- Advertisement -

Кәсіп ашуға керемет мүмкіндік

39

- Advertisement -

Кәсіпкерлік – өмір өзегі. Бұл ретте аудандарда ауыл-ауылда өз кәсібін ашып, отбасының табысын арттыруға талпыныс жасап жатқан азаматтардың бастамасы көңіл қуантады. Олай дейтініміз, Үкімет тарапынан бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде жекелеген санаттағы азаматтарға берілетін қайтарымсыз грантты ұтып алуға жоба-жоспар жасап, оны комиссия отырысында қорғайтын ниетті азаматтардың қатары жыл санап артып келеді.

Атап айтқанда, өткен жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантты Жуалы ауданында 177 азамат ұтып алып, жаңадан кәсіп ашты. Оның ішінде, ұсақ мал өсіру бағыты, мүйізді ірі қара бағытында, жылқы өсіру, егін шаруашылығы, алма бақ өсіру шаруашылығы, көкөніс өсіру, сұлулық салоны, шаштараз, сабын өндіру кәсібі, тігін шеберханасы, тез тамақтану және нан өнімдері, автокөлік жөндеу орталықтары, құрылыс заттарын өндіру, массаж орталығы, қолғап өндірісі, пластик терезе жасау, тауық өсіру, балық шаруашылығы, ұялы телефон жөндеу қызметі, жылжымалы ағаш тілу қызметі, сандық бағдарламалық басқару қызметі және калифорниялық шылаушан шаруашылығына қаражат алғандар бар.

Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға жататын мүмкіндігі шектеулі азаматтар да түрлі кәсіп ашуға мемлекеттік гранттар алды. Аудандық «Мансап» орталығы болып қайта өзгерген мекеменің мәліметінше, жалпы, кәсіп бастауға былтыр аталған орталық арқылы барлығы 216 миллион 860 мың 400 теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар берілген.

«Ұлттық жобаның» игілігі сол, өңірде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру арқылы тұрғындардың арасында жұмыссыздықты азайтып, тұрмысты түзетіп, еңсені тіктеуге қайтарымсыз гранттың негізінде үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр. «Қайтарымсыз грант» деген атауы болмаса, түптеп келгенде, мұның мемлекетке қайтарымы екі есе болмақ. Бұл – кәсіп ашып, тірлік бастаймын деген ниетті тұрғындардың санатына мемлекеттің үлкен қолдауы мен демеуі екені анық.

Биыл ауданда барлығы 93 азамат қайтарымсыз гранттың қаражатын иеленген. Кәсіп ашып, нәсібін ұлғайту арқылы отбасын асырауды және тұрмыстық табысты арттыруды көздеген ниетті азаматтардың бизнес жобаларын арнайы жасақталған комиссияның мүшелері саралай келіп, нәтижесінде үш лектің аясында барлығы 93 азаматтың жобасын мақұлдады.

Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың қаражаты негізінен атакәсібіміз болған мал шаруашылығын дамыту ісіне, атап айтқанда, қой және ірі қара малдарын бордақылауға, сүт бағытындағы сиыр сатып алуға, сонымен қатар, жылқы шаруашылығы, оның ішінде, ұлттық сусын қымыз өндірісін ұлғайтуға, одан бөлек, өндіріске, оның ішінде, көбік бетон және лего кірпіш өндірісі, пластиктен есік-терезе жасау, жылжымалы ағаш өңдеу қызметі, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығы және автокөліктерге газ құрылғысын орнату, балаларға массаж кабинетін ашу, тағы да басқа жобаларды кеңінен дамытуға бағытталып отыр.

Аудан орталығында атакәсіпті кеңінен дамытуды көздеген еңбекқор азаматтың бірі – Жандос Тілепов. Ол Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны.

Тілеповтер отбасының Боралдай ауылдық округінің Рысбек батыр ауылынан осында көшіп келгеніне биыл 20 жылға жуықтапты. Отағасының айтуынша, бұл отбасы ауылдан көшкенімен, ауылдағы шаруашылық жұмыстарынан ешқашан қол үзбей келеді екен. Былтыр денсаулық жағдайына байланысты ол шаруашылықтың жұмысын ауылда қара шаңырақта тұратын інісіне табыстап, өзі басқа жеке кәсіпкерлікке бет бұрыпты.

Еңбекқор азамат Жандос Тілепов жеке кәсіпкерлік ісін ашуға ниетті азаматтарға мемлекеттен қайтарымсыз грант қаражаты беріледі дегенді естігеннен кейін оны алуға шындап ден қояды. Биыл оған жоба-жоспар жасап, оны екінші лекте комиссияның алдында сәтті қорғап шығып, жалпы көлемі – 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант қаражатына ие болды.

Грант қаражатын мақсатты жұмсауды басты мақсат еткен азамат оған осы жылдың маусым айында 25 бас қой тұқымын (тоқтылар) сатып алып, оны өз үйінің қорасында ұстап семіртіп, жақында бордақы малдарды аудан аумағындағы мал базарына саудалады. Оның орнына жақында облыстың Т.Рысқұлов ауданынан 30 басқа жуық тоқтыларды қайта сатып әкеліп, оны күтіп-бағу үстінде.

– Қойды бордақылау бағытында биыл мемлекеттен қайтарымсыз грант қаражатын ұтып алып, жеке кәсібімді ашып, жұмыс істеп жатырмын. Ең алдымен мемлекеттің бізге жасаған көмек-қолдауына алғысымды білдіргім келеді. Алғашқыда кәсіп ашу үшін аз да болса өз қаражатың болуы қажет. Айналым қаражатын ары қарай да толықтыра беруге болады. Бұл ретте біз сияқты қарапайым шаруа азаматқа мемлекеттің көмегі керек-ақ.

Ендігі кезекте өз жұмысыма келсем, биыл маусым айында қайтарымсыз грант қаражатын алу үшін жоба-жоспарымды жасап, оны комиссияда сәтті қорғау арқылы гранттың қаражатына ие болдым. Кәсібімді бастағаныма да үш айдан асып барады. Менің негізгі міндетім – қойды семіртіп, оны тұрғындарға қолжетімді бағада сату. Одан бөлек, бір жұмысшыны жұмыспен қамтып отырмын. Бұл да ұлттық жобаның негізгі талабының бірі. Алғашқыда грант қаражатына 25 бас тоқтыны жергілікті шаруалардан сатып алып, үйде ұстап семірткеннен кейін оны аудан орталығындағы базарға апарып саттым.

Жай малға қарағанда бордақы малды семірту көп жұмысты талап етеді. Ол үшін ауылдағы азын-аулақ егістік жерімізге мал азығына жоңышқа, эспарцет және арпа-бидай егіледі. Оны орып алып, жаз бойы мал азығын өзіміз дайындаймыз. Бұл жұмыстарға қара шаңырақта тұратын інім қолғабыс етеді. Биыл да өнім жаман болған жоқ. Мал азығын молынан жинап алып, қазіргі таңда қолдағы жас тоқтылардың екінші легін семіртіп, байлауға кірісіп кеттім. Бордақы малдарға негізінен құнарлы шөппен қатар, майдаланған арпа жемі беріледі. Одан бөлек, дәрі-дәрмек салынып, қосымша витаминдер беріледі. Бұл процесті үздіксіз жасағанда ғана малды жақсы семіртуге болады. Жалпы, жұмысымыз жаман емес. Отбасылық кәсіпті жандандыруды алдыма басты мақсат етіп қойып отырмын. Жұмысты жүргізуге балаларым да көмекші болуда, – дейді еңбекқор азамат Жандос Тілепов.

Кәсіптің көзін тапқан адамның, байлықтың өзін табатынына ешқандай күмән жоқ. Ел ішінде еңбек етіп, еңсе тіктеп, сол арқылы отбасындағы балаларын адал еңбекпен асырап отырған азаматтардың арлы ісін мемлекет те барынша қолдайды. Бұл үдеден шығып жүрген Жандос Ошақбайұлы сияқты азаматтардың адал еңбегі мен балаларына берген үлгі-өнегесін ерекше атап өтсек, артық болмас. Жастайынан ауылда қайнаған тіршіліктің барысын ерте түсініп, еңбекке ерте араласқан ол колхоздың жұмысына да қолғабыс еткенін айтады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникаларының жағдайын жақсы біледі. Оны өзі жүргізіп, ауыл шаруашылығын өркендетуге өзінің мол үлесін қосып отырған азаматтың кәсібіне береке берсін деп тілейік.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support