- Advertisement -

Отты жылдар

29

- Advertisement -

Адамзат тарихындағы қанқұйлы оқиғалардың бірі – Ауған соғысы 1979 жылы басталып, 1989 жылы аяқталды. Он жылға созылған сұрапыл зұлмат талай жанның тағдырын қиды. Әскери борышын өтеуге кетіп, қан майданның қақ ортасына түскендер де аз болмады.

Бір отбасы жалғыз ұлынан айырылса, енді бірі асыраушысынан қапыда көз жазып қала берді. Әуелде тыныштықты сақтаймыз, теңдікті қалпына келтіреміз деген мақсатта аттанған Кеңес әскері Ауған жерінде қан кешуге мәжбүр болды. Бұл соғысқа Қазақстаннан 21 979 адам қатысып, 780-і қаза тапты. Ал, 22 әскери жоғалып кетті.

Осынау трагедияға толы Ауған соғысының аяқталғанына, Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Жиынға «Ауған ардагері», генерал-майор Әлімжан Ерниязов, ардагерлер Бауыржан Тұмабекұлы, Жеңіс Сертеков, Мақсатбек Әбдібеков қатысты. Сондай-ақ, Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенттері мен 01/731 әскери округінің сарбаздары да кездесуде белсенділік танытты. Талай жанның қабырғасын қайыстырған ХХ ғасырдың ең ұзақ қантөгісі тарих дәптерінде қалары сөзсіз. Аталған кездесу де Ауғанның аласапыранын болашақ ұрпаққа таныстырып, жастарды отансүйгіштікке, халқына адал қызмет етуге, өз Отанының патриоты болуға баулу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараны облыстық интернационалист жауынгерлер одағының төрағасы Керім Ізбасаров ашып, Ауғанның отты жылдары жайлы еске алып, бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Келесі кезекте өзге де соғыс ардагерлері майдандағы әскери өмірлерінен сыр шертті. Кездесу барысында генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы жастарды патриот болуға, Отанын сүюге шақырып, қай саланың маманы болса да, адал қызмет етуге үндеді. «Өз ісіне адал қызмет еткен адам– өз елінің нағыз патриоты», – деді ардагер.

Жиын соңында ардагерлер студенттердің сұрақтарына жауап беріп, естелік суретке түсті.

 

Құрманғазы ДЕМЕШЕВ,

облыстық тарихи өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залының меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support