- Advertisement -

Ұлттың ұлы сөзі

23

- Advertisement -

Халқымыздың рухани шежіресінде адалдық туралы ұстанымдар мен түрлі ой-толғамдар, тұғырлы туындылар да жетерлік. Яғни, қазақтың туабітті болмысы сол, ертеден адалдыққа негізделген, адамдықпен біте қайнасқан. Алайда, кейбір құндылықтардың уақыт өте келе өзгеріп кеткенін де айтқан жөн. Бірақ, адалдыққа ұмтылу, ақ жүру жолын таңдау да қанда бар қасиеттен болса керек. Бір ғана «Кісінің ала жібін аттама» деген сөздің өзі-ақ, ұлттың адалдық туралы ұстанымын һәм соған құштар екенін ғасырлар бойы әйгілеп келеді.

Жақында ғана Жайық жағасында Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысы өткені белгілі. Ұлттық Құрылтай кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйледі. Мұнда ұлттың ұлы сөзі айтылды деуге толық негіз бар. Яғни, Әділетті Қазақстанға бет алған қоғам, барлық жағынан да адалдықты ту еткен ұлттық жиын жалпы, қоғамды да, адамды да алға жылжытушы күш – адалдық екені айтылды. Ең әуелі, Президент тоқталған мәселенің бірі – елдің береке-бірлігі. «Бұл жалғанда бір жаман, ағайынның аласы», деп Бұқар жырау айтқандай, бірлігі кеткен елдің басынан бақ таяды. «Бірлігі кеткен ел жаман» деген Төле бидің нақылы да осындайда ойға оралады. Бұл күнде шынында да елдің ынтымағы мен бірлігі маңызды болып тұр. «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бүгінде зиялы қауымды, саналы топты ойлантатын мәселенің бірі – осы еді. Қазіргі кезде көп адамды ортақ мүдде біріктірмейді. Одан кейін, бүгінгі қоғамда бір-бірінің артынан сөз айту, тасада тұрып тас ату, ешқандай себебін білмей жатып біреудің жағасынан алу, мақсаты белгісіз топтардың сойылын соғу, айта берсе толып жатқан жағымсыз әрекет көп. Құрылтайда Президент айтып өткен буллинг пен агрессияның береке-бірлікке де сызат түсіретіні анық. Қоғамда басталған адалдық концепциясы мұндай жағымсыз жайттарды жеңуші фактор ретінде қарастырылады. Бұл – жасампаздық идеясы. Өзгеру, өзгерту де сол адалдыққа тән. Бірақ, қоғамды дамытуды әркім өзін дамытудан бастағаны жөн деп білеміз. Сол сияқты, қоғамның кемшілігін жоюды да әркім өз басындағы кемшіліктерді жоюдан бастаса, бұл да адамды адалдыққа бастайтын тағы бір мүмкіндік болмақ. «Ұсақ- түйек әңгімені қою қажет», – деді Президент. Бүгінде Мемлекет басшысы бәрімізге жалпыұлттық деңгейде ойлану керектігін айтты. Бұл ретте ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы керектігін жеткізді. Ал, олар кімдер болуы керек дегенде тағы да тосылып қалатынымыз шын. Себебі, бүгінгі қазақ қоғамында тұлға азайып барады. Қай саланы алсақ та, тұлға аз. Президент Ұлттық Құрылтайда «аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек», деді. Бұл ретте жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдап қана қоймай, тұлға ретінде қалыптастыруға маңыз берген дұрыс. Себебі, қазір жастар қарап бой түзейтін тұлғалар тым азайып кетті. Енді ортада көрініп келе жатқан жастарды рухани, адамшылық, адалдық тұрғысынан тәрбиелеп, тұлғалық жолға бастау да биліктің бір міндеті болса керек. Одан бөлек, тұлғалық биікке ұмтылу, іздену, өзін қалыптастыру да жастардың өзіне байланысты. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда адалдық, туралық жолын саралап көрсетіп берді.

«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай- ақ, Президент айтқан заманауи кітапхана идеясы барлық өңірде жүзеге асса, бұл да ұлттың адалдық, әділдік ұстанымын арттыратын жобаның бірі болар еді. Себебі, кітап оқып өскен ұлттан жамандық шықпайды. Расында да, қазір жастар кітап оқымайды деген пікір бар. Ал, енді кітап дүкендеріне кіре қалсақ, орыс тілінде кітап іздеп жүрген жастарды жиі байқаймыз. Оның үстіне, әлемдік классика қазақ тіліне толық аударылып біткен жоқ. Сондықтан да, қазіргі жастар Пауло Коэльо, Харуки Мураками, Анар Рзаев, Орхан Памук, Абдулразак Гурна сияқты заманауи қаламгерлерді танымауы мүмкін. Аударылғандарының дені ХІХ-ХХ ғасыр қаламгерлері. Кітапхана ісін дамытудың бір ұшы қоғамдағы кітап насихаты мен аударма саласында жатса керек.

Мемлекет басшысы айтқан ұлттық бірегейлігімізді нығайту да үлкен мәселенің бірі. Ұлттық салт- дәстүрді ұстану да қазақ қоғамын алға бастайтын ұстаным. Оның ішінде, діннің туралығы, тілдің тазалығы, отбасының құндылығы сияқты рухани биік ұстанымдар бар. Яғни, ұлттың ұлы құндылықтары ұлттық бірегейлікті сақтауға оң ықпал етуі керек. Мемлекет басшысы Абай айтқан «Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену» идеясын қоғамға ұсыну арқылы рухани дамудың бірнеше жолын көрсетті. Ол үшін жағымсыз әдеттерден арылу керектігін айтты. «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән — маң ыз ын жо ғ ал т п ай тын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар», – деп атап өтті Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлық, насыбай ату, лудомания, яғни құмарпаздық, вандализм, ысырапшылдық туралы да айта келіп, олардың алдын алуға нақты міндеттер жүктеді. Шынында да, бұл аталғандар адамның жеке тұлғалық қасиетінің дамуына, ұлттың дамуына кедергі келтіретін жайттар. Әлем бүгінде күн санап дамып келеді. Жасанды интеллект, түрлі технологиялар, өміршең идеялар салтанат құрған қоғамда өсек, өтірік айту, зиянды әрекеттермен айналысу құптайтын нәрсе емес. Сол сияқты, көрінген нәрсені де ұлттың артықшылығы деп санау дұрыс емес. Абай айтқан «Толық адам» идеясының қазақ қоғамында жүзеге асқанын қаласақ, әркім өзін жақсы жаққа өзгертуді бастағаны жөн дер едік…

Президент жалпыұлттық құндылықтар жүйесі туралы да ой қозғады. Бұл өте қажет дүние. Адамның тұлғалық болмысы жалпыұлттық құндылықтардан тамыр тартпайынша, қоғамның дамуы мүмкін емес. Адамның деңгейі де, қоғамның мүмкіндігі де бос сөзден аспай қалады. Ал, Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы бос сөзді қойып, болатын шаруамен айналысуды міндет етіп ұлттың алдына қойды.

 

Хамит ЕСАМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support