- Advertisement -

Жомарт жанның жақсылығы

44

- Advertisement -

Көп кәсіпкердің ішінде тараздық Меруерт Лештаева өзгелерге көмектесіп жүретін қайырымдылығымен ерекшеленіп тұрады. Оның «Гауһартас» мейрамханасының 10 жылдық мерейтойы да жастарды қолдаумен, басқа да қайырымды істермен тойланды. Тойды ас та төк дастарқан жайып, ас ішіп, аяқ босату емес, болашаққа бастайтын із қалар іспен атқару деп білетін іскер ханым бұл жолы да көрегендігін көрсетті.

Кәсіпкер Меруерт Лештаева мейрамханасының мерейтойында жас өнерпаздар арасында «Гауһартас жұлдызы» байқауын ұйымдастырды. Оған 14 пен 18 жас аралығындағы 100-ден аса өнерпаз қатысты. Кәсіби мамандардың қазылық етуімен 22 бала іріктеліп, келесі кезеңге өтті. Солардың ішінде ән орындау шеберлігімен топ жарған Айлун Заушева «Гауһартас жұлдызы» атанып, бас жүлде – 1 миллион теңгені жеңіп алды. Кәусар Медерқұл I орынның 500 мың теңге жүлдесін олжаласа, ІІ орынға ие болған Алуа Жеңіс Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына грант және 300 мың теңге, Іңкәр Аманбай да 300 мың теңге иеленді.

Айта кетейік, Алуа Жеңіс қазір 11-сыныпта оқып жүр, бұйыртса келесі жылы жеңіп алған грантымен өнер академиясына түскен соң, оқуын төрт жылда тәмамдағанша кәсіпкер Меруерт Лештаева ай сайын 50 мың теңге шәкіртақы төлеп тұратын болды. Ал ІІІ орынның биігінен көрінген Мадияр Құрманғалиев пен Ұлдана Айтбайға 200 мың теңгеден жүлде бұйырды. Бұл байқауда шын таланттардың танылып, ары қарай біліммен шыңдалуына қолдау көрсету үшін мерейтойға жиналған халықтың алдында ешқандай фонограммасыз ән айту, дыбыстың тазалығы, жүрекпен орындау, музыканы есту, қабылдау секілді талап қойылған еді. Жеңімпаз атанған жеті жас бірігіп, Ғани Мәтебаевтың жазған «Гауһартас жұлдызы» атты әнін орындап, жаңа туындының тұсауы кесілді.

Осы байқаудан ІІІ орынның жүлдегері атанған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Мадияр Құрманғалиев жас таланттарға жол ашқан кәсіпкерге ризалығын жеткізді.

– Жастарға осындай мүмкіндік берген Меруерт Қаттабайқызына зор алғысымды айтамын. Бұл конкурс туралы Instagram желісінен көріп, білдім. Мен «Perfect» әнімен қатыстым. Өзі тынымсыз еңбектеніп тапқан табысын көпшіліктің игілігіне арнап және шын талантты жарыққа шығару үшін табиғи дауыспен ән орындатып, байқауды әділ ұйымдастырғандарына риза болдық, – дейді жас өнерпаз Мадияр Құрманғалиев.

Көпшілікке мәлім, Меруерт Қаттабайқызы бұған дейін де талайларға көмектесті, қайырымдылық жасаудан аянбады. Себебі, ол өмір мектебінен құлап та, қуанып та сабақ алған. Көргендерінен көңілге түйгені мол кәсіпкер келіншек «Бизнестің заңы – табысыңның он пайызын зекетке беру» деп біледі.

– Үш жасымда әкем дүниеден өтті. Анам бізді жеткізуге барын салды. Кейін үш ағам әскерге, оқуға кеткенде, сырттағы ауыр жұмыстарға мен, үйдің шаруасына сіңлім жауапты болдық. Осылай бала күннен еңбекке ысылдым. Мектепте оқып жүргенімізде «УПК» деген кәсіби мамандыққа оқытатын пән болатын. Сонда мен сауда саласын таңдадым. Кейін училищенің соңғы курсында оқып жүріп, дүкенде жұмыс істедім. Сонда алғашқы табысыма анама кішкентай ғана алтын сырға, сыйладым. Анам көзіне жас алды, себебі оның ең алғашқы таққан алтыны сол екен. Тұрмыс құрғаннан кейін бала күтімімен демалыста отырғанымда да үйден торт пісіріп сататынмын. Күйеуім Нышаналы резина зауытында жұмыс істегенде жалақыға берген галоштарды базарға сатып келетін. Оны да кәсіпке айналдырып, галош сатумен де айналысқанмын. Осының бәрі мені кәсіпкерлікке шыңдады. Кейін өз бетімше кәсіп қылуды ойлағанда мейрамхана ісін таңдадым. Себебі, байқап қарасам, біздің елде той, жиын көп екен. Сонау 90 жылдардағы қиын-қыстау шақта да қазақтың тойы тоқтамады. Содан 2002 жылы ресторан бизнесін таңдап, Тараздағы «Шырын» мейрамханасында жұмыс істедім, айлығым 300-ақ теңге. Жұмыстан түнгі сағат 2, 3-те үйге келемінде, өзімнің тойханамның жобасын сызамын, «Осындай сахнасы, пердесі болады» деп барлығын майда-шүйдесіне дейін саламын. Тіпті, 1 шаршы метрге қанша кірпіш керегіне дейін санап, соның бәрін есептеп, күйеуіме «Мынандай ақшамыз болса, өз тойханамыз болады» дейтінмін.

Алғаш 2006 жылы Шымкентте екі ресторан аштым. Бірақ оны қайын ағам мен абысыныма қалдырып, Таразға 2008 жылы қайта оралып, «Балташ» мейрамханасын, 2010 жылы «Түрксіб» мейрамханасын жалға алдым. «Балташты» алған күні ішін сырлап, жаңартып жөндеп жатқанымызда бір апа келді. Науқас немересімен тұрып жатқан қиын жағдайын айтып, көмек сұрады. «Қанша ақшам болса, соны түгел берейінші» деген оймен қолымды қалтама салсам, екі мың теңге шықты. Соны беріп тұрып, апаның телефон номерін алып, «Апа, осы мейрамханамның жұмысы жүріп кетсе, сізге көмектесіп тұрамын» деп шығарып салдым. Кейін ол кісіге көмектесе жүріп, жақын араласып кеттік, – дейді іскер ана Меруерт.

Міне, осы сәттен бастап ол қайырымдылық істеріне бір иығын беріп тұратын болған. Өмірде ештеңе де оңай келмейтінін ол өмір тәжірибесінен көріп келеді. Жеке бизнесте де талай рет сыналды, бірақ ешбір кедергіге мойымай, қайта тұрып, сол қиындықтардан сабақ алып, ары қарай құлшыныспен еңбек етіп жүре білді.

– Өмірдің көрсеткен сынақтарының бірінде күн-түн демей кітап оқыдым. Кітап – біріншіден, күйзелістен шығуға көмектеседі, екіншіден, біліміңді арттырады. Әлемнің алғашқы миллиардері, американдық ірі кәсіпкер Рокфеллер Джон Дэвисонның кітабынан бизнесте табысыңнан басқаларға көмекке беріп тұру керегін оқыдым. Содан бастап мен осыны ұстандым, қандай кәсіп етсеңіз де табысыңыздың он пайызын зекетке беріп отыру – бизнестің заңы екен.

Барлық адам жұмыс істеп, азды-көпті табыс табады. Бірақ, тапқанның басын құрай білу керек. Халықта «Таппайтын еркек болмайды, құрауын айт» деген сөз бар. Үнемі жастарға «Қазір тауып жатқаның маңызды емес, соны құрай алмасаң…» деймін. Мен де тапқанымды құрау үшін өз мейрамханамды тұрғызуды көздедім. Содан «Бес жылдың ішінде өз мейрамханам болады» деген үлкен мақсат қойдым. Биыл 10 жыл толып жатқан «Гауһартас» мейрамханасын тұрғызарда қолымда небәрі 10 мың доллар бар еді. Қазіргі «Гауһартас» тұрған жерде ол кезде «ТТТ» деген кафе болатын, соны 300 мың долларға сатып алдым. Несие алдым, жетпегенін достардан қарызға алдым. Адам бір нәрсені көздесе, оған жетпей қоймайды, 9 айда мейрамханамды салып бітірдім. Атын қоярда ешқандай да адам есімімен атағым келмеді. Бірақ, бағалы таспен атауды жөн көріп, Гауһар дегенді ойладым, алайда ол да адам есімі болып кететіндіктен, соңына тас дегенді қостым. Кез келген кәсіпте тоқтап қалмай, жаңартып отырса, табысты болады. Сондықтан, біз де мейрамханамыздың ас мәзірін жаңартып отырамыз. Сондай-ақ, «Адамдар өз үйінде жасай алмайтын асты тойға келіп ішсін» деген оймен кейбір тағамдарымызды тек біздің мейрамханадан ғана табылатындай етіп әзірлейміз. Мысалы, ірімшікті ақ сорпаға салатын қатықты Аягөзден алдыртамын, ол басқа өңірде жоқ. Сосын, тек өзіміздің брендпен «Гауһартас» балмұздағын шығарамыз. Сол секілді бөрек, картоп зраздары секілді тағамдарымыздың бәрін де басқалардікінен ерекшелеп дайындауға тырысамыз, – дейді істің көзін тапқан Меруерт Қаттабайқызы.

Осыған дейін 12 отбасына баспана алып берген жомарт жан «Гауһартас» мейрамханасының 10 жылдық мерейтойында 5 отбасын үйлі етіп, қуантып отыр. Сонымен қатар, осы мерейтойда үздік жұмысшыларына алтыннан алқа тақты. Әлемді сынға салған пандемия кезінде тойхана түгілі, барлық жұмыс тоқтап қалған шақта жұмысшыларын жалақысыз қалдырмау үшін күйеуінің қымбат көлігін сатып, айлықтарын төлеп тұрыпты. Сол жылдары ауруханаларда адам өміріне араша түсіп жүрген дәрігерлер мен кесел шығып, үй қамағына алынған адамдарға ыстық тамақ дайындап, таратып тұрғанын да облыс халқы жақсы біледі. Бұдан бөлек, қарттар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасап жүрген қайырымдылықтары да баршылық. Әсіресе, соның ішінде атап өтерлігі – Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйіндегі жасөспірімдер бәрі дайын дүниеге үйреніп, еңбекке икемсіз болып қалмасын деген ниетпен ондағы тәрбиеленушілерге өздері еңбек етіп, табыс табуды үйрену үшін сұлулық салонын, кондитерлік цех ашып, түгел жабдықтап берген. Айта берсе, мұндай көпке үлгі етерлік бастамалары баршылық.

Тапқанын да, білгенін де басқалармен бөлісіп жүретін кәсіпкер Меруерт Лештаеваның ұстанымы – «Сен барыңды басқалармен бөліссең, саған Алла береді». Іскер ананың іс-әрекетінен табыстың кілті – жомарттықта екенін байқадық.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support