- Advertisement -

Ұлттың тілін ұлықтау парыз

46

- Advertisement -

Өмірде өз ана тіліңнен асқан құдірет бар ма? Әрине, жоқ. Өйткені, адам ана тілімен асқақ, ана тілімен ғана ардақты. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәтіңнен бастап құлағыңа сіңген бір құдіретті таныс үн бар. Ол үн – ананың үні. Алғаш рет қаз тұрып, тәй-тәй басқан шағыңда жаныңда болып, дем беріп, қолтығыңнан сүйеген таныс дауыс ол – ана дауысы. Мектеп табалдырығын аттаған кезде ана тілі арқылы дүниедегі ең асыл сөз «Ана» сөзін жазып үйренесің, ана тілі арқылы «Отан» деген қасиетті сөздің құдіретін ұғынасың.

Қазақтың жері де байтақ, тілі де байтақ. Дүние жүзіндегі ең әдемі тілдердің қатарынан саналатын ана тіліміздің құнарлы қазынасы бізге бабалардың қаны мен жаны арқылы мирас болып жетті емес пе?!

Тіліміздің осынау қадір-қасиеті, сан қырлы байлығы, тұңғиық тереңдігі бүгінгі таңда сіз бен біздің ардақты кәсібіміздің мән-мағынасын одан әрі ұлықтауға тамаша күш берері сөзсіз.

Әділ адамның адамгершілік қасиеттері заңды жоқтатпайды. Дәл осы пікірге сүйене отырып, туған тіліміздің шұрайлы қазынасын өз іс-тәжірибесінде батыл қолданып жүрген елдің азаматтары әрдайым аман болғай.

Халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы және сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен, оралымдылығымен және ұтымдылығымен өлшенеді. Ерте заманда ел бастаған көсем де, дауды шешкен би де осы құдіретті тілге сүйенген, осы тілге жүгінген. Тілдің қадір-қасиетін жете түсінген бабаларымыз үлкен дау-дамайда бір-ақ сөзге тоқтаған, ұлттың асыл мұрасы – ана тілін құрметтей білген. Ана тілін ардақтап өткен халқымыздан небір суырып салма ақындар, шебер тілді шешендер, күміс көмей әншілер, қос ішекті домбыраға жан бітірген жыраулар, сазгерлер шыққан. Бұл тілде есімдері әлемге әйгілі қазақтың перзенттері, ұлы Абай өз халқына сырын айтқан, мұңын шаққан, бұл тілде шығыстың біртуар жұлдызы Шоқан сөйлеген, бұл тілде ғасырмен терезесі тең Жамбыл жырлаған.

Қазақ тілінде дүниеге келген асыл туындылардың өзі қазақ халқының ұлттық тілінің қазақ даласының жері қандай ұлан-байтақ болса, аспанымен таласқан таулары қандай биік болса, сылдырлай аққан өзендері қандай мөлдір болса, қазақ адамдарының пейілі қандай кең болса, қазақ тілі де сондай көркем, шаңырағы биік, тынысы кең екендігін көрсетеді.

Ана тіліне өзінің туған топырағында қамқорлық жасалмаса, ажарынан айырылатыны анық. Тіл тағдыры ел тағдырымен тікелей байланысты. Ел қамын сәт сайын санасында сақтайтын әрбір азамат тілдің тағдырын да ұмытпауға, оны естен шығармауға тиіс. Өйткені, тіл сатып алып меншіктейтін мүлік емес, ол мыңдаған жылдар бойы қалыптаса келіп, белгілі бір этностың тілін түзеп, ұлтты туындатады, ал тілдің өлуі бүтін бір ұлттың өшуі болмақ.

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен қасиетті Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдымызға дербес ел болып, еңсе түзедік, өркениет жолына бағыт алдық. Жасампаз да жас Қазақстан Республикасы аз уақыттың ішінде дүниежүзілік аренада басқа елдерге кеңінен танымал болды.

«Тіл туралы» Заң «Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады» деген мәртебелі тұжырымнан бастау алғаны белгілі.

Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, оның қолданыс аясы кеңейе түсті, қазақ тілі қайта жаңғырып жаңа сипатқа ие болды. Қоғамда тіл тағдырына деген түсінік орныға бастады. Бұл – осы уақытқа дейін барлық мүмкін болған жағдайларды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі. Әрине, әлі де алаңдатып отырған мәселе аз емес. Орыс тілінде тәлім-тәрбие алған жоғары лауазымды адамдар өз ойларын орыс тілінде өрбітетіні жасырын емес. Сондықтан, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын әлі де кеңейте түсуіміз қажет.

 

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,

облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» аудандық бөлімшесінің меңгерушісі.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support