- Advertisement -

Жастарға мүмкіндік мол

20

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда еліміздің болашағы жастардың қолында екеніне айрықша тоқталды. Расында да, келешек білімді, жаһандық деңгейде ойлайтын жастардың қолында. Ал, осындай озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау білім беру жүйесінің басты міндеті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен жас мемлекеттік қызметшілер, студенттер мен магистранттармен кездесуде осылай деген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуда қолға алынып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының облысқа жұмыс сапары аясында ұйымдастырылған жиынның мақсаты – оған қатысушыларды мемлекеттік қызметтегі мансап мүмкіндіктері туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және олардың осы салаға белсенді қатысуын ынталандыру, тәжірибе алмасу, сұрақ-жауап, сондай-ақ өзара әрекеттесу және мемлекеттік сектордағы жұмыстың маңызды аспектілерін талқылау алаңын құру болды.

– Өркениетті елдердің тарихына үңілсек, олардың қазіргідей жоғары деңгейге сапалы білім беруді жолға қою арқылы қол жеткізгенін білеміз. Сондықтан білімді, туған елін қастерлейтін, тәуелсіздікке құрметпен қарайтын, намысты да жігерлі ұрпақ тәрбиелеу жолында атқарылып жатқан барлық іс-шаралар біздің болашаққа салып жатқан инвестициямыз деп айтуға болады. Мемлекет басшысының бастамасымен жасалып жатқан реформаларды жүзеге асыруда сіздердің қосар үлестеріңіз мол. Оны ертең ары қарай жалғастырушы да өздеріңіз. Бүгін мемлекеттік қызметке елге жанашыр, қоғамға адал қызмет ететін креативті жас мамандар қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан шығу тәртібін жеңілдету шараларын кезең-кезеңімен іске асыруда. Соның бастысы, оқу орнын мемлекет грантымен бітірген, оқуда жақсы көрсеткішке жеткен түлектер енді аудандық және ауылдық жерлерде төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады. Осылайша, бүгінге дейін 124 жас түлек мемлекеттік қызметтің түрлі лауазымдарына конкурссыз орналасты. Оның ішінде Жамбыл өңірі бойынша 7 түлек болса, оның 2-еуі Тараз өңірлік университетінен екенін айта кеткен жөн. Бұл ең алдымен жастарға, яғни сіздер үшін жасалып жатқан жеңілдіктер, – деді Дархан Медеғалиұлы.

Спикердің айтуынша, агенттік былтыр енгізген бұл өзгеріс жақсы көрсеткіші бар түлектердің, яғни, болашақта мемлекетке, елге, туған жерге қызмет етемін деген жастардың ауылдан төменгі деңгейдегі өзінің мансаптық жолын бастауына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, бүгінде облыстың аудандық және ауылдық округтерінде 60 бос орын тұр. Осы бос лауазымдарға орналасуға оқуды былтыр бітірген түлектердің де мүмкіндігі бар.

Бұдан кейін Дархан Жазықбаев Президенттің жастар кадры резерві өзінің тиімділігін көрсетіп отырғанын, осыған дейін оған үш рет іріктеу өткізілгенін, нәтижесінде 400 жас резервке қабылданғанын айтты. Бүгінде олардың 283-і жұмысқа орналасқан. «Президент атап өткендей, жастар кадры резерві – мемлекеттің резерві. Біз білімді, алғыр, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды іріктеуді тұрақты жолға қою арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруды бастадық. Биыл еліміздің барлық аймақтарында өңірлік жастар резерві құрылатын болды. Бұл да жастарға деген зор сенім мен оларға беріліп отырған мүмкіндік», деді агенттік төрағасы.

Жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Байжұманов сөйлеп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support