- Advertisement -

Құрдымға құлдилатқан қауіп

27

- Advertisement -

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Жайық жағасында өткен Ұлттық Құрылтайда халқымыз үшін маңызды мәселелер көтеріліп, құндылықтарымыз тағы ұлықталды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев бұл жолы да қоғамның дертін дөп басып танып, әлеуметтік маңызы бар жалпыхалықтық қозғалысқа айналып бара жатқан түйткілдердің түйінін тарқатты. Құрылтайда тұрмыстық зорлық-зомбылық пен лудомания, нашақорлық, көп әйел алу, қыз алып қашу, ысырапшылдық сынды бірқатар өзекті мәселелер жайлы айтылды. Соның бірі – ұлт болашағы саналатын жастардың зиянды әдеттерді жанына серік етіп, насыбай атуға деген әуестігінің артқаны.

Жалпы, насыбай ату гуманитарлық құндылықтары мен моральдық принциптері үстемдік құрған XXI ғасырға жат қылық екені анық. Президент Қасым- Жомарт Тоқаев та мұны ұлттық менталитетке орасан зор зиян келтіретін қатер санап, бұған мәдениетсіздік деп баға берді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда: «XXI ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал, біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен», деп аталған бағытта заң жобасына түзету енгізілетінін жеткізді.

Негізінен насыбайды ату мен таратуға ел аумағында 2015 жылдан бастап тыйым салынған. Ол үшін арнайы заң жобасы бекітіліп, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Мәселен, зиянды өнім саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал, шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіш есебінде жүзеге асады. Бұл дегеніміз 73 840 теңге. Алайда, аталған тауар түрінен түсетін табыс көлемі тым жоғары болса керек, саудагерлер мұндай шектеулерді шыбын шаққан құрлы көрмейді. Олай деуімізге қала көшелерінің қалтарысы мен бұлтарысында қиылысы мен бұрылыстарындағы «қақырынып-түкірінгендер» қатарының азаймай тұрғандығы себеп. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар мен колледж студенттерінің зиянды өнімге тәуелділігі басымырақ. Психолог мамандар мұны жасөспірімдердің өтпелі кезеңіндегі қараусыз қалуынан, еліктеушіліктен туындайтын мәселе екендігін айтады. Тіпті, осы жастағы жеткіншектер мұны жеке тұлға болып қалыптасудың, жетіліп-толысқандықтың белгісі санап, еркіндіктің символикасы ретінде де елестететін көрінеді.

– Жасөспірім жас адам өмірінің ең күрделі кезеңдерінің бірі. Негізінен 10-15 жас аралығын қамтитын осы өтпелі кезеңде жеткіншектер бойында психологиялық-биологиялық жетілу процесі жүреді. Тиісінше, осы аралықта жастар өзінің жақын адамдарына еліктей бастайды. Сол арқылы зиянды әдеттерді де қатар сіңіріп, вейп пен есірткі өнімдерді, темекі мен насыбайды тұтынып бастайды. Әуелі қызығушылықтан туындаған осы бір әдет кейіннен бірте-бірте тәуелділікке ұласады.

Сонымен қатар, мұнда заманауи трендтердің ықпалы зор екендігін естен шығармау керек. Күнделікті смартфонға телмірген жастар жағымсыз қылықтардың басым көпшілігін сол арқылы сіңіреді,–дейді облыстық жастар денсаулық орталығының жоғары дәрежелі психологы Гүлзира Қалдыбаева.

Маманның айтуынша, осындай қауіпті тенденцияның алдын алу бағытында орталық қызметкерлері қала мектептерінде жүйелі жұмыс жүргізіп отырады. Егер білім ордаларында жетілемін деп жаңылысқандар табылса, бір ғана адам емес бүкіл топқа түсіндірме жүргізіліп, кеңес беріледі. Өйткені, жасөспірім жастағылардың басым көпшілігі өз ортасының ықпалынан өмірлік жолынан адасатын көрінеді.

Бүгінде насыбай сатып, оны тарататындарға шектеу болғанымен, өнімді тұтынатындарға аса бір жауапкершілік қарастырылмаған. Зиянды өнімді өз қажетін өтеуге жарататындар мұндайда тұлғалық тәуелділігін ұлт тарихымен байланыстырып шыға келеді. Көбісі кейбір танымал тұлғалардың да шақша атып, сана сергіткендігін алға тартады. Тіпті, кейде ақын-жазушылардың шақша туралы өлең-жырларын тауып алып, жаттап та алады. Осылайша, өзін-өзі ақтап алуға тырысып, құрдымға құлдилай береді.

Дегенмен, ол замандағы шақша құрамы мен бүгінгісін салыстыруға келмейтіні анық. Зиянды өнімнің қалай жасалатыны жайлы да ел аузында алып-қашпа әңгіме көп. Бір білеріміз, бүгінгі насыбайдың құрамында адам ағзасына пайдасын тигізе қоярлық ештеңенің жоқтығы. Мұны онколог мамандар да растап отыр.

– Насыбайдың құрамында біз танып-білмеген, зерттеп үлгермеген әртүрлі химиялық заттар бар. Өйткені, аталған өнімнің нақты бір дайындалу жолы жоқ. Соған қарамастан оның зияндылығы әлдеқашан дәлелденген. Ол ауыз қуысы, өңеш, асқазан обырына себепкер болатын бірден-бір зиянды зат. Көбіне аталған дертке насыбай ататын болғандықтан, ер-азаматтар шалдығып жатады. Алайда, біз диагнозды тап насыбайдан деп қоя алмаймыз. Өйткені, науқастар да насыбай аттым деп мойындай бермейді. Онкологиялық аурулардың басты қоздырғышы арақ, темекі, насыбай болып келеді. Аталған зиянды заттар адам ағзасындағы жасушалардың қалыпты жағдайын бұзады. Осылардың ішінде ең қауіптісі – насыбай. Бір қарағанда арзанқол заттың залалы өте зор. Насыбайға қосылған ауыр металдар да бүйрек және бауырдың улануына алып келеді, – дейді «Мейірім» медициналық орталығының онколог дәрігері Бақытжан Мұсаев.

Бұдан бөлек, еуропалық ғалымдар зиянды өнімнің құрамында никельдің қалыпты жағдайдан 5 есе, хромның 17 есе, қорғасынның 38 есе көп екенін анықтаған. Сол арқылы насыбайдың тіс эмалін зақымдап, дүниеге келер ұрпақтың денсаулығына да кері әсер беретінін байқаған. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында кәрі құрлық елдері 90 жылдардың басында-ақ шақшаға тыйым салған. Ал Орта Азия елдері арасында алғаш болып 2008 жылы Түркіменстан насыбай өнімдерін сатуға, таратуға заңмен шектеу енгізген.

Елімізде де бұл бастама 2015 жылы қолға алынғанымен, жағымсыз әдетті жұқтыратындар қатары азаймай тұр. Жастардың да шақшаға әуестігі қоғам дертін одан әрі ушықтырып отыр. Бұл мәселе бүгінде Мемлекет басшысының назарын аудартып, Ұлттық Құрылтай мінберінде де айтылуының мәнісі осында.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support