- Advertisement -

Интернет алаяқтарының арбауы оңай, құрықталуы қиын

33

- Advertisement -

Бұл күнде қолына қару ұстамай-ақ, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы мол қаражатты қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер пайда болды. Нақтылай түссек, қазіргі таңда электронды ақша ұрлауды кәсіп етіп, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатын алаяқтардың қарасы қалың. Мұқият мән берсеңіздер, бір елдің өзге елден шекарасы соншалық шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару сүт пісірім уақытқа жетпей-ақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың нәтижесі. Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуат байланыстар. Құзырлы органдар бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталып жазаланары анық.

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

Бірер ай бұрын Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды мақұлдады. Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған заң дербес деректерді қорғауды күшейтуге және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеуді құқықтық жетілдіруге бағытталған. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының төрт кодексіне және он заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сенатор Бибігүл Жексенбай қазіргі уақытта дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, интернет алаяқтардың көбейіп, олардан мыңдаған қазақстандық зардап шегіп жатқанын айтады.

– Заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы бағытында мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Дербес дерекке ие операторлармен профилактикалық жұмысты жолға қояды. Әр оператор дербес деректер жария болып кеткен жағдайда реттеуші мемлекеттік органға хабарлауы заңмен бекітіліп отыр. Екіншіден, арнайы мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығының функциялары кеңейтіледі. Орталық мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне өзара әрекеттесу бағдарламасымен толықтырылады. Қазір еліміз бойынша 350-ге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысаны жұмыс істейді. Орталық Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің жанында жұмыс істейтін болады, – деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.

Сондай-ақ, Заң бойынша жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады. Сонымен қатар, алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында адамдарға «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі.

АЛАЯҚТЫҚ САЙТЫ БҰҒАТТАЛДЫ

Алматының өкілетті қызметтерімен адамды алаяқтық жолмен арбайтын 376 интернет сілтемесі бұғатталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің өкілдері айтты. Мемлекеттік органның мәліметінше, жыл басынан бері 9 қаржы пирамидасының (WBIC, Robotex, Hit Beat Music, Qnet, Chia Thai, Bincloud, S-Group, Marqar, Patin Coin) жолы кесілді. Айта кетейік, осы күнге дейін 3000 адам олардың құрбаны болған. Сондай-ақ, жыл басынан бері интернет-ресурстарды тексеретін «Байқа, пирамида» Telegram-боты іске қосылды.

– Енді біздің азаматтар сайт пен әлеуметтік желілердің қаржы пирамида белгілерін өз бетінше тексере алады. Бұл «алаяқтық» жүйесіне алдануына жол бермейді. Әзірленген өнім халық арасында үлкен сұранысқа ие. Қысқа уақыттың ішінде азаматтардан 6 мыңнан астам өтінім тіркелді. Оларға бот автоматты түрде жауап берді. Алаяқтық ұйымдастырушылар азаматтарға жаңартылатын қуат көзін және энергияны сақтау объектілерін жоспарлауды, пайдалану жобаларына ақшалай қаржы салуды ұсынды. Бұл тәулігіне 2,7 пайыздан 3,4 пайызға дейін, яғни айына 80 пайыз астам көрсеткіш. Жылына 950 пайыздан астам табыс түседі деп уәде берген. Салым сомасы 30 доллардан 2700 долларға дейінгі аралықта жиналған. Жедел іздестіру іс-шарасын өткізу барысында 11 қалада, атап айтқанда Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Орал, Қызылорда, Павлодар, Шымкент, Кентау, Семей қалаларында кеңселер орнатылды, сондай-ақ ұйымдастырушылардың шетелде екендігі анықталды, – деді экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсылық Мырзахан.

Атап өтерлігі, бұл күнде «Innova Gold», «IG Group KZ», «Qozgan, Tender», «Rich Beach», «Альфа Сейлс Консалтинг», «ESS Group» және «Qnet», «Energy Eolus Qazaqstan» сынды қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар жауапқа тартылып, ұзақ мерзімге сотталған.

ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІ АЛАЯҚТАРМЕН БІРЛЕСЕ КҮРЕСПЕК

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында Қаржы мониторингі агенттігі мен «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері интернеттегі алаяқтық схемалардың алдын алу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, интернеттегі алаяқтық жағдайларының алдын алу, интернет алаяқтыққа қарсы күресте жастар мен мемлекеттік органдарды, банк секторын жұмылдыру.

Ынтымақтастық шеңберінде тараптар еріктілерді даярлау жұмыстарын, халықтың, оның ішінде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Айта кетейік, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі алаяқтық схемалардың алдын алу және жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысын ұйымдастырды. Еліміздің барлық өңірлерінде қозғалыс белсенділері сауаттылықты арттыруға бағытталған марафондар өткізіп жатыр. Бүгінге дейін марафонға 3500-ден астам адам қосылған. Еске салайық, «Alayaq.net» жобасы 2024 жылдың соңында аяқталады.

ҚАЙ ӨҢІРДЕ АЛАЯҚТЫҚ КӨП ЖАСАЛАДЫ?

Жалпы, бүгінгі таңда елімізде алаяқтықтың төмендеуі байқалып отыр. Тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардың ішінде алаяқтықтың үлесі 30 пайызын құрайды. Аймақ бойынша ең көп алаяқтық Алматы қаласында тіркелген. Ал, бұл тізімді Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Алаяқтық әрекеттердің салдарынан 34 623 қазақстандық зардап шеккен. Сонымен қатар, интернет алаяқтық фактілері 1,5 пайызға төмендеген. Еліміз бойынша жалпы саны 15616 осындай қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұдан бөлек, төлем карталарын пайдалану арқылы жасалған алаяқтық фактілері бойынша да төмендеу байқалады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға аз.

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАР ТОБЫ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысы бойынша полиция департаментінің криминалдық полиция «Киберпол» қызметкерлері интернет алаяқтық фактілері бойынша көп эпизодты қылмыстық істі ашты. Бұған дейін Өскемен қалалық полиция басқармасы Үлбі полиция бөліміне облыс орталығының тұрғыны өтінішпен жүгінген. Ол белгісіз адам оған қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырғанын айтқан. Сұхбаттасушы оның атына ақшалай несие ресімделгенін айтып, өз көмегін ұсынған. Банктің жалған қызметкері сенгіш жәбірленушінің сауалнамалық деректерін алып, оған 1 миллион теңге көлемінде несие ресімдеген. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері үш күдіктінің жеке басын анықтады.

– Тәртіп сақшылары олардың үйлеріндегі заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Алаяқтардың шотында бүкіл Қазақстан бойынша 50-ден астам жәбірленуші бар, ал залал сомасы шамамен 80 миллион теңгені құрайды. Жас адамдар жұмысты танымал мессенджер арқылы тапқаны анықталды. Олардың рөлі қылмыстық жолмен алынған бөтен адамдардың ақшасын банкоматтар арқылы заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру болған. Кейін олар мәміленің белгілі бір пайызын алып, ақшаны криптовалютаға аударып отырған, – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, полиция департаменті Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 2-бөлігі, яғни алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу және жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды.

ЗЕЙНЕТКЕР ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚҚА 21 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АУДАРҒАН

Бұл туралы Мәжілістегі Парламенттік тыңдауда Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді. Айтуынша, ішкі істер ведомствосына интернет алаяқтардың құрығына түсіп, несие алғандар көп жүгінеді. Сонымен қатар, ол Ішкі істер министрлігінің тергеушілері өздерінің құзыреттілігі аясында банк мекемелеріне сәйкес ұсыныстар енгізіп жатқанын жеткізді.

– Адамдар мұндай істерді тергеу мен тексерудің күрделілігін түсініп, тіпті өздерінің қателіктерін мойындайды. Алайда, «Неліктен банктер адамның оны төлеу мүмкіндігін ескерместен несиені рәсімдей береді?» деп сұрайды. Бір ғана мысал келтірейін. Қостанай облысында «WhatsApp қоңырау» бойынша инвестицияға ақша салуды ұсынған шетелдік алаяқтың арбауына түскен. Салдарынан екі банктен алты онлайн тұтыну несиесі мен бір микроқаржы ұйымынан 21 миллион теңге қарыз алып, алаяқтың шотына аударған. Полицияға тек арада екі апта өткен соң ғана хабарласқан. Біз қылмыскерлердің тұлғасын анықтап, процессуалдық баға бердік. Мәселенің екінші жағы бар. Жәбірленушінің ай сайын алатын зейнетақысы – 150 мың теңге, ал несиеге төлейтін төлемі – 350 мың теңге. Зейнеткер не істерін білмей отыр. Соның негізінде азаматтарға ондай несиелер бойынша төлемдер уақытша тоқтатыла тұрады. Бірақ ол уақытша екенін ескерткім келеді. Интернет алаяқтық туралы қылмыстық істерді тексеру кезінде барлық қылмыс зардап шегушілердің сенгіштігінің кесірінен жасалғаны белгілі болды. Ұлттық банк биыл тамызда азаматтардың несие алудан ерікті бас тартуы бойынша мобильдік қызметті іске қосты. Қазір халықтың несие жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін басқа да шектеулерді қабылдау қажет, – деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.

Өкінішке қарай, қазақстандықтардың банктерге қарызы күн санап өсіп келеді. Қазірдің өзінде 18 триллион теңгеге жеткен.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support