- Advertisement -

Заман көшінен қалмау маңызды

22

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруы тиіс», – деп атап өткен еді. Сондай- ақ, онда еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдіктің нағыз отаншыл, адал адамдарға тән қасиеттер мен құндылықтар екендігін атап өткенін білеміз.

Демек, бүгінгі жаһандану заманында еліміз үшін Отанымыздың тарихы мен айбарын, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы батыл шешімдер мен істерді жаңашыл мәдени-танымдық пішімде жеткізу айрықша маңызды болғандықтан, өте маңызды тақырыпқа айналып отыр. XX ғасыр мен XXI ғасырдың тоғысында қол жеткізген егемендігіміздің айрықша нышаны ретінде мемлекеттілігіміз бен елдік ұстанымымыздың айнымас қағидаты ретінде жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бай тарихын, баянды дәстүрін таныстыру мақсатында елімізде бұл бағытта көптеген көңілге қонымды істер жүзеге асырылып келеді.

Сондай игі істердің бірі ретінде 2010 жылы аудан әкімінің шешімімен аудандық тарихи- өлкетану музейі ашылды. Музей қызметкерлерінің алдында тұрған жауапты міндет – ежелгі тас дәуірінен бастап, бүгінге дейінгі еліміздің тарихын жалпы азаматтық құндылықтар талғамы мен талабы тұрғысынан көрсете білу.

Қазіргі уақытта барша елдік мәселені білім мен ғылым тұрғысынан байыптау қажеттігі туып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда музей мәдениетке ынтызар қауымға жәдігерлерді қаз-қалпында көрсетіп, оның төл тарихынан мол ақпарат беретін жетекші, көркемөнер және тарихи, мәдени орталықтың біріне айналары сөзсіз. Әлбетте, музейді құрып, қалыптастыру маманнан кәсіби адалдық пен шеберлікті талап етеді, оған сауатты да сауапты жұмыс істеуді жүктейді.

Ал, дүниеде бәрі де өзгеретінін, заманның құбылатынын ескерсек, уақытпен үндесіп, өз дәуірінің тілінде сөйлеп тұратын экспозициялар жасақтаудың маңызы зор. Қазіргі заманда музейлер өз жұмысын толыққанды атқару үшін қызметін жаңа жетістіктермен, тың әдістермен және озық технологиялармен үнемі байыта отыруы тиіс. Бұл ретте ғасырлар бойы қалыптасқан осы саланың дәстүрін мұқият сақтау, мемлекеттік мүддені алтын арқау ету – маңызды қағидат дер едік.

Мемлекет басшысы руханиятты дамытуға үлкен мән беріп отыр. 2024 жылы көшпелілер ойындары өтетіні белгілі. Айтулы іс-шара ұлттық спорт түрлерін жан-жақты насихаттауға ғана емес, мәдени байланыс пен қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізері сөзсіз.

«Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сөздің астарында үлкен жауапкершілік, атқарылатын ауқымды тірлік жатыр. Ал, белгіленген маңызды міндеттерді орындауға жұмыла кіріссек, алынбайтын асу болмайтындығы анық.

 

Айнагүл МАМЫТБЕКОВА,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support