- Advertisement -

Сауыншы депутат

53

- Advertisement -

Жамбыл атындағы орта мектепті 1966 жылы бітірген Тұрсынкүл Сейдінәбиева ұжымшардың товарлы сүт фермасына қабылданды. Жамбыл атындағы ұжымшар ол кезде аудан бойынша ауыл шаруашылығы қуатты түрде дамыған яғни, мүйізді ірі қара, жылқы, қой шаруашылығы еселеп артып, мемлекетке ет, сүт, ақ егіс, қант қызылша өнімдерін өткізуде зор жетістіктерге қол жеткізген кезең болатын. Мұның барлығы сол кездегі ауыл жастары мен жергілікті қарапайым еңбекшіл буынның табандылығының арқасында келген.

Тұрсынкүл ауылдағы қызу еңбек ортасына келіп, өзіне тиісті формадағы сауын сиыр бастарын қабылдап, уақытпен санаспай үзіліссіз зейнет жасына шыққанға дейін отыз жыл бойы жаз жайлауда, қыс мал қыстауында қажырлы еңбек етіп, ұжымда беделді сауыншы дәрежесіне жетті. Мемлекетке сүт өткізу жоспарларын жыл сайын асыра орындағаны және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін 1986-1989 жылдары халық депутаттары Жамбыл облыстық кеңесіне депутат болып сайланды және зейнет жасына шығар алдындағы жылдары ауылдық, аудан кеңестерінің депутаты мандатын алды. Ол осында еңбек ете жүріп, ауыл азаматы, мүйізді ірі қара малдарды қолмен ұрықтандырудың техник маманы Амангелді Сейдінәбиевке (марқұм) тұрмысқа шығып, отау құрды.

Тоқсаныншы жылдары ол сауын сиыр фермасындағы әр жүз бас сауын сиырдан тоқсан бес бұзау алып, үлкен марапатқа ие болды. Аудан басшылығы оны Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің Мәскеудегі көрмесіне жіберді. Бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері аяулы ананың үлкен ұлы Айдар шаруа қожалықтың жетекшісі, Мадияр, Нұрбол атты ұлдары Отан алдындағы әскери қызметтерін абыроймен атқарып, зейнет жасқа толуына байланысты ҚР Қарулы Күштердің қатарынан запасқа шығып, бұл күнде азаматтық қызметтерін жалғастыру үстінде. Нұржан құрылыс саласында еңбек етсе, қыздары Гүлнәр, Гүлнәз тұрмыс құрған.

Алғашқы еңбек жылдарын Тереңөзек ауылында сауыншы болып бірге бастаған бұл күнде Байзақ ауданында облысымызға танымал нәзік жанды шаруа қожалығын басқарып отырған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Несіпкүл Байжанова оның жерлес, замандас құрбысы.

Сейдінәбиева Тұрсынкүл Шүленқызы қазіргі таңда Т.Рысқұлов ауданы тау бөктеріне орналасқан жасыл желекті Шолаққайыңды ауылында кенже ұлы Беріктің қолында немере, шөберелерімен бейнетінің зейнетін көріп отырған жетпіс бес жастағы ақ жаулықты әже.

 

Бейбіт БАЙСАРИЕВ.

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support