- Advertisement -

Жүйелі жұмыс жалғасып келеді

12

- Advertisement -

Айтып келмейтін апаттың бірі су тасқыны елді әбден әбігерге салды. Қаншама қаржыға салынған тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жол, бәрі де аққан суға шайылып, жарамсыз күйге түсті. Баспанасыз қалған жұрттың жайы бәріміздің де қабырғамызға батты. Жұрт болып жұмылып, бәрі де қалпына келер. Әйткенмен, сынақ сабақ болып, қауіптің алдын алу шаралары бұрынғыдан да күшейе түсетініне сенеміз. Осы тұста Жамбыл облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қалай жүзеге асып жатқанын сараласақ. Елімізде су тасқыны басталған наурыз айының аяғында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарымен арнайы барып, танысқан еді.

Аймақ басшысы өзі көрген жағдайларды және қолға алған жұмыстарын жамбылдық жұртшылықпен әлеуметтік желі арқылы белсенді түрде бөлісіп отырады. Талас өзені жағалауының нығайтылуын да өз парақшасында жариялады.

«Еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алып жатқан су тасқыны баршаны алаңдатып отыр. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл аудандарының бірқатар елді мекендері өзен жағалауына жақын орналасқаны белгілі. Ондағы тұрғындардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс. Бұған дейін өзеннің 28 шақырымға жуық жағалауы бойынша нығайту жұмыстары атқарылған. Дегенмен, аралау барысында бірқатар аумақтарда жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы анықталды. Ол бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылдауды тапсырдым.

Жалпы, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында, ағымдағы жылғы бекітілген су т асқыны ке зеңіне дайындық жоспарына сәйкес, барлығы 1790 шақырым канал, 1833 шақырым арық, 437 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыстар тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді төсеу жүргізілді. Бүгінде су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-інен қауіп жойылып, 2 елді мекеннің қаупі төмендетілді, су басуға бейім 6 елді мекен бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда», – деп жазды.

Ірі су қоймалары пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеп жатқанын, облыстың барлық су қоймаларында тасқын сулар мен еріген суларды қабылдауға арналған қосымша көлемдер қарастырылғанын да жеткізді.

28 наурыздағы жағдай бойынша су қоймаларының толу деңгейі Тасөткелде (қазіргі кездегі техникалық мүмкіндігіне сәйкес есептегенде) 90 пайыз, Теріс- Ащыбұлақ 85 пайыз, Ынталы 88 пайыз, Ақкөл 20 пайыз, Қарақоңыз 99 пайыз, Бүркітті 29 пайыз, Қақпатас 58 пайыз, Чоң-Қақпа (Киров) 77 пайызды көрсеткен.

– Бұл шараларға қарамастан, қауіп- қатер жоқ деп қарап отыруға болмайды. Ауа райының кез келген жағдайына дайын болуға тиіспіз. Сондықтан облыстың аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне келтірілді. Тәулік бойы кезекшіліктер, таулы аймақтардағы су қорларын әуеден бақылау шаралары ұйымдастырылуда.

Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1 459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралдарынан тұратын күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды, – дейді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мәселелері бойынша кеңес өткізген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев төтенше жағдайлар департаментінің және салалық басқармалардың, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің есептерін тыңдады. Оларға нақты тапсырмалар берді.

– Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Біз нақты іс-қимыл жоспарына дайын болып, кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет етуіміз керек, – деген аймақ басшысы су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіру мен сапалы іске асыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Кеңес барысында сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов су тасқыны жағдайын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып, су қоймаларының толу деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп тұрғанын хабарлады. Оның берген мәліметіне қарағанда, төтенше жағдай туындаса, халықты қабылдауға арналған 396 пункті дайындалған.

Тәртіп тазалықтан басталатынына назар аударған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар су жүйелерін көзбен көріп, жағдайын бақылауға келер күні тағы да шықты. Жұмыс уақыты басталардан бұрын, таңғы сағат 07:00-де шығып, көпірлердің су өткізу мүмкіндіктерін тексерді. Бұл жолы каналдардың түбін тазалап, айналасын реттеуге жергілікті басшылардың көңілін аудартты. Осы аралау барысында «Қарасу» каналының жағалауы ыбырсып, қоқысқа толғанын көріп, қала әкіміне сенбілік ұйымдастыруға тапсырма берген болатын. Содан кейінгі сенбі күні Тараз қаласында көпшілік қатысқан тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзі де қатысып, көппен бірге қоқыс шығарып, каналдарды тазалады. Осындай іс-шаралар арқылы ағын судың бей-берекет жайылуының алдын алу көзделді. Ол тұрғындардың қауіпсіздігін қамти отырып, көктемгі көлбеу суды жаздың апшыны қуырар аптабында алқаптарға қолдануға үлкен көмек болмақ. Қиындықтан пайдалы жол табу үлкен жетістікке жеткізетінін күнделікті өмірде көріп те жүрміз.

Ел мекендеген аймақтардың маңайындағы су жүйелерінің, арықтардың су өткізу мүмкіндігіне тұрақты талдау және бақылау жүргізіп отыруды қала басшылығына облыс әкімі міндеттеп, жүктеді. Өзі де бұл жұмыстарды жеке қадағалауында ұстайтынын ескертті.

– Табиғатты таза ұстап, табиғи апаттардың алдын алу – біздің басты назарымызда. Өңірде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. 20 мыңнан астам адам қатысқан іс-шарада негізінен су жүйелерін тазалауға баса көңіл бөлінді. Жалпы, 2600 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған сенбіліктер барысында 809 шақырымнан астам каналдар мен арықтар, 1600 шақырым көшелер және скверлер және саябақтар тазаланды. Барлық аудандар бойынша бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Сондай-ақ, Тараз қаласындағы 8 каналды механикалық тазалау жұмыстары қолға алынып, «Сеңкібай», «Қапал», «Төрекелді», «Үшбұлақ», «Қарасу-1» және «Қарасу-2» каналдарын жөндеу жұмыстары жүзеге асады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында су тасқынының алдын алу, болдырмау негізіндегі жедел жұмыстар қазір де жалғасын тауып келеді. «Сақтансаң – сақтаймын» деген, апаттың алдын алу жұмыстары үздіксіз орындалып, нығая түссе, қауіптің де беті қайтарына сенеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support