- Advertisement -

Ардақты ақынға құрмет

33

- Advertisement -

Жамбыл аудандық өнер мектебінің мәжіліс залында танымал айтыс ақыны, Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақовтың 60 жылдық мерейтойына орай «Жылдар мен жырлар» атты шығармашылық кеші «Үміт» квартеті орындаған «Аса – асыл әнім» әнімен басталды.

Бұл туындының әні мен сөзін жазған – Айтмұханбет Исақов. Кеш басталар сәтте облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай тапсырды. Басқарма басшысы ақынға құрмет көрсетіп тұрып: «Айтмұханбет Құттыбайұлы – менің де ұстазым. Оқушы күнімізде қолымызға ақ домбыра ұстап, осы кісінің мектебінен өттік», – деді. Мұнан соң Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сөз алып, аудан әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.

– Ауданымыздың танымал айтыскері, білікті ұстаз, ақын, композитор Айтмұханбет Исақовпен біз мақтанамыз. Осы азаматтың еңбегімен әр жылдары жүзге жуық жаңа есімдер облыс, республика көлеміне танылды. Олардың көш басында елдің аузында жүрген жүйрік айтыскерлер Мұхамеджан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаева, Ахметжан Өзбеков тұр. Жерлесімізді асқаралы 60 жас мерейтойымен құттықтаймыз. Айтмұханбеттің ауыл, туған жер тақырыбына жазған әндері қандай тамаша, озық туынды. Мерейтой иесінің алдағы уақытта да берері мол деп білемін. Отбасына береке, деніне саулық, шығармашылық табыс тілеймін, – дей келе ақынға құрмет көрсетті. Мәдениет, ақпарат, спорт, туризм салалары бойынша салалық кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін аталған кәсіподақтың облыстық филиалы төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев табыс етті.

Сондай-ақ, Қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры Азиз Бимырзаұлы, Жамбыл аудандық мәслихатының төрағасы Мұхтар Шайдаев, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев жылы лебіздерін білдірді.

Өнер кешін белгілі айтыскер, Мәдениет саласының үздігі, айтыс ақындары мен жыршы- термешілері халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков жүргізді.

Мерейтой иесінің «Арманым самға» әнін шәкірттері Ақбота Ержан және Дария Қонысбекова орындаса, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Ғарифолла Лұхманов орындаған әндер де көптің көңілінен шықты.

Кеш барысында өзге де бірқатар азаматтар ақынға құрмет көрсетті. Ақындар Қасқырбай Нарбатыр, Ербол Қамбатыр, Үміт Битенова және танымал айтыскерлер Күміскүл Сәрсенбаева, Алтынкүл Қасымбекова арнау өлең оқып, әсерлі естеліктер айтты. Кеш барысында мерейтой иесінің шәкірттері Мұхамеджан Тазабеков пен Айнұр Тұрсынбаева ұстаздарына көлік мінгізгені туралы айтылды. Белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаровтың құттықтау өлеңі оқылды. Мерейтой иесі өзінің бірқатар жаңа өлеңдерін оқып, жерлестерінің назарына ұсынды.

Әнші Гүлмира Байболованың орындауындағы Айтмұханбет Исақовтың әні мен сөзіне жазылған «Ащыбұлақ» әнімен кеш соңы түйінделді. Сахнаға аудан әкімінің ықылас гүлі қойылды.

Мұнан соң ғимараттың сыртында облыстағы айтыскерлер сыйға тартқан күрең тұлпарға мерейтой иесін мінгізу рәсімі өтті. Ол жерде де танымал айтыс ақыны Қанат Мырзахан үкілі домбырамен арнау айтып, ел көңілін серпілтті.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support