- Advertisement -

Жас шахматшылар кездесті

18

- Advertisement -

Тараз қаласында жасөспірімдер арасында классикалық шахматтан Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. Қазақстан шахмат федерациясы мен облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған жас шахматшылар жарысы бірнеше күнге жалғасып, жеңімпаздарын марапаттаған салтанатты жабылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Жасөспірімдерді бос уақытын тиімді пайдалана отырып, спортпен шұғылдануға тартуды мақсат еткен бұл сайыста ұлдар мен қыздар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше категорияларда бақ сынасты. Нәтижесінде, үздік шахматшылары олжалаған медальдар саны бойынша Алматы қаласы І орыннан көрінді. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен қатысқан 325 баланың арасынан жалпы 24 үздік ойыншы жеңімпаз атанды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын сақтауға қолдау көрсетіп келеді. Спорт саласына бөлінген қаржы мен ел ішінде спорттық нысандардың жыл санап артуы осы сөзіміздің дәлелі. Өңірде өткен жылдың өзінде 14,2 миллиард теңге бөлініп, облыстық спорт кешені халық игілігіне берілсе, биыл тағы 13 нысанның құрылысы аяқталады. Атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде 992 мыңнан астам облыс тұрғындарының 40 пайызы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бүгінгі жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан жас шахматшылар келіп, бақ сынасты. Жамбылдық жанкүйерлер қашанда дүбірлі жарыстарды зор қуанышпен, үлкен құрметпен қарсы алады. Бұл жарыстың Тараз жерінде өтуі біз үшін мәртебе, аса үлкен жауапкершілік. Осындай жоғары деңгейдегі іс-шараны өткізу облыстағы шахмат спортының дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Спорттың бұл түрін қолдауға баса мән беріп, оны дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов мырзаға алғыс білдіреміз. Сондай-ақ, бұл спорттың елімізде қарқын алуына әлемдік аренадағы үздіктер қатарындағы шахматшы аруларымыз Жансая Әбдімәлік, Динара Садуақасова, Бибісара Асаубаева және жамбылдық Мадина Дәулетбаеваның еңбектері зор, – деген аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы жарысқа қатысқан барлық ойыншыларға сәттілік тіледі.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов та сөз алып, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыс әкімдігіне және жамбылдық жұртшылыққа алғысын білдіріп, тарихи шаһар Тараздың меймандостығына ризалығын жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан шахмат федерациясы елімізде шахматты дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді. Өткен жылы қыркүйекте аталған федерация Қазақстанның 42 мектебінде «Шахмат негіздері» білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. 2024-2025 жылдары бұл тәжірибені 350 мектепте тарату жоспарлануда. Аталған мектептердің бастауыш сынып педагогтері үшін «Шахматты оқыту әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша оқыту семинарлары тұрақты өткізіліп келеді. Федерация мемлекеттік мектептерді жасақтау мақсатында шахмат және техникалық құрал-жабдықтарды сатып алып, аталған мектептерде мұғалімдеріне қолайлы болуы үшін әлем чемпиондары Владимир Крамник пен Хоу Ифаньның қазақ және орыс тіліндегі бейнесабақтары, дайын өздігінен және бақылау жұмыстары бар chess class тұғырнамасы жасалып, енгізілген. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, «Бастауыш сыныптарда шахматты оқыту әдістемесі» педагогтер біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы жасалған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support