Қауіпсіздікті сақтау – ортақ міндет

Қауіпсіздікті сақтау – ортақ міндет
ашық дереккөз
Қауіпсіздікті сақтау – ортақ міндет
Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға дайындық шаралары, су айдындарының қауіпсіздігі және мерекелік шараларды өткізу кезінде, сондай-ақ жылыту маусымында қатты және сұйық отынмен жанатын пештер мен жылыту жүйелерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, улы газдан уланудың алдын алу, міне осы және басқа да қауіпсіздік мәселелері Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында сөз болды. Брифингте алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков бөлімшелердің күштері мен құралдарының қысқы кезеңге дайындығы, сондай-ақ қолайсыз ауа райында атқарылатын шаралар туралы айтты. Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін департаментте 1571 адам, 566 техника және 44 жоғары өтімді техниканы құрайтын күштер мен құралдар дайындалған. Жиында қысқы кезеңде су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы да ақпарат ұсынылды. Руслан Нұрланұлы облыс аумағында 100-ден астам өзен мен 112 тоған бар екенін, оның ішінде Шу, Талас, Ақкөл, Билікөл, Тасөткел, Терісбұлақ, Ынталы су айдындарында балықшылар қарасының көп болатынын айтты. Осыған орай, ТЖД полиция қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп, су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізуде. Қыста балық аулау әуесқойлары алдымен мұздың қалыңдығына, оның беріктігіне назар аударуы керек. Балық аулауға жалғыз барудың қауіптілігі де айтылды. Департамент бастығының орынбасары қысқы кезеңде орын алатын төтенше жағдайларды жою шараларына тоқталды. Республикалық автожолда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Т.Рысқұлов, Шу және Мойынқұм аудандарында Апаттар медицинасы орталығы облыстық филиалының 3 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Облыстың автомобиль жолдарында 65 жылыту пункті дайындалды, оның 34-і республикалық, 31-і облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан. Жылыту және тамақтану пункті ретінде жол бойындағы 10 дәмхана пайдаланылмақ. Облыс жолдарында жағдай қиындағанда, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қар үйінділеріне барынша бейім 44 жоғары өтімді техника дайын тұр. Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев өз баяндамасында жыл басынан бері облыс аумағында 708 өрт оқиғасы болып, 16 адам қаза тапқанын, 18 адам жарақат алғанын айтты. Материалдық шығын 177 миллион 881 мың теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 4,4 пайызға, адамдардың қаза болуы 3,2 есе, келтірілген материалдық шығын 62,6 пайыз, жарақаттанғандар саны 2,5 есе көбейген. Бұдан басқа, улы газбен уланудың 8 оқиғасы орын алып, салдарынан 11 адам зардап шексе, 1 адам қаза тапты. Өткен жылмен салыстырғанда улы газдан зардап шеккендер саны 2,2 есеге көбейіп, қаза болғандар 1 оқиғаға азайды. Бұдан кейін Мақсат Әшірбайұлы алдағы жаңа жыл мерекесінің қауіпсіз өткізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңажылдық іс-шараларды өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды қолдануға жол бермеу қажеттігі туралы баяндады. Мәселен, пиротехникалық бұйымдарды бақылаусыз тарату және оларды қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдары өрттің шығуына, жарақат алу мен адамдардың қаза болуына, оның ішінде балалардың зардап шегуіне әкеп соғады. Әрі пиротехникалық бұйымдар қауіптің ошағы болғандықтан, жаңажылдық мәдени іс-шаралар өтетін орындар тізімі қалыптастырылып, барлығы 793 нысан есепке алынды. Мереке кезінде тәуліктік кезекшілік жүргізетін жедел топтар құрылып, департаменттің барлық жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне көшетін болады.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар