- Advertisement -

Ұлттық киім ұлағаты

25

- Advertisement -

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда: «Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі – «Ұлттық киім күні» деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысының бұл сөзі көптеген мекемелерге серпіліс берді. Соның бірі – Тараз қаласындағы №29 Ю.Гагарин орта мектебінің ұжымы. Бұл білім ошағы әр аптаның жұма күнін «Ұлттық киім күні» деп жариялапты. Ұлттық киім кию тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге ұсынылған. Ал, қаржылай мүмкіндігіне байланысты ұлттық киім тіктіре алмаған оқушыларға мектеп формасымен келе беруге де рұқсат.

– Бүкіл сынып болып қазақша киім тіктіруге келістік. Барлық балаға бірдей етіп тіктірдік. Ата- аналар да, оқушылар да бұл шешімді қуана қабылдады. Балалар қазір әр жұманы асыға күтіп жүр, – дейді

6 «а» сыныбы ата-аналар комитетінің төрағасы Аида Өтеева.

Бұл – қуанатын үрдіс. Қазақтың ойшылы Абай Құнанбаев: «Киім кию салты арқылы адамның бойындағы мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады», –деген екен. Аталған мектеп оқушысы Аяжан Рауанқызы да ұлттық киім кию үрдісін қуанышпен қабылдағанын, бұл қазақы болмысымызға жақындай түсу екенін айтады. Ұлттық киім киіп жүргеннің ішінде көңілі толмай жүрген ешкім жоқ. Аталған мектептің директоры Ғалым Сламов:

– Осындай жақсы бастаманы жүзеге асырып жатырмыз. Мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылар дұрыс қабылдап, қолдап жатқанына көңілім толады. Әр бала өз халқының дәстүрін, киім үлгісін, түп тамырын біліп өскені жөн. Жоғарыда айтылғандай, кейбір көмекті қажет ететін отбасылардың киім тіктіруге шамасы келе бермейді. Алдағы уақытта ондай оқушылардың тізімін алып, демеушілердің есебінен ұлттық киім тіктіріп беру де ойымызда бар, – дейді.

 

Ақнұр ЗЕТУЛЛА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support