- Advertisement -

Антына адал арулар

137

- Advertisement -

Алты ай тоңазып жатқан жер жіпси бастағанда бүршік атып шығар бәйшешекті халық жақсылықтың жаршысына жориды. Нәзік те болса қар құрсауын жарып, бүршік атып шығатын осы гүл тәрізді қыз- келіншектер де заманның небір қиын-қыстау сәттерінде қайсарлығымен кедергілерді бұзып-жарып, болашақтың бақыты үшін аянбай келеді. Бұл сөзіміздің дәлелі сонау Тұмар ханшайымнан бастап, кешегі Әлия, Мәншүк, кейінгі Сабира, Ләззаттар. Бейбіт күнде де еңбегімен ерлік көрсетіп жүрген нәзікжандылар, шүкір аз емес.

Халықаралық әйелдер мерекесінің түп тарихының өзі нәзік болмыс иелерінің күрескерлігінен шыққан екен. Жеке бастың емес, жалпақ жұрттың мүддесін көздеген мақсатқа жету жолында аянбай тер төгіп, үздіксіз еңбектенумен күрескерлік танытып жүрген қыз-келіншектер баршылық. Тіпті, қазір әйел адам араласпаған еңбек саласы жоқ. Ой еңбегін айтпағанның өзінде ауыр жұмыс саналатын құрылыста да, жүк тасуда да, тіпті, ел тыныштығын күзететін әскери қызметте де арулар табылады. Бүгін біз сөз еткелі отырған Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің арулары Гауһар Сапарова, Дана Браш, Гүлмира Жанғожаевалар да қажет кезде шекара шебінен табылып, салмақты қару асынып, күн-түн демей дабыл соқса қатардан табылуға дайын.

Олар шекараны әскери қызметтің айнасы деп біледі. Себебі, басқа елден келген меймандарды қарсы алатын да, шығарып салатын да өздері. Елдің тыныштығын, қауіпсіздігін дамыл таппай күзететіндіктен де «Шекара шебінде қызмет ету асқан жауапкершілік әрі абырой» дейді.

– Шекарадағы өткізу пунктінің қызметін ұйымдастырып, бақылауды атқарамын. Күнделікті қанша адам елімізге кірді, шықты, осының бәрін қадағалап, олардың заңдылықтарын бақылаймыз. Қалың адамның ішінде неше түрлі пиғылдылар бар, кейбіреулер ұрланған заттарды немесе заңсыз қару, тіпті тыйым салынған кітаптарды алып өтуі мүмкін. Сондықтан бұл жердегі қызмет асқан қырағылықты қажет етеді. Әскери институтты бітіріп, Қордайдағы өткізу пунктіне жаңадан келгенімде есірткі затын денесіне жапсырып өтпекші болған қылмыскерді өзім ұстағанмын. Бұл қызметте жігітсің бе, қызсың ба, бәріне бірдей талап қойылады, ешкімге жеңілдік жасалмайды. Сондықтан біз де шымыр да шапшаң болу үшін жұмысқа қабылданарда физикалық қимыл- қозғалыстан сынақ тапсырамыз және екі жылда бір рет әркімнің жасына қарай белгіленген қашықтықта белгілі бір уақытта жүгіру, түрлі жаттығуларды жасау бойынша сынақ тапсырып, баға аламыз. Сол сынақта жақсы баға алу үшін күнделікті физикалық жаттығуларды жасап, үнемі дене салмағын, жылдам қимыл-әрекеттерді сақтап, дайындықта жүреміз, – дейді ІІ дәрежелі шекара қызметінің үздігі атанған шекаралық бақылау басқармасының аға кеңесшісі Гауһар Ілиясқызы.

Шекара қызметіндегі сарбаздар мен жауынгерлердің денсаулығына жауапты медициналық қамтамасыз ету тобында да қатаң тәртіпте жұмыс істейтін арулар бар. Солардың бірі – осы топтың офицері Дана Мұханқызы үш баланың анасы. Ол өз қызметін тиянақты атқаруымен еліміздің барлық шекара қызметі бойынша үздік дәрігер атағын иеленген.

– Біз күнделікті әскери қызметкерлердің денсаулығын қадағалап, қандай да бір шағымы бар-жоғын сұрап тұрамыз. Ал, көлік жүргізушілерін, тәуліктік нарядқа түсетіндерді, аспазшыларды күнде таңертең міндетті түрде медициналық тексеруден өткіземіз. 20 төсектен тұратын лазаретіміз бар. Қазіргі уақытта онда 12 науқас жатыр. Бастапқыда оқығаным педиатр дәрігерлігі еді, әскери қызметке келгеннен соң инфекционист мамандығын тағы оқыдым. Әскердегі қызметкерлерге де, сарбаздарға да адам бойына күш-қуат беретін, түрлі ауруларға қарсы тұруға қабілетті иммунитетті көтеретін дәруменге бай тағамдар беріледі. Олардың құнары ескеріліп, нормалары бекітілерде бізбен, яғни медициналық қамтамасыз ету тобымен келісіледі. Сарбаздардың кейбірі мұндағы күнделікті ішіп-жеп жүрген тағамдарының үйлерінде де болмайтынын айтады. Өйткені, «Ас – адамның арқауы» дегендей, біз шекараны күзететін сарбаздарымыздың ішетін әрбір асына да үлкен жауапкершілікпен қараймыз.

Бұл қызметке келгенімнің өзі қызық болған. Ойламаған жерден құрбым «Жүр, әскери кафедраға құжат тапсырып көрейік» деді. Бір күні ректор шақырып, неге бұл оқуға келгенімді сұрады. Сонда мен «Кейін әскери дәрігер боламын», – деп ештеңе ойланбастан айта салғанмын. Алла аузыма салды ма екен, міне расымен сол қызметке келдім. Алғашқыда Сарыағаштағы шекараға шақырылып, еңбек жолымды сонда бастадым, қазір осы қызметті атқарып жүргеніме 10 жыл болды. Өкінбеймін, қайта қуанамын. Ана ретінде балаларымды уақытымен ұйықтап, оянып, тамақтанып, нақты мақсат қойып, соған жету үшін жүйелі жоспармен әрекет етуге тәрбиелеп жүрмін. Балаларымды саналы болуға бағыттаймын. Үлкенім 13-те, бір-біріне өздері қамқорлық жасап, өсіп жатыр. Мен күні бойы жұмыстамын, күйеуім де бір апта бойы жұмыс істеп, бір апта демалады. Қызметім қатаң тәртіпте болса да үйдегі аналық, әйелдік міндеттеріме де барынша уақыт тауып келемін. Дегенмен, қыз балаларға әскери қызмет өте ауыр, – дейді әскери дәрігер Дана Браш.

Күйеуімен бірге әскери қызмет атқарып жүрген Гүлмира Жанғожаева да үш баланың анасы. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті байланыс тобының технигі болғандықтан, 24 сағат қызметте болады.

– Бір тәулік жұмыста болған соң келесі күні демаламын. Сол күнді үйдің шаруасына, балаларыма арнаймын. Олар да бізбен бірге таңертеңгісін ерте оянып, түнде кеш жатуға, көп уақытын өзіне қажетті жұмыстарға арнауға, мысалы сабақ оқуға бөліп үйренген. Үлкен балам 15 жаста, кішкентай кездерінен бір-бірін мектепке, балабақшаға апарып, әкеліп, бірлесіп үй тапсырмасын орындап үйренген. Әрине, күйеуім Сапарбек Мырзақұловтың қолдауы көп. Ауысымға түскенімде балалардың қасында жолдасым болады. Үй шаруасына да қолынан келген көмегін аямайды. Біз байланыс қызметі болғандықтан, облыстағы барлық шекара бекеттерімен үздіксіз байланысып, техникалық ақаулықтар орын алса, лезде реттеуді қолға аламыз. Сондықтан біздің қызметте тіпті секундқа да кірпік ілуге болмайды. Қаншалықты қиын болса да жүрегімізде өз Отанымызға, туған халқымызға да махаббат барлық кедергіні жеңеді, – дейді Гүлмира Жұмаханқызы.

Шекарашы арулардың айтуынша, департаментте құрылған әйелдер кеңесі бар. Ол әскер қатарына жаңадан келген жас сарбаздарға аналық мейірім көрс етіп, тәртіпке бейімделулеріне жәрдемдеседі. Әскери әйелдердің басын қосып, моральдық, психологиялық қолдау көрсетеді.

– Бірде науқастанып, әскери ауруханада емделіп, тамырдан дәрі алып жатқанмын. Көзімді ашсам, қасымда бозбала сарбаз отыр. «Денсаулық картаңыздан көрдім, сіз анаммен жасты екенсіз», – деп жанарына жас алды. «Анаңды сағындың ба?» – деп едім, басын изеді. «Анаңның қолына қару алғанын қалайсың ба?» – дедім, ол бірден «Жоқ», – деді. «Аналар қару асынбау үшін сендер елді қорғаңдар. Әскердегі жетістіктерің үшін анаң мақтансын, сендер біздің – бүкіл еліміздің қорғанымыз, болашағымызсыңдар, сендер боркеміктей сезімге беріліп, егілсеңдер, бізді кім қорғайды?» – дедім. Әлгі көзіне жас алып отырған жас сарбаз бірден бойын тіктеп, жігерленіп сала берді. Рас, кейде әскерге келген жап-жас балалардың ауыр қару асынып, жаздың ыстығында әскери формамен жүгіріп бара жатқанын көргенде, аналық аяушылығымыз оянады. Бірақ, ондайда мотивация беріп, қайраттандырып кетеміз, – дейді әйелдер кеңесінің мүшесі Гауһар Ілиясқызы.

Әскердегі қыз-келіншектер тек, ел қорғаумен ғана шектелмей, ол жақтағы ер азаматтарға қиындықта қайыспасқа медет болып та жүр. Нәзік иықтарына салмақты жауапкершілік артқан олар еліне, туған жеріне деген махаббат барлық ауыртпалықты жеңетінін көрс етіп келеді. Тарихта да талай тар замандарда еріне демеу болып, ел басына күн туғанда жігерлене еңбек еткен аруларымыз күрескерліктің үлгісін көрсеткені бәріне мәлім.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support