- Advertisement -

Табиғаттың көркем мүйісі

22

- Advertisement -

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдерінде орналасқан. Қазақстан АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен 1926 жылы 14 шілде де құрылған. Қаулыда қорық «Табиғат ескерткіші ретінде Ақсу мен Жабағылы өзендерін, олардың барлық ағаш және тал-шілік егістерін, шөл жамылғылары мен осы қорықты мекендейтін жан- жануарлар әлемін қол тимеген табиғи қалпында сақтап қалу мақсатында» құрылғаны атап көрсетілген. Қорықтың көлемі жылдан-жылға өзгеріп, бүгінде оның алып жатқан аумағы – 131 934,3 гектарға жеткен.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы екі мемлекетпен – Қырғыз және Өзбекстан мемлекеттерімен шектеседі, қорықтың жері Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарын және облысымыздың Жуалы ауданын қамтиды.

Қорықтың ең биік тауы – Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4238 метр. Қазақ халқы бұл тауды «Ақтүйе өлген» деп атаған, өйткені таудың көрінісі жансыз жатқан түйеге ұқсайды.

Қорықтың ең негізгі өзендері – Ақсу және Жабағылы. Ақсу – ең ұзын өзен, 120 километрге созылып жатыр. Мамыр айында Ақсу көгілдір түсті болса, ал жаз айында, өзен тасыған кезде оның түсі сүтке ұқсас болады. Бұл өзеннің аты соған байланысты қойылған. Кіші Ақсу мен Үлкен Ақсу қосылған жерде тамаша айбынды терең тік аңғарлар – құз-шатқалдан құралған.

Жабағылы өзені Ақсудан екі есе қысқа, тар, саз қоспаларының әсерінен өзеннің суы сары, кейбір кезде қызыл болады. Жабағылының тармақтары – Жетімсай, Кіші Қайыңды, Ізбала, Үлкен Қайыңды, Байдақсай. Өзендер басын таудағы жылжымалы қалың мұз бен қардан алады. Қорықта 114 мұзтау бар.

Қорық аумағындағы көлдің саны – 27, олардың бәрі өте биікте қар ерімейтін жерде орналасқан.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға бай. Соңғы деректерге қарағанда, қорық аумағында құстың 267, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қосмекенділердің 3 түрі мекендейді. Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның 2124 түрі бар.

Табиғи қорық өсімдіктер дүниесіне де бай. Оның аумағында мүктің 63, қынаның 58-ден астам, балдырдың 64, саңырауқұлақтың 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі, соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 20 түрі кездеседі. Бұл бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі. Қорықта құстардың 267 түрі кездессе, олардың 130 түрі ұя салады екен.

Бүгінгі таңда қорық аумағында бірнеше туристік нысан салынуда. Соның бірі – Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында орналасқан «Көксай» сауықтыру орталығы. Мұнда келіп табиғатты тамашалаушылардың қатары жыл санап артуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта Ақсай мен Тобышақты сай айналасында сауықтыру кешендерін салу жоспарлануда. Ал Т.Дүйсебайұлы ауылының үстіндегі «Қаралма» тау-шаңғы кешені де Алатаудың етегінде орналасқан. Ол да Ақсу-Жабағылымен жалғасып жатқан Алатаудың бір бөлігі.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support