- Advertisement -

Сондай да бір күн болған…

734

- Advertisement -

Институттың соңғы курсында көлік апатына түсіп, басымның оң жағынан жеңіл жарақат алдым. Он екі мүшем сау. Миым ғана шайқалыпты. Шымкенттің ауруханасына біраз уақыт жатып шықтым. Аурухана тұсындағы аялдамаға келіп, жатақханама баратын көлікті күттім. Қысқы қала көшелерінен ары-бері ағылған ірілі-ұсақты көліктерден басым ауырып, жүрегім айныды. Өзім тосып тұрған автобустың бір емес, төртеуі өтті. Ешқайсысына мінуге жүрегім дауаламады. Автобусқа отыруға шошып қалғанымды ұқтым. Қанша оқталсам да, көлікке міне алмайтынымды байқаған соң, тротуарлардың бойымен тәуекел етіп, ұзақ жолды баяу басып жүріп, жатақханама жеттім.

Көп ұзамай, оқуыма кірісіп, бұл оқиғаның ізі көмескілене бастаған.

Диплом алдым. Туған жеріме қайтып, мұғалімдік қызметке тұрдым. Анда-санда ұстап қалатын бас ауруына шалдыққаным болмаса, бәрі ойдағыдай. Бірақ, бір түйткіл маза бермейтін сияқты. Диплом қорғарда ғылыми жұмысымның зерттеу объектісіне ақын Төлеген Айбергеновтың шығармаларының поэтикасын тақырып етіп алғанмын. Жыл бойы зерделеп, жазып жүргенде қолыма түскен ақынның бес кітабындағы бүкіл өлеңдерін жаттап алғанмын. Нәтижесінде еңбегім мемлекеттік емтихан комиссиясы тарапынан жоғары бағаланып, дипломдық жұмысымды бестік бағаға қорғадым. Енді міне, ауылымдағы мектепте жұмыс істеп жүргенде әдебиет үйірмесіндегі оқушыларыма сүйікті ақынымның сол өлеңдерін жатқа оқиын десем, жаңылыса беретін болыппын. Қалай демде ұмытып қалғанмын. Ұйқтап жатқанда біреу түртіп қалса, ұшып тұрып зуылдатып оқи беретін өлеңдерім еді ғой.

Арада сегіз жыл өткенде тағы көлік апатына ұшырап, аман қалдым. Бұл жолы мойным зақымданып, алтыншы, жетінші омыртқалардың еті қысылып қалуы салдарынан басым сол жаққа бұрыла қисайып қалды. Облыс орталығында бір жарым ай емделдім. Қисайған мойным қалпына келіп, жүріп-тұруым жөнделген соң, ауруханадан шығатын болдым. Ауылға алып кетуге келген жұбайым екеуіміз дәрігердің еңбекке жарамсыздығым туралы анықтаманы беруін күтіп, ауладағы орындықтардың бірінде отыра тұрдық. Жазғы уақыт. Жасыл желекке көмкерілген аурухана ауласында бірқатар науқастар жаяу қыдырыстап жүр. Ауылдағы екі жасар қос балапанымыздың мені сағынғанын, үйдегілердің де асыға күтіп отырғанын, жұмыстағылардың жаңалықтарын айтып тауыса алмай отырған күйеуіме менің де бірдеңе айтқым келетін сияқты.

–Тоқташы, – дедім оған.

–Тыңдашы!

Сөйттім де, дауыстап өлең оқи жөнелдім. Төлеген ақынның өлеңі.

Өзімді өзім қанша тізгінімді тартайын десем де, ағын судай тасып, ойыма лықсып келген өлеңді тіліммен төгіп- төгіп тастап, он үш шумақтан тұратын поэмаға пара-пар жырдың соңғы жолын айтып барып әзер тоқтадым:

«Жауыңды кескілермін де,

Қас етпен ешкімді ешкіммен.

Бағың боп естілермін де,

Сорың боп естілмеспін мен»!

Күйеуім екпіндеп барып сәл саябырсыған маған таңдай қаға сөйлей берем дегенде:

«Сен маған душар болдың,

Батқанда бақтар сырға.

Мен саған сусар болдым,

Қатқанда қақтар шыңға», – деп Төлегеннің келесі бір лирикалық өлеңін жалғастыра оқи жөнелдім.

Оны оқып біте бергенімде, амалсыз қолын шапалақтап, үнсіз қошеметін білдірген жолдасымның аузын аштырмастан тағы да Төлегендікінен төкпелете жөнелдім. Не керек, жастай бақилық боп кетіп, соңына ғажайып шығармалар қалдырған керемет ақынның өлмес туындыларының бірінен соң бірін оқып, тоқтай алсамшы. Дәп бір бүгінгі таңдағы ғаламторға тәуелді заманауи технологияның жады сықылды менің есте сақтау қабілетім өзінен-өзі іске қосылып кетіп, еркіме бағынбай, осылай біраз уақытымызды кетірді.

Қанша дегенмен, науқас төсегінен енді тұрған жайым бар, ентігіңкіреп барып, зорға басылдым. Ауылға аман- есен келіп, отбасыммен қуана қауышып, мектептегі қызметіме қайта оралдым.

Ол кезде уақыт та жай өтетіндей көрінуші еді. Ауылдың кеші шынымен де көңілді болатын. Жұмыстан кейін бала-шағаңа қарап, мал жайғап, кешкі асыңды да әзірлеп үлгересің. Теледидардан сол кездері шетелдің көркем фильмдерін қарау иісі қазаққа жаппай үрдіс бола бастаған шақ. Түркияның, Бразилияның, Еуропа мен Американың сериал деп аталатын ұзын-сонар киноларын тамсана тамашалаймыз. Бірінен бірі айнымайтын (отбасылық сериалдарды «мыльная опера» деп те атайды) «сабынды» опералардың күйкі тірлік пен адамдар арасындағы пендешілік қарым- қатынастар туғызған сюжеттері көрген адамды жіпсіз байлап, келесі күнгі болатын жалғасына еріксіз жетелеп отыратын. Арасында біреулері ауыр соққыдан немесе жол-көлік оқиғасынан ауру боп қалып, есінен танып жатады. Оянып, есін жиғанда: «Мен қайдамын? Сен кімсің? Оны танымаймын», деп, аузын ашып, көзін жұмып, жан-жағына тосырқай қарап, бұл дүниеден хабарсыз жаратылған жаңа туған сәбидей күйге түсіп, көрермендерді киноға одан сайын ынтықтыратыны бар. Сонда емдеуші дәрігерлері ол кейіпкерге «амнезия» деген диагноз қояды. Бұл диагноздың атын бірінші рет естіп тұрғандықтан, менің де ойыма бір нәрсе сап ете қалды. Әлгі бірінші жол апаты болған кезімде мен де амнезия болып, шайқалған миым екінші апаттың соққысынан соң қайта «орнына түскен» шығар онда. Сондықтан бірінші посттравматикалық соққыдан пайда болған менің ұмытшақтық дертім әлгі кинолардағыдай екінші соққыда қайта қалпына келді ме екен, әлде?!.

Амнезия (грекше «Ἀμνησία» – ұмытшақтық, есінен айрылу – бастың жарақатынан, ауыр соққыдан зақымданған адамның еске түсіру және есте сақтау қабілетінің жоғалуы, нәтижесінде адам жадының нашарлауы немесе жойылуы делінеді ресми дереккөздерінде. «Адам басының жеңіл жарақатындағы амнезия әдетте уақыт өте келе емделусіз өтеді» дейді онда.

Сөйтіп, үдемелі амнезия, бекімелі амнезия, ретроградтық амнезия және антероградтық амнезия болып бөлінетін амнезия ауруы туралы мен өз басым осындай шетел сериалдарынан құлақтанып білдім. Ал, мені емдеген дәрігерлер менің жадымның ішінара жоғалуын, кейін сегіз жыл өткенде қайталанған соққыдан есте сақтау қабілетімнің қайтадан қалпына келгенін аңғарған да жоқ.

 

Үміт БИТЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support