарияланды. Қалада су тасқыны түстен кейін шарықтау шегіне жетті. Бұған дейін қалалық су тасқынына қарсы жедел штаб Қаратомар су қоймасынан су көп мөлшерде ағып кетуіне байланысты жағдайдың ушығып бара жатқанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты Қостанайдың жағалаудағы аймақтарын су басу қаупі төнді.

Атырау облысында да төтенше жағдай жарияланды. Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешімге облыс әкімі Серік Шапкенов 7 сәуірде қол қойған. «Ұлы Жем өзені арнасын бұру үшін жасанды бөгеттерді жару жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта өзен елді мекенге қауіп төндірмес үшін, қарғын судың деңгейін түсіру өте өзекті мәселе болып отыр. Осы ретте Жемнің бойында орналасқан жасанды бөгеттерді жару арқылы судың арнасын бұру жұмыстары басталды, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев 7-8 күн ішінде су тасқыны Петропавл қаласына жетуі мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ облыстың үш ауданына да қауіп төніп отыр. Қазіргі уақытта Сергеев су қоймасында су деңгейі 355 сантиметр, алайда әлі де су деңгейі көтерілуі мүмкін. Болжам бойынша, су деңгейі 4 метрге дейін жетеді. Бұл 3 аудан мен Петропавл қаласын су басу қаупін тудырады. Қ.Дүзелбаевтың айтуынша, ең күрделі жағдай 13 ауданның 8-інде байқалып отыр екен. Қар жамылғысы 38-ден 50 пайызға дейін деп бағаланған. 262 елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр.

БЕС ОБЛЫСТА 10 ЖОЛ УЧАСКЕСІН СУ ШАЙДЫ

Бұл туралы «Қазавтожол» ҰК» АҚ Telegram-дағы арнасында хабарлады. «2024 жылғы 7 сәуірдегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан 5 облыста (Ақмола, Атырау, СҚО, Павлодар, Қостанай) 10 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 3910 метр болатын су тасқыны болды», – делінген хабарда. Сондай-ақ, 7 облыстағы республикалық маңызы бар ұзындығы 801 километр 17 автомобиль жолында қозғалысқа шектеу қойылған. Тобыл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Қостанай-Жақсы-Қарабұтақ-Қостанай» тасжолының 4 километрінде жол бөлігін су алған. Ал, кеше «Қазақстанның тағы 7 жол учаскесінде су тасыды. Оның жалпы ұзындығы – 3130 метр», деп хабарлады «Қазавтожол» Telegram-дағы ресми арнасында. Ведомство ақпараты бойынша, 8 сәуірде Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 7 жол жүру учаскесінде су тасыды. Сондай-ақ, 6 облыстағы республикалық маңызы бар 13 автокөлік жолдарында 673 километрге созылатын жол қозғалысы шектелді. Қазір республикалық жолдарда 305 техника мен 357 адам жұмылдырылған.

МИНИСТРЛІКТЕР МЕН ӘКІМДІКТЕРГЕ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Атырауда Премьер-Министр Олжас Бектенов ауыз судың сапасы мен эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтуді тапсырды. Су тасқыны жағдайы тұрақталғанша өңірлерге жіберілген вице-премьерлердің су тасқынына байланысты қазіргі ахуал туралы баяндамалары тыңдалды. Бүгінгі таңда 10 облыста: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Қазір жалпы еліміз бойынша 15 пайыз, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40 пайыз аумақты қар басып жатыр. Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. Төтенше жағдай аймақтарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Сонымен қатар, отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты тыңдалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Оған қоса су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 1013 бас, оның ішінде 133 ірі қара малы, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды. «Су тасқынына қатысты жағдай өте күрделі. Президент су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін қойды. Қалалар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Тұрғындарды керекті нәрселердің барлығымен қамту керек. Бақылауды күшейтіп, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырамын. Ондай фактілердің жолын кесу керек. Қазір бірқатар өңірде залалды өтеу және өтемақы төлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысты бюрократияға салмай, жедел түрде мүмкіндігінше ашық жүргізу керек. Ешкім көмексіз қалмауы керек. Әкімдер жағдайды ерекше бақылауда ұстасын. Коммуналдық кәсіпорындар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Халыққа барлық қажетті қызметтерді сапалы және үздіксіз негізде көрсету қажет», – деді Олжас Бектенов. Премьер-Министр, штаб жетекшісі Олжас Бектенов мынадай тапсырмалар берді: Денсаулық сақтау министрлігі су басқан аймақтардағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды, атап айтқанда, ауыз судың сапасын бақылауды күшейтуі керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермей, үй және жабайы жануарларға қажетті ветеринариялық бақылауды қамтамасыз етуге тиіс. Ішкі істер министрлігі эвакуацияланған халықтың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Әкімдіктер эвакуациялық пункттердегі халықты қажетті заттардың барлығымен қамтамасыз етіп, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде оларды уақытша орналастыру мәселесін пысықтауы қажет.

ОБЛЫС ӘКІМДЕРІМЕН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСТІ

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Аталған облыстардың әкімдері Президентке өңірлердегі ахуал жайында, табиғи апатпен күресу және су тасқынының зардаптарын жою үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді. Аймақ басшыларының айтуынша, жалпы жағдай жіті бақылауда, табиғи апатпен күресу үшін адам күші де, техника да жеткілікті.

Жалпы алғанда, елімізде соңғы екі аптада аймақтарда су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, еріген қар суын сору, қапшықтарды инертті материалдармен толтырып, төсеу, каналдар мен арық жүйелерін, жағалауды нығайту, адамдарды қауіпсіз орындарға эвакуациялау жұмыстары күн демей, түн демей жалғасуда. Өз кезегінде тұрғындар мен волонтерлер, тіпті зейнеткерлер де, Президент өз үндеуінде атап өткендей, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», осындай қиын-қыстау кезеңде еліміздің басына түскен қиындықты еңсеруге кірісіп кетті.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support