- Advertisement -

Басты саланың басым бағыты

15

- Advertisement -

Жуалы ауданы халқының негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Мал және мал өнімдерінен тұратын өндіріс көлемі де соңғы жылдары біршама артқан. Бүгінде мал өндірісінен алынатын сүт және ірімшік өнімдері ауданның ғана емес, облыстың негізгі азық-түлік қорына еніп үлгерген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.

Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызының айтуынша, жоба аясында 67 жас өз жеке кәсібін ашқан. Осының есебінен мұнда жұмыссыздар саны 30 адамға, ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 13-ке төмендеген. Мәселен, өткен жылы 20 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болса, осы жылдың бірінші тоқсанында жеті отбасы ғана қалған.

Өз отбасын жоба аясында жұмыспен қамтып отырған жастың бірі – Достияр Шопанбаев. Ол «Достияр» жеке кәсіпкерлігін ашып, несиеге алған 4,5 миллион теңгеге 60 бас қой, оған қажетті жем-шөбін түгендеп алады. Сөйтіп, мал бордақылау бағытында жұмысын бастап кеткен.

– «Ауыл аманаты» жобасының халыққа берер көмегі мол. Байқағаныңыздай, жоба аясында төмен пайызбен несие рәсімдеп, жеке кәсіпкерлікке бет түзегендер қатары ауылда артып келеді. Бұл жобаның тағы бір тиімді тұсы, оны төлеуде бір жылға демалыс берілген. Осы уақыт ішінде айналым қаражатын толтырып, қор жинақтауға мүмкіндік тумақ. Қазіргі таңда қойды үш топқа бөліп бордақылаудамын. Олардың күнделікті күтімі, әрине оңай шаруа емес. Бабын тапсаң ғана мал қоңды болады. Несиеге алынған малдың бордақыға қойылғанына да бес ай болды. Алдағы аптада базарға шығарып, орнын қайта басқасымен толтырып, айналымға жіберетін боламын, – дейді ол.

Сол сияқты кәсібін жаңа бастағандардың қатарында мал бордақылап отырған Қуаныш Сәрсеқұлдың да жұмысы жолға қойылған. Ол малды ауылда өскендіктен шаруаның жайын жақсы білетінін айтты. Бүгінде ол «Ұлдана» шаруа қожалығын ашып, жұмыс істеуде. Несие алмай тұрып, жаңадан қора-жай соғып, кәсібін бастауға тыңғылықты дайындалыпты. Несиеге берілген 7 миллион 800 мың теңгеге ол 12 бас жылқыны жемшөбін сатып алып, ет бағытында жұмыс істеп келеді.

– Ауылды жерде мал ұстап, мал басын көбейту қиын. Сондықтан бүгінгі таңда өзім білетін көп жас бордақылаумен айналысқанды жөн көреді. Өйткені, бұл істе табыс бар. «Ауыл аманаты» жобасының біздің округке енгенін асыға күткен адамның бірі мен едім. Бірінші болып өтініш тастап, өзім үйреніп, біліп қалған кәсіпті жандандыруға күш салдым. Бүгінде жылқы етіне сұраныс көп. Одан түсетін пайда да жақсы. Сол себепті еңбектеніп, несиені уақтылы төлеу үшін әрекет етудемін. Иелігімде азын-аулақ техника бар. Жалпы, еңбек еткен адамға қазір мүмкіндік көп. Кәсіп ашу үшін мемлекеттен осындай қолдау болса жеткілікті. Осы қолдауды тиімді пайдаланып, тұрмыстық жағдайымызды түзеп, кәсібімізді алға жылжыту үшін еңбек етемін, – дейді кәсіпкер.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support