- Advertisement -

Ұлағаты мол ұлы күн!

19

- Advertisement -

Ықылым заманнан исі мұсылманның ортақ мерекесіне айналған Наурыз мейрамын тойлау ауқымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Мейрамды лайықты мерекелеу мақсатында 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланып, оның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналғаны белгілі. Жамбыл жұртшылығы да ғасырлар тоғысында түрлі тоқыраудан аман қалып, бүгінге бүтін жеткен Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтті.

Әулиеаталықтар жылдағы дәстүр бойынша биыл да орталық алаңда жиналып, арнайы мерекелік бағдарламаны т амаша лады. Биылғы бағдарлама жылдағыдан өзгерек екенін көпшілік алғашқы қойылымнан ақ аңғарғандай. Ең әуелі жұртшылық алдына дауылпаз үнімен жаршылар шығып, «Күн оянды, Ұлы Тұран оянды! Ұлы Жібек жолымен қасиетті Әулиеата жеріне Ұлы көш келеді!» деп ұрандата сүйіншіледі.

Жаршылардың хабарлауынан кейін сахнаға бірден тарихшы Абыз шығып, Ұлы көшті кезең-к езеңімен таныстырды. Е ң алдымен сақтар мен ғұндардың көші жүріп өтті. Ізінше Қарахан дәуірі, одан кейін Қазақ хандығындағы Керей мен Жәнібек, Абылай хандар, сал-серілер көші көпшілікке сәлем берді. Артынша Абай мен алашордалықтар сән- салтанатымен жүріп өтсе, одан кейін Бауыржан Момышұлы бастаған Жеңіс көші шығысқа бет түзеді. Тарихи тізбекті мәдени майданның жауынгерлері болған Кенен, Нұрғис а, Шәмшілер жалғады. Ұлы көштің соңғы легін Жамбылдан шыққан тәуелсіздік тарландары түйіндеді. Тарихты баяндаған Абыз өткеніміз алтын әріппен жазылған кітапты болашақтың бастауындай болған жас өскін балаға табыстап, ендігі көш жас ұрпақтың еншісінде екенін жеткізді.

Осындай мазмұнды қойылымнан кейін с ахнаға шыққан балалар хоры «Наурыз» әнін шырқады. Артынша мерекенің басты нышанына айналған Қыдыр ата шығып дүйім елге ақ батасын берді. Батадан соң қолында бүркіті бар құсбегі аяғына көк байрағымыз байланған қыранның томағасын шешіп, көкке ұшырды. Көпшіліктің рухын оятқан осындай көріністен соң мерекелік іс-шараның негізгі бөлімі басталып, алғашқы сөз облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке берілді.

– Әз Наурыз – ізгілік пен жақсылыққа үндейтін, достық пен келісімді нығайтатын жалпыхалықтық мереке. Бұл күн – халқымызды татулыққа шақыратын береке-бірліктің символы. Ұлыстың ұлы күні ұлттық дәстүріміз көрсетіліп, ұлтаралық достық, қонақжайлық салты дәріптеледі. Халқымыз бұл уақытты жыл басы, жаңа күн деп есептеп, ізгі ниетпен қарсы алады. Биылғы Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес елімізде жаңаша сипатта аталып өтуде.

Наурызнамаға сәйкес 14 наурыз – «Көрісу» күнінен басталды. Елімізде әр күннің тақырыбына сай мерекелік іс-шаралар кең көлемде өтуде. Ел Президенті Наурыз мерекесінің маңызына күні кеше Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда тағы да ерекше мән беріп, «әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз» деп атап өтті, – деді Ербол Шырақпайұлы. Сондай-ақ, аймақ басшысы биылғы Наурыз мерекесінің ерекшелігіне айрықша тоқталды. Биыл Жамбыл облысындағы Наурыз думаны өңірде алғаш рет өтіп жатқан «KazAgro Zhambyl» халықаралық көрме-форумымен қатар тойлануда. Форумға арнайы Түркі Мемлекеттері Ұйымының ауыл шаруашылығы министрліктері және Қытай, Венгрия мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Аталған ауқымды іс-шараның меймандары орталықтағы мерекелік салтанатқа арнайы қатысып, әулиеаталықтармен мерекелік көңіл- күймен бөлісті.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған ауқымды Наурыз тойына қазақ эстрадасының танымал өкілдері Ернар Айдар мен Наркенже Серікбаева да арнайы атбасын бұрыпты. Олар көпшілікке әннен шашу шашып, әулиеаталық жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазақтың дәстүрлі әндерін жаңа бағытта шырқап, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп жүрген «Алатау серілері» тобы да осынау думанның бел ортасынан табылып, жамбылдықтардың рухын оятты. Бұдан бөлек, мерекелік шарада көпшілік «Топжарған» этно-мәдени орталығының спортшыларының ұлттық және жауынгерлік ойындарын тамашалады. Жұртшылық, әсіресе 100 метрде 12 секундта түйе үстінде жамбы атып, үш нысанаға тигізіп, 2023 жылы Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген мерген қыз, Жамбыл облысының түлегі Аружан Амангелдінің өнеріне ерекше қошемет көрсетті. Одан әрі мерекелік іс-шара облыстық филармония әншілерінің думанды концертіне ұласты.

Ұлыстың ұлы күніне жиылған жұртшылық мерекелік думаннан бөлек, Төле би көшесінің бойын жағалай тігілген киіз үйлерді аралап, ұлттық болмысымызға негізделген дәстүрлерімізге қанықты. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған топ әр киіз үйге арнайы бас сұғып, көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап шықты. Орталыққа арнайы қос алтыбақан құрылып, жамбылдықтар мәре-сәре күй кешті.

– Жылдан жылға ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының ауқымы ұлғайып, он күн тойланып, ұлттық негізіміздің қайта тамыр жайып жатқаны ерекше қуантады. Самарқанның көк тасы еріп, күн мен түн теңелетін осы мейрамда қым-қуыт қыс мезгілінде табиғаттың тосын мінезінен әбден шаршап, қалжыраған жұрттың бауырын жазып, бір-бірімен сағына қауышатын шағына тұспа-тұс келетіні өз алдына бөлек қуаныш. Одан бөлек, биылғы мереке қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келіп, маңызы екі есе артып кетті. Мерекеде бала-шағамызды жетектеп, орталыққа қарай асығатынымыз бар. Биылғы думан өз алдына ерекше болды. Ұлттық ойындарымызды жақыннан тамашалап, қалада түйе көрмейтін балаларымыз мәз-мейрам болды, – дейді қала тұрғыны Сая Маметова.

Расында, исі мұсылманның ортақ мейрамына айналған Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің мән-мазмұны жыл сайын тереңдеп келеді. Оның үстіне тарихымыз бен төл дәстүріміз дәріптелген биылғы ұлан-асыр той жамбылдықтардың жадында ұзақ сақталатыны анық.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН,

Юрий КИМ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support