- Advertisement -

Қаршадайынан қылмысқа жақын қоғам не боп барады?

33

- Advertisement -

Тәрбие деген темірқазық болмаса, бала деген – бой бермейтін асау тай. Осы тәрбиенің осалдығынан оқушылар арасында топтық төбелес, ұрып-соғу және қорлау жағдайлары жиілеп кетті. Ал, оның соңы тағдыр тәлкегіне ұшырап, темір торға тоғытылып жатқан балалардың көбеюіне әкелуде. Заңгерлер жағы абақтыдан шыққан жасөспірімдердің 70 пайызы қайтадан қылмыс жолына түсіп, кейбіреулері кәнігі қылмыскерге айналатынын айтады. Демек, бұл баланы сол жағдайға жеткізбеудің жолын қалайда табу керек деген сөз.

Бүгінде кәмелет жасына толмаған 7 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр екен. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс өршімесе, басылып тұрған жоқ.

Бірін-бірі кемсітуін айтпағанның өзінде, арты өлімге ұласқан мектеп оқушыларының төбелесін жиі көретін болдық. Аймағамызда кәмелетке толмағандар арасындағы жасалған қылмыстар саны 54 пайызға, бұрын сотты болғандармен жасалған заңбұзушылықтар 8 пайызға өскен. Есепті кезеңде 122 қылмысты жасаған 131 жастың 41-і мектеп оқушысы, 46-сы еш жерде оқымайтындар екен.

Статистикаға сенсек, қоғамдық тәртіпті бұзатын, қылмысты жасайтын, сондай- ақ ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған жасөспірім балалардың басым бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққанын көрсетеді. Кейбір ата-аналар өз балаларының тағдырына алаңдаушылық танытпай, олардың үйден және мектептен тыс бос уақыттарында немен айналысып, шұғылданып жүргендерін бақыламайды, қадағаламайды. Яғни, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы да құқықбұзушылыққа, қылмысқа итермелейтін факторлар болып табылады.

Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмысты ішімдік және есiрткi, психотроптық заттардың әсерінен жасайтындар көптеп кездеседі. Түнгі ойын-сауық орындарында жасөспірімдер алкогольдік ішімдіктің түрлісін ішіп, есiрткi, психотроптық заттарды қолдану әсерінен әртүрлі құқықбұзушылыққа, қылмысқа баратын жағдайлар жиі кездеседі.

«Елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Ол үшін тіпті әкімшілік жаза да қарастырылған. Алайда, ол ережелерді жасөспірімдердің барлығы бірдей сақтай бермейді.

Облысымызда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына осы жылдың 9 айында 67 тұлғаға қатысты 48 қылмыстық іс келіп түскен. Оның басым көпшілігі ұрлық пен мал ұрлаумен, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасаумен, тонаумен байланысты.

Өкінішке қарай, кәмелетке толмаған кейбір жасөспірімдер қылмыс пен құқықбұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды, түсінбейді, жеткілікті ұқпайды. Сондықтан, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысын ерте кезеңде алдын алу керек. Оны болдырмаудың негізгі құралы ретінде әрбір отбасында ата-ананың балаларына дұрыс тәрбие беруі, жүріс-тұрысына күнделікті бақылау жүргізуі, өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын және ашық сөйлесіп, оның айналасындағы достары мен таныстары туралы хабардар болуы қажет деген ойдамын», – дейді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Думан Мәуленов.

Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы көрінеді. Әрбір мектептің өз инспекторы мен бірнеше психологі болмайынша, бұл проблема шешілмейді. Еліміз бойынша бұл мамандар әлі де тапшы. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған қылмыскерлерді арнайы мектепке жіберу керек. Балалар колониясында негізінен қыз зорлаған, алаяқтық, ұрлық, әлімжеттік жасаған, кiсi өлтiрген жасөспірімдер отыр.

«Шыны керек, қазір балаға көңіл бөлетін ата-ана азайып, жаппай жұмысбасты болып кеттік. Олар өзіне деген махаббатты көшеден, сырттан іздейді. Басқалардың назарын өзіне аудартқысы келеді. Кез келген баланың бір қызығушылығы болады. Мәселен, ол футболды немесе боксты қатты қалауы мүмкін. Әлде домбыра, гитара үйренгісі келе ме? Осындай артықшылығын ертерек анықтап, баламен жүйелі жұмыс жүргізілмесе, онда ол күшін осындай өзіне пайдасы жоқ нәрселерге жұмсай бастайды. Міне, мен бұл мәселенің түпкі себебін осыдан көремін», – дейді балалар психологы Айгүл Рахметқызы.

Иә, мамандардың дабыл қағатындай жөні бар. Бүгінде балаларға қатысты қылмыстар саны үш мыңнан асты. «Әрбір мектептің өз инспекторы мен бірнеше психологы болмайынша, бұл мәселе шешілмейді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған қылмыскерлерді арнайы мектепке жіберу керек. Дәл қазір осындай 500-ден астам баланы арнайы мектепте оқыту керек. Алайда, олар әлі де сол тұрғылықты жері бойынша қалып отыр. Ал, ол айналасындағы адамдардың наразылығын туғызып, балалардың жазасыз қалуына жол береді. Әсіресе, құқық бұзуға, қылмыс жасауға бейім, сотқар балаларға теріс әсер етеді», – дейді әлеуметтанушы Дана Уәлиева.

Бүгінде жергілікті полицияның бақылауында 3 мыңнан астам осындай жасөспірім бар екен. Мектеп оқушыларының жүріс-тұрысын қадағалауға қатысты түрлі рейдтер ұйымдастырылғанымен, нәтиженің жоқтығы қынжылтады. Оның барлығы біз айтқан маман жетіспеушілігі, арнайы мектептердің жоқтығы және тәрбие тінінің сөгілуінде жатыр.

P.S. Ата-анасы қарамаған баланы көше тәрбиелейді. Одан қалса, телефон мен теледидарға телміретіні тағы бар. Статистикаға сенсек, бала бір күнде 17 рет өлім көрінісін, 37 рет атыс шабыс, ұрып-соғу, қатыгездік картиналарына куә болады екен. Соның кесірінен баланың психикасы бұзылып, қалыпты дамуы тежеледі. Бойынан мейірімділік, ізгілік қасиеттері жойыла бастайды. Оған шынашақтай күнінен шыбыққа түскен баланың осыған бейім болатынын қосыңыз.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support