- Advertisement -

Бөдене өсіру – табысты іс

84

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан және Адал азамат» атты Жолдауында елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық бергені белгілі. Бүгінде сол кәсібін дөңгелетіп, жұмысын жүргізіп отырған жанның бірі – байзақтық Тұрсынқыз Дүйсебекова.

Ол құс өсірудің қыр-сырын әке-шешесінен үйреніпті. Ал, 2011 жылы байзақтық Талмас Сарықазановқа тұрмысқа шыққаннан кейін бұл кәсіпті шындап қолға алыпты. Жалпы, өзінің негізгі мамандығы заңгер. Ол салада бірнеше жыл абыройлы қызмет еткен болатын. Дегенмен, бір жалақыға қарап отырғанды жөн көрмеген жас отбасы ақылдаса келіп, қосымша жұмыс көзін іздеді. Бір жағы оған Тұрсынқыздың бала күтімінде отыруы да сеп болған екен.

Жас отбасы біраз уақыт мал бордақылаумен айналысты. Дегенмен, өздері тұратын Ботамойнақ ауылында ата кәсіппен айналысатындар аз емес еді. Ол да шаруаның жүруіне өз кедергісін тигізбей қоймады. Сонымен, ол бала жаста айналысқан құс шаруашылығын қолға алуды жөн көріпті. Құс шаруашылығы болғанда да ол жұбайымен табысы жоғары, сұранысқа ие бөдене өсіруге бел байлады.

Жаңа кәсіпті бастамас үшін оның қыр- сырымен жақынырақ танысып барып іске кіріседі. Дәнекерлеу ісінен хабары бар жұбайы Талмас алдымен қажетті құрал- жабдықты қолдан жасап, дайындап алады.

– Биыл кәсіпті 40 бөдене мен 10 балапаннан бастадық. Байқағаным бөдене орын ауыстырғанды ұнатпайды, адамдарды жатырқайды екен. Сондықтан да бөдене тұрған бөлмеге мен өзім ғана кіріп, оның күніне 3 мезгіл құрамында тары-талқан, жүгері, бидай, соясы бар дәрумендер қосылған жемін беріп, суын жиі ауыстырып отырдым. Қазір бөдене санын 100-ге, балапанды 50-ге жеткіздік. Күніне мекиендері 75-80 жұмыртқа туады. Әрбір жұмыртқасын 40 теңгеден өткерудемін. Бөдененің етіне де, жұмыртқасына да сұраныс көп. Себебі, ғалымдардың айтуы бойынша жұмыртқаның дәрумендік құрамы тауық жұмыртқасына қарағанда 3-4 есе жоғары екен. Бір сөзбен айтқанда, бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі. Міне, осындай пайдасы көл-көсір жұдырықтай ғана құстың санын көбейту үшін қора-жайды қайта ретке келтіріп, оның санын 2500-3000 басқа жеткізуді ойластырып отырмын, – дейді Тұрсынқыз Дүйсебекова.

Тұрсынқыз бұл кәсіпті жеке қаржысына жүргізген. Бөдене өсіруде алдымен оның тұратын жері таза әрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ, кәсіпкерге балапан басып шығаратын инкубатор, бөдене жүнін тазалайтын аппарат қажет екені белгілі. Ал, бұларды жасап, сатып алу біршама қаржыны қажет ететіні айтпаса да түсінікті.

– Мен балапандарды қалаға барып инкубаторға шығартып жүрмін. Бөдене жүнін тазалауда да басқаның аппаратына тәуелдімін. Қора-қопсымды қайта ретке келтіріп, жоғарыда аталғандай жабдықтарды сатып алу үшін мемлекеттен 1380 мың теңгелік грант алуға құжат өткізгеніммен жолым болмады. Енді келесі кезеңге осындай грантты ұтып алу үшін құжаттарымды қайта өткізуге дайындап қойдым, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бір атап өтерлігі, инкубатордан шыққан балапандар жылдам өседі. Жұмыртқадан шыққан балапан 37,7-38 градус температурада да жетіле түседі. Содан кейін жайлап температура төмендетіледі. Себебі, бұл уақытта бөдененің дене қызуы арта түсетін көрінеді. Ал, балапандар тез өсіп жетіледі, әрі 45 күннен кейін жұмыртқалай бастайды. Бөдененің өмір сүру ұзақтығы 1,5-2 жыл ғана. Сондықтан да екі жылға жақындағанда оны етке өткізіп отырады.

– Бөдененің ерекше бір қасиеті – жұқпалы аурулармен көп ауырмайтындығы. Сонымен қатар, өнімі өз қасиетін жоймай, ұзақ сақталады. Бөлме температурасы жағдайында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақтауға болады, – дейді Тұрсынқыз Дүйсебекова.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support