- Advertisement -

Аграрлық саладағы айтарлықтай нәтиже

16

- Advertisement -

Облысымыз ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші өңірлердің бірі екенін азық-түлік өндірудегі үлесімен айтсақ артық емес. Елімізде тұтынылатын пияздың 2/3 бөлігін және сарымсақтың 50 пайыздан астамын жамбылдық шаруалар жеткізіп отыр. Ал, ұсақ мал басы бойынша Жамбыл облысы республикада екінші орында.

Облыстың жер қойнауында республиканың фосфориттерінің баланстық қорларының 72 пайызы шоғырланған. Бұл ТМД аумағындағы ең ірі қорлар және әлемдік ауқымда маңызды рөлге ие. Елімізде ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін дамытуға ықпал етіп, түркі мемлекеттері ұйымының елдері арасында тарихи келісімдер жасалатын Халықаралық ауыл шаруашылығы форум- көрмесінің ашылу салтанаты Наурыз мейрамымен қатар өтті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барша жұртты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.

– Әз Наурызда біздің өңірге келген меймандардың қадамына құт тілеп, жаңа жылымыз берекесімен енсін дейміз. Биыл Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жаңаша мазмұнда өтуде. Біздің шақыртуымызды қабыл алып, келгендеріңіз үшін а лғысымызды білдіреміз! Бұл форумның Жамбыл өңірі үшін маңызы өте зор. Біздің облыс көпсалалы аграрлық өңір болғандықтан, өзіндік мүмкіндіктерді көрс етуге әзір. Сондай-ақ, форум осы саладағы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп сенеміз. Облысымыз бірқатар артықшылықтарымен қолайлы климаты бар, ауыл шаруашылығына ыңғайлы аймақ. Облыс халқының 60 пайызы ауылдық өлкелерде шоғырланғандықтан, басты кәсібі – ауылшаруашылық саласы. Сондықтан, форум жұмысы нәтижелі болмақ. Форум аясында тұқым сапасын және ауыл шаруашылығын дамыту сынды ең маңызды мәселелерді қозғайтын болады. Жамбыл облысында өзара тиімді ынтымақтастықпен бизнес жүргізуге ниеттілердің барлығына е сігіміз ашық. Бірқатар шетелдерден қонақтар келіп жатыр. Шетелдік инве сторлар мен отандық кәсіпкерлер арасында аграрлық кластерді дамыту аясында стратегиялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойып, келісім жасасуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы.

Өзге мемлекеттерден келген делегацияға құрмет көрсетіп, өз кезегінде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Халықаралық форумда бас қосқан түркітілдес туыстас халықтарды қатар келген қос мереке – Наурыз мейрамымен және Рамазан айының келуімен құттықтап, ізгі ниеттердің қабыл болуына тілектестік білдірді.

– Былтырғы жыл шаруалар үшін өте қиын болды. Биыл ауыл шаруашылығына арналған Халықаралық форум-көрменің ізгі істерге бастау болатын қос мейраммен қатар келуін жақсылыққа балап, жаңа жылымыз шаруашылыққа қолайлы, берекелі, өнімді де табысты жыл болсын деп тілейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай көңіл бөліп келеді. 7 ақпандағы Үкіметтің отырысында бес жылдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге көбейтуге тапсырма берген болатын. Сондықтан, бүгінде осы бағытқа Үкімет қосымша қаржы қарастырып жатыр. Жеңілдетілген несие берілетін болады. Одан басқа, осындай ауыл шаруаларына берері мол көрмелер өткізілмек. Фермерлер әр жерде компанияларды аралағанша осындай көрмеде өздеріне қажетті техниканы, тұқымды көріп, қалағанын сол көрмеде шартқа отырып, алуына да мүмкіндік бар. Міне, осынысымен де тиімді форум-көрмені ұйымдастырған компанияға және облыс әкімі Ербол Шырақпайұлына, сонымен қатар белсенді қатысып, өзіне керегін тапқан фермерлерге де алғысымды айтамын. Ұтымды нәтижесін ел болып бірге көрейік, – деді министр Айдарбек Сейпілұлы.

Мейірім мен ізгі істерді дәріптейтін ұлық күні көне Таразға табан тірегендерін игілікке балаған меймандардың бірі, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев бұл сапарын нағыз сәттілік деп бағалады.

– Елдер арасындағы бауырмалдықты күшейте түсетін Наурыз мейрамында ауыл шаруаларына арнап өткізіліп жатқан көрменің берер табысы мол боларына сенемін. Себебі, бір ғана Қазақстанның емес, барша түбі бір түркітілдес елдердің шаруаларына ұтымды істе бас қосып отырмыз. Бірлік болса, барлық қиыншылықтарды жеңеміз. Барлығыңызға игілік пен денсаулық тілеймін, бірлескен істеріміз берекеге бастай берсін, – деді Кубанычбек Өмірәлиев.

Түркия Республикасы ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы вице-министрі Гизлигидер Эбубекир Қазақстанды «Атажұртымыз» деп атап, сөзін тараздықтарға түрік туыстардың ыстық сәлемін жеткізумен бастады.

– Түбі бір түркі халқы үшін тарихи Отанымыз – Қазақстанға, тарихтың темірқазығы – Таразға біз ауыл шаруашылығымен айналысатын жүз адамнан астам делегациямен келдік. Кез келген істе кедергілер болатыны заңды. Бірлік пен еңбектену арқылы барлық мәселелерді шешіп, табысты жұмыс жасаймыз деп ойлаймын. Тек қана ауыл шаруашылығында емес, білімде, саясатта, мәдениетте де бірлескен жұмыстарымыздың жалғасарына сенімдімін. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті болған Қажыбек Тішбелидің «Бір боламыз, тірлігіміз мықты болсын» деген өсиетімен сөзімді түйіндеймін, – деді Гизлигидер Эбубекир.

Ақтарылған ақ тілектерден соң көрменің лентасы салтанатты түрде қиылды. Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласына көп жылдар бойы еңбегі сіңген құрметті ардагер ақсақалдар Амангелді Кәрентайұлы, Аманжол Аманбайұлы, облыстық фермерлер одағының төрағасы Дулат Әбенұлы, ECOSA ұйымының президенті Генчер Ылдырай, Түркия егіншілер одағы – TURKTOB төрағасы Хаджи Өмер Гюллер және осы Халықаралық көрме-форумының бас ұйымдастырушысы Шолпан Нұрылдақызы лентаны қиды. Осыдан соң көрмеге қатысушы әрбір компания өкілдері өздері ұсынып отырған тауарларын, көрмеге алып келген техникаларын таныстырды. Техникалардың тиімділігін айтып, тұқымдардың сапасын сөз етті.

Осы күні түстен кейін форум аясында тұқым шаруашылығы бойынша ауқымды басқосу өткізілді. Онда тұқым сапасын арттыру тәсілдері сөз болды. Бұл басқосу ECOSA ұйымының В2В кездесуімен жалғасты.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support