Есті сөз елге рухани олжа

Есті сөз елге рухани олжа
ашық дереккөз
Есті сөз елге рухани олжа
Дана Абай «Адам ата- анадан туғанда есті болмайды. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісінің өзі де есті болады» дейді. Хакім айтқандай, ХХІ ғасырдың Гомері атанған жырау Жамбыл Жабаев «Жамбыл – менің өз атым, халық – менің шын атым» дегені – даналықты сүйгені, халық дәстүрін құрметтегені. Осындай дана, көпті көріп, алысты болжай білетін бабаларымыз айтқандай, мен де бала кезімнен ел ішіндегі есті кісілердің сөзін тыңдап, олардың айтқан нақылдарын қойын дәптеріме жазып алуды әдетке айналдырғанмын. «Жырлағанмен не пайда, тыңдаушы баға бермесе...» дегендейін, міне, көпшіліктің қажетіне, жас ұрпақтың болашағына керек болып қалар деген ниетпен осылардың бірқатарын хатқа түсіріп, оны оқырманның назарына ұсынуды жөн санап отырмын. Ең алдымен, тәлім-тәрбиесін алған ұстаздарым туралы, олардан көрген үлгі-өнегелерім мен есте қалған есті сөздерін айтпақпын. Олар – Шейх Зүннін Қарақожаұлы, Мейірбек молда Масабайұлы, Қожағаппар Әлменбетұлы, Тілеуқұл Жұматайұлы, Нәзірқожа Варисханұлы, Әшенқожа Әлімбетұлы, Әлімқожа Сүлейменұлы, Оспанәлі Пешенұлы және Сатанқұл молда. Осы ұстаздарыммен қасиетті Жуалы ауданына алғаш имам болып келгенімде, мені сынап, сыннан өткізді. Содан кейін есті сөздерін айтты, мен оларды қағазға түсіріп жүрдім. Мен осында алғаш келгенде бұл кісілер өңірге қарасты бірқатар ауылдарда имамдық қызмет атқаратын. Алғаш қазіргі «Жуалы» көпшілік мешітінің құрылысын бастаған кезде жоғарыда аталған абыз ақсақалдар ақылдарын айтты. Жерлес жазушы Шерхан Мұртаза: «Сұңқар жемтігін шашып жейді, ал қарға жемтігін бауырына басып жейді. Бұл дегенің – сұңқар елім-жұртым да менімен бірге бөлісіп жесін дегені, ал қарға болса, өзім ғана жеймін дегені» деуші еді, жарықтық. Зүннін қожа ұстазым болса: «Сөзіңе біреу қарыздар болмаса, сөйлеме. Итке гауһартасты тастама. Ол оның гауһар екенін қайдан білсін? Көп сөйлесең, езбесің деп жек көреді, сөйлемесең, мылқау екен деп сөгеді» деп арыдан толғайтын. Әшен қожа қайтыс боларында өзінің құлпытасына: «Керуен көшіп барады, Нарменен түзеп атанын. Жарық дүние аман бол, Ағайын, құрбы-қатарым, Мүсәпір болған Әшеннің, Қайырлы қылғын сапарын», – деп жаздырып кеткенін жақсы білемін. Ал, тағы бір ұстазымның бірі Орыншал Айдосұлы: «Жігіт жеті атасына тартады, Жылқы сүрлеуіне тартады. Қасқырдан қасқыр туар қой жейтұғын, Иттен ит туады боқ жейтұғын. Сараңнан бермес туады, Қиықтан тұйық туады. Неше таудың сулары бәрі құяды теңізге, Қанша жақсы десең де, тартады екен негізге», – деп айтушы еді. Марқұм аудандағы қазыналы қариялардың, оның ішінде аудан орталығында тұратын ақылман ақсақалдармен бірге жүріп, олардың тәлім-тәрбиесін алып, есті сөздері мен ақылын тыңдағаныма өте қуаныштымын. Сондай-ақ, Әбдікерім Жолдасов, Төлеу Қожабергенов, Алдаш Алтынсарин, Айдарбек Айтубаев, Төлбасы Есмұрзаұлы, Шәртай Кенжебеков және Мұсатай Апбасұлы сияқты ақылман ақсақалдармен көп араласып, өнегеге толы өсиет сөздерін тыңдау және оны кейінгі ұрпаққа жазып қалдыру бақыты бұйырған екен маған. Оған мың да бір шүкір! Алдаш ақсақалдың: «Жарға біткен жаңғақты жаннан безген жан жейді, қабырғадан саз кешіп жүк сүйреген нар жейді. Өлген қайтып келмейді, алғанын Алла бермейді, сабыр қылсақ керек-ті», – дегені әлі есте. Төлеу атаның: «Бұл дүниеде екі ғанибет бар. Бірі – дидар ғанибет, екіншісі – несібе ғанибет» дегені де есімде қалыпты. Айдарбек ата да өз сөзінде сонау бір жылдары Ақсайдағы мешітте молдадан дәріс алғанын, одан кейін қазіргі Көлбастау (бұрынғы Евгеньевка селосы) ауылында Бауыржан Момышұлымен бірге оқығанын айтса, Төлбасы ақсақал келіндерге үнемі орамал тағып жүруін және шаштарының тамаққа түсіп кетпеуін қатты қадағалайтын. «Тамаққа шаш түсіп кетсе, одан періште қашады», – дейтін. Шәртай және Мұсатай марқұмдар отырған жерінде адамдарды күлдіріп отыратын. Бірақ, өздері күлмейтін. Олармен де жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болып, жақын араласқан жайым бар. Қадірлі оқырман! Мен мұның барлығын не үшін айтып отырмын? Сөз басында мысалмен келтіргендей, есті сөздерді ескеріп жүрген адамның өзі де есті болмақ. Есті болу дегеніміз не? Ұрпақ есті болса, сапасы артады, елдің де іргесі берік болып, сөздің қадірін өзінің қадірін түсінетіндей жаңа буыны өсіп- жетіледі. Бұл – өте маңызды мәселе. Жас ұрпақтың иманы берік болса, есті сөздерді ескеріп жүруі – ең біріншіден, үлкендерге, аға буын мен ақсақалдардың тәлім-тәрбиесіне байланысты.  

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,

«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, аудандық билер кеңесінің мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар