- Advertisement -

Тайм-менеджмент – уақыт ысырапшылдығынан сақтайды

34

- Advertisement -

Технократтық дәуірде адамзат ұстанымдары қайта қаралатыны сөзсіз. Өйткені, жаңа инновациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа енуі жан баласының жадынан ең аяулы құндылықтарды біртіндеп ысырып жатады. Осындай бағалы қазынамыздың бірі уақыт. Күндегі күйбең тіршілікті жеңілдетуге тырысқан түрлі техникалар ойлап табылғанымен, оның ешбірі бүгін уақыт тапшылығын жеңе алмай отыр. Демек, әрбір адамның уақытты үнемді пайдалануы оның пенделік принциптеріне ғана байланысты.

Ғылымда уақытты тиімді басқару жүйесін тайм-менеджмент дейді. Әсіресе, бұл термин іскер азаматтар ортасында кеңінен пайдаланылады. Алайда, осы бір ұғым жалпы қолданысқа енгеніменен, біртұтас қағидаттар мен ережелерді қалыптастыра алмады. Себебі, уақытты жоспарлау турасында нақты бір принцип жоқ десек те болады. Әркімнің өз кредосы бар.

Мәселен, мультимиллиардер Илон Маск «Мен үшін уақытты дұрыс пайдалану – әр іске жауапкершілікпен қарау», – дейді. Мұнысы түсінікті. Салғырт жасалған іс шикі болады, ал оны қайта жасап жүріп уақыт жоғалтасың. Ал, отандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембай үшін бастысы тайм-менеджмент емес, энергия. Оның пікірінше, энергиясы жоқ адамның уақыты қанша көп болса да ісі өнбек емес. Ең қызығы – «Facebook» компаниясының негізін қалаушы М.Цукербергте болды. Ол көбіне қысы-жазы бір киіммен жүреді екен. Кәсіпкердің пікірінше, өз ісіңнен бөлек дүниелерге көп көңіл аударту жұмыс өнімділігін төмендетеді. Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Уақытты басқару технологиясы бойынша ұлтымызға бір табан жақыны күншығыс елінің философиясы болып тұр. Күнделікті күйбеңіне аса ыждаһаттылықпен үлкен мән беріп, оны өнер деп қабылдайтын жапондықтар үшін уақыт тапшылығы онша бас қатыратын дүние емес. Олар бұл ретте ұлттық калоритімен біте қайнасқан «Кайдзен» философиясын ұтымды жүзеге асыра білген. Алғаш қару-жарақ өндірісінде кәдеге жаратылған американдық «Өндірісті үйрету тренингі» кейіннен жалпы жапондық тіршілікке дендеп ене бастады.

Осылайша, бастапқы мақсаты кәсіпорындағы тәртіпті қалыптастырып, өнімділікті арттыруға бағытталған жоба жергілікті халық өмірінің сан-саласын қамтып, ендігінде үздіксіз даму философиясы, яғни «Кайдзен» деп аталды.

Жалпы, Кайдзенде тайм-менеджмент туралы титімдей сөз таппайсыз. Себебі, ондағы қолданылған ережелер уақыт тапшылығын тудыртпайды да. Тиісінше, ол мәселемен тікелей күреспейді. Мәселен, «Спагетти диаграммасы» деп аталатын тәсіл түрі адам баласының бей берекет жүріс-тұрысын азайтып, әр затты өз орнына қоюға, әр жұмысты алдын ала нақты жоспарлауға үйретеді.

Жапондардың пікірінше, әрбір жоспарсыз жасалған жұмыс ысырапқа алып келеді. Яғни, мұнда қимыл-қозғалыс, артық ойлау мен артық өнім шығару ысырапшылықтары орын алады. Ал осының бәрі адам энергиясы мен уақытын сарқып бітіретіні анық. Бірақ, жапондықтар бос кеткен уақытта пайдалы іспен айналысуды үйретеді.

Мәселен, кітап оқу, спортпен айналысу сынды мойынбұрмас істерге бір минутыңды ғана арна дейді. 1-ақ минут. Қызығы сонда: күнде 1 минутын пайдалы іске арнаған адам, 4-5 күннен кейін межеден асырып жіберуі мүмкін. Сөйтіп, бірте-бірте зая кеткен уақытты пайдалы іспен толықтырады. Осы бір процеспен жапондар мынаны түсіндіргісі келеді – адам миын бірден үлкен цифрлармен қорқытудың қажеті жоқ, керісінше, миға аз- аздан үздіксіз тапсырмалар берілуі қажет.

Сайып келгенде, қазақ дүниетанымында да тайм-менеджменттің ұшқындары бар. Мұндайда ұлтымыз «Уақыт – қадірін білгенге қазына» деп уақыт өлшемдеріне «қамшы сабындай ғұмыр, «қас-қағым сәт» деп маңыз береді. Тек осы ұстанымды өмірлік салтқа
айналдыру өз қолыңызда…

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support