- Advertisement -

Әлеуеті артқан аудан

25

- Advertisement -

Шу ауданында өткен жылы өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі – 22 044,2 миллиард теңге, ал ауыл шаруашылығы өнімі көлемі – 103,1 миллиард теңгеге жетті. Инвестиция көлемін арттыру, құрылыс жұмыстары, тұрғын үй, сауда айналымы бойынша да оң нәтиже бар. «Ауыл Аманаты» жобасы 5 ауылдық округте іске асырылған. Жобаның бес бағыты бойынша 683 өтінім қабылданып, 3,7 миллиард теңгеге несие берілген.

Ел игілігіне арналған жобалар

Жалпы, ауданда 94 канал бар. Оң жағалаудағы магистралды канал бойындағы 9 каналдың жөндеу жұмыстарын осы жылдың суғару маусымына дейін аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда Ақтөбе және Огородный каналдарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 35 канал бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. 31 канал республикалық меншікке өткізілді.

Өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамту. Оның кезегінде 1790 адам тіркелген. Биыл тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік бағдарлама аясында 576 миллион теңге бөлініп, кезекте тұрған 60 азамат баспаналы болды. Одан бөлек, Төле би ауылында 14 пәтерлі жатақхананың кілті тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға табысталды. «Асар» жобасымен 2020 жылы 19 тұрғын үй, өткен жылы 4 үй пайдалануға берілді. Биыл 5 үйді кезең- кезеңімен беру жоспарлануда.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 30 маман баспанамен қамтылды.

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 663 миллион теңге және Шу қаласы «Жетісу» тұрғын аумағында 80 пəтерлі тұрғын үйдің құрылысына қажетті қаржы қолдау тапты. Осының аясында тұрғын үй кезегіндегі 140 азамат баспаналы болады деп жоспарлануда.

Жалпы ауданда 142 көппәтерлі үй бар. Осы үйлерге зерделеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде мемлекеттік бағдарлама арқылы көппәтерлі 34 үй жөндеуден өткен. Өткен жылдың сәуір айындағы облыстық бюджетті нақтылау барысында 167 миллион бөлініп, Шу қаласындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауданда 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған.

Аудан көлемінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің қамтылу деңгейі 74,3 пайызды құрап отыр. 7 елді мекен (Тасөткел су қоймасы, Бөлтірік, Жиенбет, Еңбек, Алайғыр, Құлақшын, Көкжиек) ауыз сумен қамтамасыз етілмеген.

Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін 6 ауылда құрылыс жұмыстары басталып, Көкқайнар, Ақтөбе және Еңбекші ауылдарында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Сауытбек ауылындағы құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде орындалмауына байланысты бүгінгі күнге мердігерге қатысты сот органдарына талап арыз жолданып, сот отырысының оң шешімі алынып, 6,7 миллион теңгеге айыппұл өндіру бойынша шешімі шығарылды.

Шу ауданындағы 35 елді мекеннің 18-і табиғи газбен қамтылған.

Ал, 6 ауылды газдандыру экономикалық жағынан тиімсіз, қосылу нүктесінен алшақ және халық саны аз. Сондай-ақ, өткен жылға ауданда 14 әлеуметтік нысанды табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді. Оның 12-і білім нысаны, 1-і көппәтерлі тұрғын үй (75 пәтер) және СПТУ-24 жатақханасы.

Биыл 3 медициналық нысанды газға қосу жоспарлануда. Шу ауданы бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 844,82 шақырымды құрайды. Аудан бойынша 2023 жылға көше жолдары бойынша 45 жоба жоспарланып, жұмыстар толық аяқталды. Ауылдық округ тарапынан 8 жоба жоспарланған, жоба құны 126,6 миллион теңге. Бүгінгі таңда, 4 жоба бойынша асфальт төсеу және 4 жоба бойынша орташа жөндеу жұмыстары толығымен жүзеге асырылды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы көше жолдары бойынша жоспарланған 16 жоба аяқталса, биыл 11 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, Шу қаласы мен елді мекен көшелерін орта жөндеуге 50/50 паритетті негізде 15 жоба тізімі берілді. Шу қаласында ұзындығы – 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар болса, оның ішінде мүлдем асфальтталмағаны – 164 көше, ол 52 пайызды құрайды.

2024 жылдың жоспарына 32 көшені асфальттауға бюджеттік ұсыным берілді. Аталған ұсыным негізінде бюджеттен қолдау тапқан жағдайда ұзындығы 16,072 шақырым болатын 32 көше жөнделетін болады. Сондай-ақ, 28 шақырым болатын 20 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары және 6 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу жоспарда бар. Тиісті жобалық- сметалық құжаттамалары әзірленген.

Ауданда 114 білім мекемесі бар. 2021 жылы бастау алған Төле би ауылындағы 300 орындық әл-Фараби мектебі қараша айының 20 күні пайдалануға берілді. Биыл 5 жаңа мектеп, 2 жапсарлас құрылыс, 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-семталық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді.

Денсаулық сақтау саласында 32 медициналық ұйым бар. Былтыр Төле би ауылында 48 орындық балаларды оңалту ортылығы және Жиделі стансасында 5 келушіге арналған медициналық нысан пайдалануға берілген болатын. 2024 жылы Аспара стансасында 5 келушіге арналған медициналық нысанның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, 2025 жылға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Шу қалалық ауруханасын күрделі жөндеу мен қайта жаңғыруға жобалық-семталық құжаттарын әзірлеу үшін 15,6 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде медицина саласындағы қажеттілігі толық шешімін табатын болады.

48 мәдени ошағының 2 ауылдық клубы апатты жағдайда болса, 5 клуб ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Былтыр Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тамыз айында пайдалануға беріліпті. Бүгінгі күнге Қонаев аулында құны 369,1 миллион теңгеге спорт кешенінің құрылысы аяқталды. 2024 жылы 26 жоба жоспарланып, заманауи үлгіде стрит воркаут, баскетбол, футбол алаңшалары және балалар ойын алыңшаларын салу көзделуде.

Биылғы жылдың жоспарына 42 көшені асфальттауға бюджеттік ұсыным берілген. Аталған ұсыным бюджеттен қолдау тапқан жағдайда 618 миллион теңгеге ұзындығы 20,2 шақырым болатын 42 көше жөнделетін болады.

Сондай-ақ, келер жылға 28 шақырым болатын 20 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары және 6 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу жоспарда. Тиісті сметалық құжаттамалары әзірленген. Жалпы сомасы 270,8 миллион теңге.

Шу қаласы, Төле би ауылы, Қонаев ауылының тұрмыстық қатты қалдықтарын тастайтын полигонының жұмысын жүйелендіру бойынша жұмыстар зерделенуде. Шу қаласының полигоны жеке инвесторға сенімгерлік басқаруға берілді. Аталған бағытта қалған ауылдармен де жұмыстар жүргізілетін болады.

Міне, осы шаруаның барлығы Бақытжан Оразалыұлы аудан тізгінін ұстағалы бері атқарылған жұмыстар. Аудан әкімінің алдағы жылдарға да жоспары өте көп. Шырайлы Шу жерінде өзінің қолтаңбасын қалдыруға бар күшін салып жүрген әкімнің жұмысының сәтті боларына шулықтар бек сеніп отыр.

– Облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданы бүгінде Әулиеата өңіріндегі экономикасы дамыған үлкен аудандардың бірі екені баршаға мәлім. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зер салған жан оның оңды көрсеткіштеріне күмән келтіре алмайды. Қарақты көзге соңғы жылдары әлеуеті едәуір артқан ауданның тыныс-тіршілігі де жақсара түскені байқалады. Аудандардағы тұрғын санына байланысты да алдыңғы үштікте тұрған Шу ауданында қазіргі кезде жүз мыңның үстінде тұрғындар тұрады. Соның ішінде 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласының өзін облыстағы үлкен қалалардың қатарына жатқызуға болады. Осы ретте айта кету керек, бұрнағы жылдары Шу қаласына бөлінген қаржының көп болмауына байланысты біршама жұмыстар кенже қалып, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындардың бірқатары ескіріп те қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өткен жылы Шу қаласының бюджетін үш есеге дейін арттырып, оны шешімін күткен мәселелерді шешуге жұмсадық.

Мәселен, қаладағы аумағы жөнінен ең үлкен «Жеңіс» саябағына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-семталық құжаты әзірленуде. Шу қаласы Айнакөл көшесіне іргелес жатқан аумақта Атшабар құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Шу қаласындағы аудандық полиция бөлімі ғимаратының тозығы жетуіне орай, жаңа ғимарат құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Сондай-ақ, орталық көше бойындағы ескерткіштердің маңын абаттандыру, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, С.Шәкіров ескерткіші маңындағы аллеяны абаттандыру сынды жұмыстар да қолға алынды. Шу қаласында ұзақ жыл шешімін таппай келе жатқан бір мәселе болса, ол – қаланың Батыс шағынауданындағы кәріз және шайынды су жүйелері екені белгілі. Аталған нысаннан шығатын қолаңса иіс мұндағы тұрғындар үшін үлкен қиындық тудыруда. Сондықтан да аталған нысанды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жолданды.

Жалпы, дүниежүзілік тәжірибеде ел тұрғындарының ресурсын үнемдеу үшін жекеменшік тараптардан инвестиция тарту ісі кең таралған әдіс. Ол бір жағынан мемлекеттің жауапкершілігін сәл жеңілдетсе, екінші бір жағынан жаңа инвестиция көзі ретінде жеке адамның табысын еселей түспек. Түптеп келгенде, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар түгенделіп, өңірлердегі кәсіпкерліктің тынысы біршама ашылады. Оған қоса, бұның оңтайлы әдіс екенін байқап, халыққа керекті нысандарды ашуға ниетті кәсіп иелерінің де үлесі арта түсері анық. Бір шетінен мемлекеттік қазынаның қарымы жете бермейтін, әсіресе, шалғай аудандардағы әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында үнемі айтып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар да ауданымызда өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Мысалы, жуырда ғана шетелдік инвестор «Alstom Kazakhstan» ЖШС-ның өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқыладық. Ауданымызда электровоз құрастыру зауытын салуды көздеп отырған серіктестік бүгінде Шу қаласынан жер алып, заң- дастырып қойды. Сәтін салса, жалпы құны 2 , 2 миллиард теңгені құрайтын зауыттың құрылысы жоспарға сәйкес алдағы жылы толық аяқталады деп күтілуде. Жалпы, ауданымызға аңсары ауған инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, сол арқылы жергілікті жерде тұрақты жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта одан әрі жанданатын болады, – дейді Бақытжан Оразалыұлы.

Үш отбасы баспаналы болды

Өңір басшылығының бастамасымен қолға алынған «Асар» жобасы ауданда сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінгі күнге дейін оннан аса отбасының баспаналы болып, қоныс тойын тойлауы да соның айқын дәлелі. Жақында аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округінің екі бірдей тұрғыны баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Аталған игі іс-шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов арнайы қатысып, қоныс иелерінің қуанышын бөлісті. Аталған екі тұрғын үй де «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен алынғанын айта кеткен жөн. Бұл ретте аудан басшысы кәсіпорын өкілдеріне аудан әкімдігінің ұсынысына бірден қолдау білдіріп, баспанаға мұқтаж екі отбасының үйлі болуына сеп болғаны үшін алғысын жеткізді. Салтанатты іс-шараға кәсіпорын өкілі Бауыржан Макин арнайы келіп, жалғызбасты ана Әлия Ибрагимова мен мүмкіндігі шектеулі азамат Рашид Аксановқа тұрғын үйдің символикалық кілттерін ресми түрде табыс етті. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары да қазақы дәстүрге сай демеушілердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан дәл осындай демеушілік жұмыстар өз жалғасын табуда. Ендігі кезекте Көкқайнар ауылындағы екі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, 4 ауылдық округте спорт алаңшалары салынуда. Сондай-ақ, Көкқайнар ауылында күрес залы бой көтеретін болады. Бұдан өзге де бірқатар жұмыстардың дәл осы кәсіпорын қаржысына істеліп жатқанын айта кету керек. Аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы биыл да демеушілік жұмыстар жалғасып, аудан игілігі үшін ауқымды тірліктер атқарылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, аудан орталығынан шалғай орналасқан Балуан Шолақ ауылдық округі аталған жоба арқылы тағы бір түтінге көбейіп, бір отбасы баспаналы болды. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев пен ауыл ақсақалдары өткен жылы үйі өртенген Айдар Тұрысовқа баспананың кілтін табыс етті. Сонымен бірге баянды бастаманың басы-қасында жүріп, демеушілік көрсеткен қайырымды азаматтар да салтанатты іс-шараның куәсі болды. Іс-шара барысында ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, игі шараға ұйытқы болған азаматтарға алғысын жеткізді.

Жиделі стансасындағы қуаныш

Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мінбердегілердің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әйтсе де көпшілік шалғай ауылдардағы жағдайға алаңдаулы. Көбіне-көп шалғай елді мекендегі ақ халаттылар жазатайым жағдай бола қалса, ауылдағы ағайынға жәрдем көрсетуде шарасыздық танытып жатады немесе аудан орталығына сабылуға мәжбүр болады. Ондағы басты себеп – жергілікті жерде арнайы медициналық нысанның жоқтығы. Сондықтан да Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырып отыр.

Жиделі стансасында пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория осы сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. 5 келушіге арналған нысанның құрылысы күні кеше толық аяқталып, енді міне, ел игілігіне беріліп отыр. Осыған орай, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, салтанатты іс-шараға арнайы қатысты. Тұрғындарды су жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтаған аудан басшысы ондағы ақ халатты абзал жандардың жұмысына сәттілік тіледі.

Салтанатты іс-шара барысында ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріміз де өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған нысанға мердігер компания тарапынан қосымша медициналық құралдар да сыйға берілді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да мердігерге сапалы соғылған нысан үшін ризашылықтарын білдірді. Рас, бұған дейін ауданнан шалғай орналасқан жиделілік тұрғындардың өз ауылында дер кезінде ем алуға мүмкіндіктері болмаған. Олар медициналық көмек алу үшін аудан орталығына немесе көрші ауылға баруға мәжбүр еді. Бірақ бұдан былай ауыл азаматтары шалғай түгілі, шартарапта тұрса да медициналық көмек қолжетімді болмақ. Ауданның бас дәрігері Жайдар Әйтішев тұрғындарды мұндағы медициналық мекеменің материалдық-техникалық жарақтандырылуы жоғары деңгейде деп сендірді. Халық денсаулығы мемлекет дамуының ең басты нәтижесінің бірі екенін жоғарыда айттық. Сонымен бірге, адам саулығына жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, оның қолжетімділігі әрбір адам өмірі сапасының құрамдас бөлігі болып табылатынын да айта кету керек. Сол себепті, үйінен қарыс қадам аттамай-ақ алғашқы көмек ала алатын қалалықтардан бөлек, өңіріміздің шалғай аудандарындағы ағайынның да медициналық көмекке деген қолжетімділігін назардан тыс қалдырмаған жөн.

Екі ауылға таза ауыз су

Қазіргі таңда ауыз су еліміз бойынша күрделі мәселелердің бірі болып отырғаны жасырын емес. Сапалы, таза ауыз сумен барлық елді мекендер қамтамасыз етілген дей алмаймыз. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары аудандағы бірқатар ауылда ауыз суға қатысты талайды толғандырған түйткілді мәселе шешімін таба бастады. Дәлірек айтқанда, өткен жылдан бері өңірдегі 6 ауылға ауыз су жүйесін тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келді. Олардың қатарында Жаңақоғам, Сауытбек, Көкқайнар, Еңбекші, Ақтөбе ауылдары мен Шу қаласындағы «Қант зауыты» шағынауданы да бар.

Жақында Еңбекші мен Көкқайнар ауылдарында ауыз су жүйесі мен су шығару ғимараты пайдалануға берілді. Осылайша, ұзаққа созылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы орындалып отыр. Қос ауылдағы салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы ауылдықтарды құттықтады.

Ол Шу ауданында 35 елді мекеннің 26-ы немесе 47,3 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылғанын, биыл 6 ауылда тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде Еңбекші мен Көкқайнар және Ақтөбе ауылдарындағы құрылыс аяқталып отырғанын айтты.

Ауылдықтардың өмір сүру сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе – ауыз су екені белгілі. Дәл осы мәселе Еңбекші ауылында көптен бері шешілмей келе жатқан түйткіл болатын. Енді, міне, бұдан былай мұндағы 700-ге жуық тұрғын сапалы ауыз суды тұтынбақ. Сонымен бірге, ауыз суға қатысты мәселе аудан орталығынан шалғай орналасқан Көкқайнар ауылында да өзекті еді. Мұнда да қыруар жұмыстар атқарылып, нәтижесінде ауылда ауыз су жүйесі мен су шығару ғимараты салтанатты түрде ел игілігіне берілді. Аталған іс-шараға қатысқан ауыл тұрғындары мен ақсақалдар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысына ақ баталарын берді.

 

Дайындаған Есет ДОСАЛЫ.

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support