- Advertisement -

Автожолдардың ауқымы кеңейіп, сапасы артады

24

- Advertisement -

«Жол азабын жүрген білер» дейді халық. Қарым-қатынасты жалғайтын жолдың жайын, әсіресе қарапайым халық жақсы біледі. Билік өкілдерінің тұрғындармен кездесулерінде де, әлеуметтік желілерде де жолдың жайы көп айтылады. Әйткенмен, белгіленген межеге қарай уақытымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл барлығы 278 жол жөндеу жобалары жүзеге асырылмақ. Оның 469,5 километріне құрылыс жүргізіліп, қайта жаңғырту, орта жөндеумен қамтылады.

Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 19,8 миллиард теңге қарастырылыпты. Бөлінген қаражат есебінен 19,7 километр көше жолдарына құрылыс жүргізілмек. Ол «Бурыл А,Б,В», «Барысхан», «Радай» көпірінде іске асады. Ал, 3 километр жол Тараз қаласындағы Шостакович, Саңырық батыр және Қаратау қаласындағы 3 көше қайта жаңғыртылады. Ал, 446,8 километр жолды орта жөндеумен қамту жоспарланған. Оның ішінде 90,7 километрі облыстық маңызы бар автожолдар болса, 64,6 километрі аудандық маңызы бар автожолдар. 314,2 километрі елді мекен көшелері.

Жоғарыда аталған 278 жол жөндеу жобасының 27-сі, яғни 155,3 километрі «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында, 166 жобадағы 196,1 километрі «Ауыл – ел бесігі» жобасымен, 5 жобадағы 21,5 километрі «Өңірлерді, облыс орталықтарын дамыту» бағдарламасымен, 3 жобадағы 1,2 километрі «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен, 77 жобадағы 95,4 километрі жергілікті бюджеттер арқылы іске асырылғалы отыр. Жалпы, 2024 жылы «жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішін 99 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу көзделуде.

– Облысымыздың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары 4338 километр болса, елді мекен көшелерінің желісі 5662 километр, барлығы 10 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 1198,5 километрі республикалық маңызы бар, 1756,2 километрі облыстық маңызы бар, 1383,3 километрі аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Елді мекендер көшелерінің желісі – 5662 километр. Өткен жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 24,9 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаражат есебінен Тараз қаласындағы Барысхан, Бурыл алаптарының 7 километр жолына құрылыс салынып, Тараз қаласының Шостакович, Саңырық батыр, Қаратау қаласының Шахтерская, Б.Момышұлы көшелерін құрайтын 9,6 шақырым жол қайта жаңғыртылды және 786,4 километр жол орта жөндеуден өткізілді. Мұндағы 143 километрі облыстық, 88,3 километрі аудандық маңызы бар автожолдар болса, 571,7 километрі елді мекен көшелері. Барлығы 500 жол жөндеу жобалары іске асырылып, 803 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеумен қамтылды. Атап айтсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен 33 жобада 231,3 километр, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 234 жобада 272,1 километр, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 5 жобада 12,3 километр, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен 2 жобада 4,3 километр және жергілікті бюджеттерден 226 жобада 283 километр жолға тиісті жұмыстар жасалды», – дейді басқарма басшысы Мұрат Құттыбайұлы.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы облысымызда «жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткіші 98 пайызды, елді мекен көшелерінде 85 пайызды құраған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support