- Advertisement -

Өзіндік орны бар кәсіпорын

56

- Advertisement -

Ауданда 70 жылдық тарихы бар кәсіпорынның бірі – «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол 1951 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошағының ішкі және сыртқы нарықта ойып алар өз орны бар. Кеңес Одағы тұсында дәмі тіл үйіретін сары ірімшігімен даңқы алысқа тараған кәсіпорын аз ғана іркілістен соң 2014 жылдың 22 мамырында мемлекеттік тіркеуден қайта өтіп, жұмысын қайта жандандыра бастады. Мұнымен бірге аудандағы сүт өңдеу ісінің де тамырына қан жүгіре бастағаны анық. Бүгінде серіктестікте 200-ге жуық адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы 110 мың теңгенің көлемінде. Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттің басым саяси бағыты болғандықтан, аталған серіктестіктің бұл маңызды мәселеге қосып отырған елеулі үлесін де айта кеткен жөн.

«Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан тұрғындарынан және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден сапалы сүтті күнделікті қабылдайды. Одан негізінен нарықта үлкен сұранысқа ие өнімдерден – қатты ірімшік, сары май, ультражоғары пастерленген, яғни қаптамадағы сүт әзірлеп, сатылымға шығарады. Кәсіпорында жоғары сапада өңделіп, өндірілген экологиялық таза сүт өнімдері еліміздің ең үлкен мегаполистері – Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және тағы басқа батыс өңірдегі қалаларға жөнелтіледі. Сонымен қатар, зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясының да бірқатар өңірлерінде жоғары сұранысқа ие.

Серіктестік директоры Сыбанбай Арыновтың айтуынша, зауыттың сүт қабылдау мүмкіндігі тәулігіне 100 тоннаға дейін жетеді. Алайда, кәсіпорын кейінгі жылдары оның тек 30-40 пайызына ғана қол жеткізіп отыр.

Ауданда сауылған сүт Б.Момышұлы ауылындағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қатар, басқа да толып жатқан сүт өңдеу цехтарына өткізіледі. Бірқатар ауылдық округтердің сүті облыс орталығына және өңірдің басқа да аудандарына тасымалдануда.

Ауданда үлкенді-кішілі тоғыз сүт өңдейтін зауыт пен шағын цех жұмыс істейді. Соның ішінде Бурное сүт компаниясының экологиялық таза өнім шығарудағы жетекші рөл атқаратынын атап кеткен жөн. Себебі, тұрғындарды жұмыспен қамтудағы елеулі үлесімен қоса, компанияның қолжетімді бағаны ұстап отырғаны тағы бар. Зауыттың жанында ұзақ жылдан бері фирмалық дүкен тұрақты жұмыс істеп келеді. Мұнда негізінен кәсіпорында өндірілген өнімдер дүкен сөресіне қойылып төмен бағамен өткеріледі.

Біз үшін экологиялық таза өнімнің маңызы зор. Бұл ретте тағамның адам денсаулығына тигізетін пайдасын да айтуымыз қажет. Сүт өңдеу зауытында шығарылатын термоқаптамадағы сүттен бастап, осында табиғи жолмен өндірілетін сары майдың және қатты ірімшіктің, қойылтылған сүт (сгущенка) пен құрттың бағасымен бірге сұранысын арттырып отырған да ішкі және сыртқы нарықпен қатар жергілікті тұрғындар. Кәсіпорын ісінің өнімділігі оның табиғи жолмен дайындалатынына байланысты.

Зауытта жалпы 15 түрлі сүт өнімі үздіксіз шығарылып тұрады. Сонымен қатар, компанияның ұжымы өз өнімдерімен облыс орталығы Тараз қаласында және Алматы, Астана қалаларында ұйымдастырылатын азық-түлік жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысып, өткеріп келеді. Міне, осындай жәрмеңкелерде Алматы және елорда халқы зауыт өнімдерін нарық бағасынан едәуір төмен әрі қолжетімді бағаға сатып алуға мол мүмкіндік алып отыр.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support