- Advertisement -

Облыс қалай құрылды?

21

- Advertisement -

Ата-бабамыз осынау кең жазира даланы бізге мәңгілік мұраға қалдырды. Әлем қазақ елін алдымен осы ұлан-ғайыр жердің иесі ретінде біледі, қызығады, бағалайды, өйткені, жер адамзат баласының мәңгі тұрағы, ол сонда өмір сүреді, өседі, өнеді, ұрпақтан ұрпаққа көшеді. Отан. Адам баласы үшін одан қастерлі, қасиетті ұғым болмаса керек. Өзінің тарихында талай мәрте толығып, талай замат саны ортайған қазақ елі талай шапқыншылықты бастан кешті. Ғасырлар бойғы бодандықтың да темір құрсауына түсті. Әйтсе де, Алатау мен Арқаның, Атырау мен Алтайдың аралығын алып жатқан алып даладан бір сәтке де айырылған жоқ. Қасиетті Атамекен – Отанды көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге дін аман жеткізді.

Биыл осынау қасиетті мекендегі Жамбыл облысы үшін ерекше жыл. Айтулы мереке. Киелі, құт дарыған өлкенің облыс болып құрылғанына – 85 жыл. Әр аймақ өзіндік қалыптасу, даму кезеңдері мен қарыштау сәттерін басынан өткізді. Жамбыл облысы да бұл жолдан өтті. Онымен бірге уақыт тамыршысындай болып саналатын архив қоғаммен бірге дамыды.

Мерейтой қарсаңында тарихтың темірқазығы атанған архивтің құжаттары бойынша баспасөз беттерінен қалың оқырманға арнап «Архив – тарихтың алтын көмбесі» атты айдар ашуды жөн көрдік. Қойнауда жатқан өңір тарихын архивпен байланыстыруды басты назарға алдық. Өйткені, облыс, қала, аудан тарихын жинақтап, сақтау және құжаттарды жариялау – архившілердің басты міндеті.

Ұлан -ғайыр қазақ даласының тәжі іспетті қасиетті Алатау мен қазыналы Қаратаудың баурайын жайлап, арқырай аққан Шу мен Таластың, Аса өзендерін жағалай қонып, бұйрат-бұйрат Мойынқұмның құм жалдарын қыстап, жазда керіліп жатқан кең даланы жайлаған қалың елді ертеден Әулиеата жұрты деп атапты.

Архив деректеріне көз жүгіртсек, алғашқыда Әулиеата қаласында 28 су диірмені, 22 ұсталық дүкені, 32 наубайхана, шарап қайнататын, жеке меншіктегі бірнеше ұсақ кәсіпорындар болған. Олардың әрқайсысында бірнеше жұмысшы ғана жұмыс істеді. Яғни, Әулиеата үлкен жолдың бойындағы шағын қала болған.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары КСРО-да индустрияландыру жоспары басталды. Бұл жоспар бойынша Қазақстандағы ең ірі жобалардың бірі Түркістан-Сібір темір жолын салу көзделді. 1926 жылы КСРО Еңбек және қорғаныс комитетінің теміржол желісін салу туралы қаулысынан соң, құрылыс жалпыодақ деңгейіне жетті.

Түрксіб темір жол торабы – Орталық Азияны, Қазақстанды және Сібірді өзара байланыстырып, халық шаруашылығының дамуына үлкен әсер етті. Құрылыстың қарқынды жүруіне РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан құрылған, халқымыздың көрнекті тұлғасы Тұрар Рысқұлов жетекшілік еткен. Теміржол торабының салынуына халқымыздың тағы бір аяулы тұлғасы Мұхамеджан Тынышбаев өзінің біліктілігімен елеулі үлес қосты. Жұмысшылардың осы теміржолды салудағы жанқияр ерлігі Қазақстан тарихында мәңгі қалатыны сөзсіз.

Теміржол Жамбыл қаласын басып өтеді, бұл фосфор өнімін кең байтақ КСРО-ның түкпір-түкпіріне, сондай-ақ Орта Азия республикаларына тасымалдауға сұранып тұрғандай еді. Осы стратегиялық жоспарларды ескерсек, Жамбыл облысының құрылуы өңірде химия өндірісін дамыту мақсатында болғандығы анық. Оған себеп – Қаратау баурайынан әлемдегі ең ірі фосфор кені табылған еді.

Өткен ғасырдың 28-ші жылы Әулиеата уезі Сырдария өлкесінің құрамына енді. Орталығы Әулиеатада (Тараз қаласы болған) жер-жерде күштеп коллективтендіру, колхоздастыру науқаны жүргізіліп, голощекиндік қолдан жасалған «қызыл қырғынды» артынша сталиндік қуғын-сүргінді, басқа да зұлмат кезеңді бастан кешті.

1932 жылдың 20 ақпанында Сырдария өлкесі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы болып екіге бөлініп, Әулиеата уезі Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында қалды. 1936 жылы 10 қаңтарда Әулиеата Қазақстанның сол кездегі басшысы Мирзоянның есімімен аталды. Мирзоян 1938 жылы халық жауы болып ұсталып кеткен соң, осы жылдың 1 шілдесінде қазақ халқының Гомері атанған ұлы Жамбылдың есімі берілді.

1939 жылы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жамбыл облысы құрылды. Орталығы – Жамбыл қаласы болды. Облыстың құрамы Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлінген Жамбыл, Луговой, Мерке, Талас, Свердлов және Сарысу аудандары мен Алматы облысының Қордай, Красногор, Шу аудандарынан құралды. Облыстың шаңырақ көтеруімен бірге Мойынқұм өңірінен жаңадан Көктерек ауданы құрылды. Ол Шу ауданының құрамында болатын.

Қаратау жоталарының 45 жерінен қоры 1,5 миллиард тонна болатын фосфор кенін анықтап, толық сараптамасы шыққаннан кейін мол байлықты игеру туралы шешім қабылданды. Химия өндірісінің дамуы Жамбыл өңірінің экономикасының дамуына сеп болды. Химия кен орындары негізінен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан. 1944 жылы сәуірде Қаратау тау-кен комбинаты құрылысының алғашқы кезегі салынып, 1946 жылдың Қаратау кен-химия комбинатының алғашқы кезегі іске қосылды. Осы сәттен бастап облыс ірі химия өндірісінің орталығына айналды.

1939 жылдың соңына таман шаңырақ көтерген облыстың алдында қыруар міндет күтіп тұрды. Жамбыл облысының химия өнеркәсібінің негізі ретінде танылуы ел экономикасына үлкен әсер етіп қана қоймай, қала мен кенттердің дамуына әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруіне де ықпал етті. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібін қатар дамытқан Жамбыл облысының шығар биігі әлі де алда. Осы ұзақ жылдарда еңбек адамдарының талай буыны өсіп-жетілді. 1997 жылы 8 қаңтарда Елбасының Жарлығымен Тараз қаласының ежелгі атауы қайтарылды. Көп ұзамай 2001 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланды. Бүгінгі Тараз келбетіне көз тоятын көрікті қалаға айналды. Облыстың барлық аудандары жаңа заман лебімен өсіп-өркендеу үстінде. Оның еңбексүйгіш, жаңашыл халқы тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегі ретінде таныла бермек.

 

Сара МАДИЕВА,

облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support