- Advertisement -

Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсара түсуде

16

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз» деп Үкімет пен түрлі деңгейдегі әкімдерге міндет жүктеп, нақты тапсырма берді. Жыл аяқталып келеді. Президент тапсырмасының облыста орындалуы қалай? Ауқымды сала қандай табысқа қол жеткізді, неден ұтылды? Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, қол жеткен табыс баршылық көрінеді.

Биыл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша біршама жұмыстар атқарылған. Мәселен, облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 81 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күні 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіліпті. Жыл басынан бері салада 498,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығында 317,9 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 180,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 35,1 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,5 миллиард теңге инвестиция салынған.

Президент Жолдауда егін шаруашылығында маңызды реформа жасау қажеттігін де атап көрсете келе, егіс түрлерін көбейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта да біршама жұмыс атқарылған көрінеді. 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға артқан. Биыл 380,3 мың гектар алқаптың масақты дәнді дақылдары егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 9,6 центнерді құрады және 363,2 мың тонна астық бастырылған. Сондай-ақ, 1,1 миллион тоннадан астам көкөніс пен 446,3 мың тонна бақша дақылдары жиналыпты.

Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ол ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруы. Мұны да Президент әркез тапсырып келеді. Өңірде жыл басынан бері 1543 техника алынып, 12,2 пайызға жаңартылған. Жалпы, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 550 өтінімге 1,8 миллиард теңге субсидия төленген.

Жолдауда: «Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған. Сондықтан, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», – деді Президент. Техниканы жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары одан әрі жалғасып жатқанымен, жеке шаруашылық құрылымдарында кеңес заманынан қалған трактор, комбайн, басқа да ауыл шаруашылығы техникалары кездеседі. Шаруалар арасында мемлекеттің көмек-қолдауын аудандық әкімдіктер үздіксіз түсіндіруі керек. «Техника» дегеннен шығады, кейбір шаруалар әр ауданнан «Техника жөндеу шеберханасын» ашса деп жатады. Мұны белгілі фермер, Жамбыл ауданындағы «Байелі болыс» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмасейіт Нұрбаев «Фейсбук» әлеуметтік желісінде де көтерді.

Қант қызылшасынан 182,3 мың тонна өнім жиналып, 173,2 мың тоннасы қант зауытына өткізіліпті. Биыл 459 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясы енгізілсе, 1 939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілген. Президент Жолдауда: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет» екенін тапсырғаны әкімдермен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудандық бөлім басшыларының есінен бір сәт те шықпауы тиіс. Қызылша алқаптарына ғана емес, барлық дақылдар егілетін алқаптарға енгізу шарт. Биыл облыс бойынша 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектары тамшылатып, 18,3 мың гектары жаңбырлатып суару технологиясы. Бұл әлі де аз. Президенттің алдағы уақытта су тапшылығы болатынын ескертуі ат үстінде жүрген азаматтардың да, жер жыртып егін салатын, бақша, көкөніс өнімдерін өсіретін шаруаның да есінен бір сәт те шықпауы керек.

Биыл Байзақ ауданындағы «Тазабек Досжан» шаруа қожалығы 3000, «Байшанова» шаруа қожалығы 1000 тонна көкөніс сақтау қоймасын пайдалануға берген. Сондай-ақ, Қордай ауданындағы «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сыйымдылығы 5,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасының құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталып, бүгінгі күні желдеткіш қондырғыларын орнатуда екен. Бұл жобаны жыл соңына дейін іске қосу көзделуде. Қазіргі таңда жеке секторларды қоспағанда, облыс аумағында орналасқан 159 қоймада 161,1 мың тонна азық-түлік және көкөніс өнімдері сақталуда. Оның ішінде 3580 тонна картоп, 4920 тонна сәбіз, 144 730 тонна пияз және 7,8 мың тонна азық-түлік өнімдері бар.

Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 3,6, сүт өнімдері 1,4 пайызға ұлғайған. Жыл басынан бері 1,6 мың тонна ет экспортталыпты. Одан бөлек, облыста мал басында да өсім бар. Қазіргі уақытта өңірдегі жалпы мал саны 4,5 миллион басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артқан. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 5,8, қой мен ешкі саны – 8,2, жылқы – 9,7, құс саны 6,2 пайызға артқан. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында шетелдерден 3,1 мың бас мүйізді ірі қара мал сатып алынса, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мың бастан астам қой сатып алынған. Осының нәтижесінде облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы – 26, асыл тұқымды қойдың үлес салмағы 30 пайызды құраған. Қазіргі уақытта облыста ет бағытындағы 5 асыл тұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңдары мен 52 орта және ірі сүт фермалары жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Үкімет пен түрлі деңгейдегі әкімдерге нақты міндет жүктеп келеді. Алайда, азық-түлік қауіпсіздігі облыста қамтамасыз етіліп отыр ма? Әсіресе, ет бағасы күйіп тұр. Күн суытып, соғым науқаны басталғалы тіпті шарықтап кетті. Жоғарыдағы мәліметке қарағанда шаруалар етпен облыс халқын қолжетімді бағамен қамтамасыз ете алады. Баптап, байлап семіртіп әкелген жылқысын, сиырын немесе қойын базарға кіргізу шаруалар үшін азап. Оған арадағы делдалдар жол бермейтін көрінеді. Шаруаның базарға әкелген малы алыпсатарға, одан сөреден тұрып сатушыға өткен соң, ет бағасы удай болмағанда ше… Мұны да шаруалардың өздері айтып жүр. Әкімдер мен құзырлы органдар осы мәселені реттемесе азық-түлік, оның ішінде ет бағасы ешқашан арзандамайды. Дүкенде де ет қымбат.

Облыста мал өсіретін және сүт өндіретін құрылымдардан бөлек 160 кәсіпорын тұрақты жұмыс істейтін көрінеді. Бұл кәсіпорындарда 2,3 мыңнан астам адам жұмыс орындарымен қамтылған. Жалпы нан пісіретін 62 наубайхана, сүт және ет өнімін тереңдете өңдейтін 70, мақсары майын өңдейтін 4, астықты тереңдете өңдейтін 6, жүн-тері өңдейтін 3, қант қызылшасын өңдейтін 2, көкөніс өңдейтін 1, макарон өнімдерін өндіретін 8, құс етін өндіретін 5, жұмыртқа өндіретін 1 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соңғы 5 жылда 31 өңдеуші кәсіпорын іске қосылыпты. Облыста жалпы құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асырып, 159 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,4 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мемлекет басшысы Жолдауда: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді» деп атап көрсетті. Облыста да бағдарламаның бірінші кезеңінде 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7856 отбасы қамтылса, бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге игерілген. Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ қанатқақты жобаға еніп, 253 жоба іске асырылған. Ал, былтыр республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлініп, оған 10 ауылдық округтегі 1209 кәсіпкерге несие беріліпті. Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте мал басы 26 пайызға, ет өндірісі 39 пайызға, сүт өндірісі 19 пайызға артыпты. Соған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1254 адамға қысқарған.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облыста ауыл шаруашылығы қарқын алып келеді. Алдағы уақытта, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашу қолға алынатын көрінеді.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support