- Advertisement -

Мүгедек жандардың мәселесі ескерілмей отыр

72

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүгедектігін растау үшін жыл сайын өтетін комиссия процесін барынша жеңілдетуге тапсырма бергенін білеміз. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың денсаулығына сараптама жасау кезінде сала мамандарының салғырттығы да болады. Өңірімізде кейбір адамдардың бірінші топқа кіретін мүмкіндігіне шектеу қойып, оны осы күнге дейін екінші топқа жатқызғандығын ел айтуда.

Мәселен, Меркі ауданы, Жаңатоған ауылдық округіне қарасты Мыңқазан ауылының тұрғыны Серікгүл Алишеваның мүгедек арбасына таңылғанына 4 жыл уақыт болыпты. Бүгінде халі мүшкіл. Өз еркімен жүріп-тұруы өте қиын. Кейде есін жоғалтып қоятыны да бар екен. Арбада отырған ол, тіпті, тамақ ішуге де дәрменсіз.

Келіні Айсұлу Абдуллаеваның сөзінше, науқас жаялықтан басқа ешқандай жәрдемақы алмайды. Оның жағдайы тек жанұясында ғана бақыланады.

– Жасы жетпіске келген анамыздың тек зейнетақысын ғана аламыз. Медициналық қызметке жиі жүгінеміз. Жедел жәрдем уақтылы келмейді, кейде аудандық ауруханаға өзіміз таксилетіп баруға тура келеді. Аудандағы медициналық- әлеуметтік сараптама комиссиясының зерделеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Бұл кісі негізі бірінші топтағы мүгедек. Комиссия екінші топқа жатқызды, – дейді келіні.

Сондай-ақ, ол атасы Қуанышбектің де мүгедектігі бар екенін айтты. Яғни, бір үйде екі мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Екеуін тамақтандырып, тазалығын қамтамасыз ету келіннің мойынында. Күйеуі таңнан кешке дейін малдың қамын жасайды. Тек қолы бос кезде ғана көмектеседі. Күтушілерге арналған әлеуметтік төлем де алмайды екен.

Ұлы Аманғазы Қуанышбекұлы, жылына бір мәрте болатын комиссиядан өту қиын екендігін, сараптама жасаушылар сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндігін атап өтті.

Ал, аталған елді мекеннің учаскелік дәрігері Рүстем Мақсат: «Бұл кісі 2022 жылы инсульт алды. Былтырғы жылға дейін 3 мәрте реабилитациялық этапта реабилитациялық көмек алды. Содан кейін, белгіленген уақыт ішінде комиссиядан өтіп, 2-ші топ тағайындалды. Қазіргі таңда қайтадан комиссиядан өткізуге дайындап жатырмыз», – дейді.

Ал, шағым айтушылар осы мәселені көтеріп, талай мәрте шырылдаған. Бірақ олардың тарапынан бұған дейін еш көмек болмаған. Әлдеқашан 1-ші топтағы мүгедектікке өтуге тиісті адамның ауыр халіне немқұрайлылық танытып жүрген.

Осы орайда біз Меркі аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Смағұл Дәулетовке хабарластық.

– Серікгүл Алишеваға былтыр 2-ші топтағы мүгедектік тағайындалған. Қазіргі кезде қант диабеті және жүрек ауруының қаупі бар. Бүгінде эксперттердің, оның ішінде невропатолог, травматолог және учаскелік дәрігерлер жағдайын тексеріп, тағы да ем шараларын қабылдатуға кеңесімізді жүргіздік, – дейді ол.

Сонымен қатар, еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаментіне бас сұқтық. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүгедектігін растауға арналған комиссиялық сараптамалардың мәліметін сұрадық. Олар біз сұраған мәліметтерді алу үшін басшыға хат жазу керектігімізді жеткізді. Тек журналистерге емес, жалпыға жария етуге тиісті ақпарат алудың жолын неге қиындатып жібергенін түсіне алмадық.

 

Нұржан ӘЛІШ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support