- Advertisement -

Жұмыссыз жастар саны қайтсе азаяды?

80

- Advertisement -

Бүгінде Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асты, олардың жұмыспен қамтылғандары 9 миллион адам ғана. Осы жұмыспен қамтылғандардың 6,9 миллионы немесе 76,6 пайызы экономиканың мемлекеттік секторында жұмыс істейтіндер болса, жалдамалы еңбеккерлердің саны 2,1 миллион адамды құрайды.

Еліміздегі 118 жоғары оқу орындарында 2022-2023 оқу жылында 578,2 мың студент оқыды, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 228 мың жас білім алды. Осы оқу жылы жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың саны 162 мың адамды құрады. Қазіргі уақытта дипломы бар мамандардың жұмыссыз жүргендері де аз емес. Статистика мәліметінше, елімізде жұмыссыздардың деңгейі 4,8 пайыз болса, 15 пен 28 жас аралығындағылардың жұмыссыздық деңгейі – 3,3 пайыз.

Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың 20-30 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа қабылданып, қалғандары мүмкіндіктеріне қарай құрылысқа, күзетке және басқа да салада жұмысқа орналасады.

Мемлекеттік грант бойынша мамандық алғандардың арасында да жұмыссыз жүргендер баршылық. Мемлекет қаржысы есебінен мамандық алғандардың өз мамандығымен қызметке орналаса алмауы құптарлық жағдай емес. Бұл өз кезегінде мемлекет қаржысының мақсатсыз және тиімсіз жұмсалуы. Сондықтан, грантпен оқып, мамандық алғандардың кез келгені сұранысқа ие болуы және олардың жұмысқа қабылдануы қамтамасыз етілуі тиіс.

Осы орайда, Кеңес одағындағы қызметке қабылдау тәжірибелерінің тиімді тұстарын пайдалануға болатынын айтқым келеді. Атап айтқанда, грант бойынша мамандық алғандарды жоғары оқу орындарының жолдамасымен немесе басқа да тетіктерін енгізу арқылы жұмысқа орналастыруды қалыптастыру керек. Яғни, бос мемлекеттік қызметке қабылдауды жоспарлы түрде тиісті органдардың жолдамалары мен тапсырыстары негізінде жүзеге асыруды қамтамасыз етуге болады.

Жалпы, жас мамандардың қызметке орналасуы тек жоғары оқу орнының міндеті болмауы тиіс. Бұған барлық атқару органдары, кәсіпорындар мен шаруашылық жүргізу субъектілері, жалпы жұмыс берушілер тікелей қатысулары қажет.

Білікті және сұранысқа ие болатын мамандарды дайындауда дуальді оқу әдісін (оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту) енгізудің маңызы зор. Жүйенің артықшылығы – жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғарылап, теория мен тәжірибені қатар меңгерген түлек дайын маман болып, оқуды бітірген соң еңбекке тез араласады. Жас мамандардың дуальді оқу барысында болашақ жұмыс орындарындағы қызметтердің мазмұны мен міндеттерін меңгеруіне мүмкіндіктер туындап, маман ретінде тез қалыптасуына қол жеткізеді.

Осы орайда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Қаржы және есеп» кафедрасында дуальді оқытуды енгізу мақсатында Тараз қаласындағы «Жусан банк», «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамдарымен және «Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаметі» республикалық мемлекеттік мекемесімен келісімшарт негізінде өзінің филиалдарын ашып, студенттерге дәріс оқуға және олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдайлар жасалынғанын айтуға болады. Аталған банктер мен департаменттің білікті мамандары студенттерге дәріс оқып, өндірістік тәжірибеден өтуіне жетекшілік жасауда. Дуальді оқу барысында институттың бірнеше студенттері сол банктерге қызметке қабылданып, бүгінде білікті маман ретінде қызмет атқарып жүр.

Кез келген қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жаңа идея да, тың бастама да жастардан шығады. Сондықтан, мемлекет басқару ісіне кадрлардың жаңа буыны келуі тиіс. Бұл – уақыт талабы. Әр заманның өз қайраткерлері мен кадрлары болады. Бүгінгі таңда билікке кәсіби білікті, халқына адал қызмет ететін, жаңаша ойлайтын, әділ, жауапкершілігі жоғары жас мамандар керек.

Жастар арасында жұмыссыздықты жою үшін мамандықты таңдауда қателеспеудің мәні өте зор. Мамандық таңдаудағы қателiктер адам ресурстарын тиiмсiз пайдалануға және қоғам үшiн экономикалық шығынға әкеледі. Өзі қаламаған мамандықты таңдаған студенттер олардың мүдделері мен қабілеттеріне сай келмегендіктен, оқуларын тастап кетуі немесе диплом алған жағдайда да жұмысқа орналасуға ынталы болмауы мүмкін. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жылда 2000-ға жуық студент гранттан бас тартады екен. 2022-2023 оқу жылында 71,5 мың студент қабылданған болса, жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттердің 68,2 мыңы әртүрлі себептермен оқудан шығарылған.

Мамандықты дұрыс таңдау адамның тағдырына оң әсерін тигізеді. Яғни, жастардың еңбек нарығында өз орнын табуын, қоғамға қажетті және сұраныстары мен мүдделеріне сәйкес маман болуын қамтамасыз етеді. Қазір мамандықты таңдауға көмектесетін, арнайы әдістемелерге негізделген тесттер бар. Олар жастардың жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып, өзінің қабілеттерін толық аша алатын мамандықты таңдауға мүмкіндік береді.

Әлемнің дамыған елдерінде осы әдістерді қолданып жұмыс істейтін орталықтар бар. Тест тапсыру арқылы оқушы өзінің қандай салаға қабілетті екенін және өзінің қандай қасиеттерін дамыту керектігін анықтайды. Қорытындысы тест тапсырушының электрондық жәшігіне жіберіледі. Бұл мамандық таңдауда үлкен септігін тигізеді.

Әрине, осы тесттерді қолдану мамандық таңдаудағы барлық мәселелерді шешеді деп айта алмаймыз. Дегенмен, мамандық таңдағанда жоғары оқу орны немесе қаланың (көп жастардың таңдауы Алматы, Астана қалалары) беделіне қарай шешім қабылдағаннан гөрі өзінің мамандыққа деген қабілетін, қызығушылығын бағалап және оларды жетілдіруді қолға алған жағдайда болашақ мамандықты таңдауда қателесудің деңгейі төмендейтіні шындық.

Еңбек әлеміндегі қазіргі замандағы үрдістерді ескере отырып, кәсіптер туралы өзекті және алуан түрлі ақпаратты қамтамасыз ету, яғни толық ақпарат беретін онлайн платформаларды дамыту маңызды. Бұл өз кезегінде мектеп бітірушілердің түрлі мамандықтар туралы түсініктерін қалыптастыра алады.

Халықаралық Тараз инновациялық институты жастарды жұмыспен қамту мақсатында облыс, аудан және Тараз қаласының жұмыс берушілерінің қатысуымен «Ашық есік» және «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін» ұйымдастырып тұрады. Бұл іс-шаралардың нәтижесінде жастар өздерінің мамандықтары бойынша толық ақпарат ала алады.

Институт қызметкерлері тарапынан облысымыздың мектептеріндегі оқушылар мен мұғалімдердің арасында кәсіби бағдар беру сұрақтары бойынша кездесулер өткізіліп, мамандықтарды таңдауға кеңестер берілуде. Атап айтқанда, институт әкімшілігі мен профессор-оқытушылар облыстың аудан орталықтарындағы мектептерде ұйымдастырылатын кездесулерде кәсіби бағдардың мазмұны мен мәні жөнінде мектеп түлектерімен сұхбаттар өткізіп тұрады. Мектеп бітірушілер институттағы мамандықтардың тізімімен және оларды дайындаудағы заманауи оқу бағдарламаларымен тереңірек танысып, экономикамыздың салаларындағы бүгінгі сұранысқа ие мамандықтарды дайындаудағы өзгерістер мен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы хабарламалар жасалады.

Кездесу барысында мұғалімдер мен оқушылар келешектегі сұранысқа ие болатын мамандықтардың тізімімен таныстырылады. Мәселен, IT, сату мамандары, логистер, менеджерлер (белгілі бір ұйымның қоғам алдындағы беделін қалыптастыратын маман), техникалық мамандар (инновациялық технологияларды меңгерген инженер-механиктер, инженер-электриктер, инженер-жобалаушылар), экологтар, қаржыгер талдаушы (коммерциялық банктер, сақтандыру компаниялары, инвестициялық қорлар, брокерлік және қаржы саласындағы жаңа технологиялармен айналысатын маман), ауыл және балық шаруашылығының мамандары, уренд-вотчер (тауарлардың нарықтағы өзгерістерін, тенденцияларды қарап отыратын маман), есеп және аудит мамандарын айтсақ болады. Соңғы 10 жылда экономист, бухгалтер мамандықтарын таңдау деңгейі күрт төмендеп кетті. Осы жағдайдың салдарынан бүгінде бухгалтер мамандығына сұраныс қайта көбейді. Қазіргі уақытта елімізде экономика салаларында 2000-ға жуық бухгалтерлердің жетіспеушілігі орын алғаны туралы мәліметтер бар.

Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының жетіспеушілігі туралы да жиі естіп қаламыз. Осыған орай, еліміздегі экономикасы ауыл шаруашылығы өндірісіне бағытталған облыстардың атқару органдары тарапынан жергілікті жоғары оқу орындарына білім гранттары бөлініп тұрады. Алайда, жергілікті бюджет есебінен бөлінген гранттар бойынша мамандық алу үрдісі қанағаттанарлық емес. Көп жағдайда ауыл шаруашылығы мамандықтарын дайындауға бөлінген гранттарға Ұлттық бірыңғай тестілеуден қажетті балл алған мектеп бітірушілердің ішінен құжат тапсырушылар саны жеткіліксіз болғандықтан, бөлінген гранттар толық игерілмей қалуда. Мұның басты себебі – ауылдық жерлердегі тұрмыстық жағдайдың төмендігі және жұмыс орындарының тапшылығы. Еліміздегі ауыл шаруашылығындағы өндіріс құрылымдарының көпшілігі шағын және орта шаруа қожалықтары үлгісінде жұмыс істейді. Шындығына келсек, сол құрылымдар қажетті мамандарсыз жұмыс істеп жатыр деуге болады. Олардың функциясын қолдарынан келгенше қожалық басшылары өздері орындауда. Себебі, өндіріске қажетті мамандарды кішігірім шаруашылықта ұстау қаржылық тұрғыда тиімді емес. Алайда, қажетті ауыл шаруашылығы мамандарынсыз осы қожалықтарда ұдайы өнімді және оның тиімділігін тиісті дәрежеге жетізу мүмкіндігі қиынға соғады. Сондықтан, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамту мәселесін шаруашылықтарды ірілендіру және кооперацияны дамыту арқылы қол жеткізуге болады. Олардың құрамында өндіріске қажетті заманауи технологияларды енгізіп, сапалы жүргізе алатын және өндірген өнімдерді өңдеу құрылымдарын ашу арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге (тыңайтқыш, агро және мал дәрігерлік лабораториялар, машина-трактор паркі, тағы басқа), бөлінетін субсидияларды ақшалай емес, оларды енгізуге, сапалы жүргізуге және өңдеуге қажетті объектілерді салуға бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Шағын және орта шаруа қожалықтардың кооперацияның техникаларын, мамандарын, өндірген өнімдерін өңдейтін құрылымдарын, қызметін пайдалануға мүмкіндіктер туындап, кооперация құрамына кіруге ынталары артатыны сөзсіз. Осы шараларды жүзеге асыру арқылы ауылдың инфрақұрылымын, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың қалаға қоныс аударуын тоқтатуға болады.

 

Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ,

экономика ғылымдарының кандидаты, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support