- Advertisement -

Ұлттық киім ұлттық брендке айнала ма?

24

- Advertisement -

Салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеу бүгінгі қазақ қоғамының мәдениетіне қосқан үлкен үлесіміз болары сөзсіз. Бұл – халқымыздың ұлттық генотипін жаңғыртып, санасына сілкініс оятатыны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, осынау Наурыз мейрамы қарсаңында құндылығымызды құнттау қажеттілігі арта түседі. Өйткені, биылдан бастап елімізде ұлық мейрамымыздың он күндік тұжырымдамасы жасалып, ол «Наурызнама» деген атпен танылды. Наурызнамаға сәйкес, аталған он күннің өз атауы мен тойлау ережесі қалыптасты. Соның бірі – ұлттық киім күні.

Жалпы, кез келген халықтың ұлттық киімі оның арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, мәдениеті мен ғұрыпынан белгі беріп тұрады. Тіпті, дизайндық ерекшелігі мен тұрмыс-салт өзгешелігіне қарай қалыптасқан киім түрлерінен ол халықтың қай мекенде өмір сүріп, тіршілік кешіп келе жатқанын да аңғару қиын емес. Осы секілді туғанынан тұлпарға жармасып, жаугершілік заманға бейімделіп өскен қазақ халқының киім үлгісінде ер үстінде жайлы отыру үшін кең етек шалбар, үзеңгіге ыңғайлы саптама етік, жігіт-желеңнің басына күн көзінен қорғайтын қалпақ пен тақия, хан басына сәнді мұрақ кию салты қалыптасты. Сондай-ақ, сұлулар киген сәнді сәукеле де қолөнеріміздің сонау сақтардың «Аң стилінен» бастау алатынын айқын көрсетіп келеді.

Дегенмен, осы күні тек той-жиындарда шапан, камзолымызды, тақиямызды мешіт ішінде кездестіріп жататынымыз жасырын еме с. Бірі мұны ұлттық киімнің заманға сай өрнектелмеуінен десе, бірі жалпыхалықтық мәдениет қалыптаспағаннан дейді. Мәселен, өңірімізге киіз үй шебері ретінде танылған «Би Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Туғанай Жолақова киіз үймен қатар текемет, камзол мен шапан, бөрік тігумен айналысады. Ұлттық өнердің қарқынды дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан шебер қолдан шыққан бұйымдардың сапасы мен ұлттық нақышы арқылы өз ерекшелігімен танылғанда ғана тұтынушылар талабын толық қанағаттандырады дейді.

– Жалпы ұлттық киім үлгісі өзіндік ерекшелігімен танылып тұру керек. Бұл біріншіден, оны киген адамның ішкі рухын оятып, өзінің тарихы мен танымына деген құрметін арттырса, екіншіден, қолөнершінің өзіндік қолтаңбасын қалыптастырады. Сондықтан біз бүгінгі таңда қандай да бір бұйым немесе киім түрлерін дайындау барысында әр тұтынушымен жеке жұмыс жасап, оның тұлғасы мен болмысына сай дүниелерді дайындаймыз. Сондай-ақ, тарихымызды танытып, өткенімізді жаңғырту мақсатында тігілген киімдеріміз «Жібек жолы», «Тұлпар», «Шаңырақ» сынды композиция түрінде жарық көруде, – дейді Туғанай Жалмұратқызы.

Шебердің қолынан шыққан туындылар бүгінде аймақта санаулы адамдардың ғана үстінен байқауға болады. Өйткені, сапалы дүниелерді шарқ ұрып іздейтіндер қатары өңірде әлі күнге дейін көбейе қоймаған көрінеді. Дегенмен, бұдан шебердің даңқы артпаса, кеміген емес. Өйткені, киіз үйлер мен сахналық киімдерді көбіне батыс өңірдің тұрғындары ат арылтып алыстан арнайы келіп алып кетеді екен.

Ал, айына 500 тақия тігіп, табыс тапқан жерлесіміз Миржан Асабаев жұмысыңды жете түсініп, оның ұлт руханиятына қосқан үлесің екенін сезінгенде ғана кәсіптің нәсібін көруге болатынын айтады. Тақия тігуді жанына серік еткен қарияның айтуынша, ұлттық киімінің өз қасиеті болады.

– Мәселен, халқымыз бас киімді аса қадірлеп, қастер тұтады. Өйткені, бас киімнің де өз күші, энергиясы болады. Сол арқылы оны киген адам да бәле-жаладан, кесір-кесапаттан аман жүреді. Отыз жылдан астам осы кәсіп түрімен айналысып, бас киімге де бүгінгі қоғамның сұранысы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Көшеде жас қыздардың сәнді тақия киіп жүргенін көп аңғаруға болады. Бұл ұлт санасының оянып, ұлттық кодының жаңғыруының белгісі. Ең әуелі осы дүниені ұғынғанда ғана ұлттық киімді брендке айналдыра аламыз, – дейді шебер.

Демек, ұлттық өнердің жоқтаушылары жоқ емес. Тек әр талғамға өзіне сай жұмыс жүргізіп, әр қолөнерші өз ерекшелігі арқылы аудиториясын таба білуі керек. Ол үшін өз бұйым-киіміңнің қадір-қасиетін өзгеден жете біліп, артығырақ танып тұрсаң, қанекей?! Осындайда қазақтың бас киімін аяқ астына түсірмей, абыройы мен даңқының белгісіндей жоғары ұстайтын биік танымына разы боласың.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support