- Advertisement -

Жуалыдағы жылы жүздесу

38

- Advertisement -

Әулиеата өңіріне келген Қазақстанның Еңбек Ерлері және Халық Қаһармандары Жуалы ауданының жұртшылығымен жүздесті. Бұл күні Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, әскери қайраткер, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз-педагог Аягүл Миразова және Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров бастаған бірқатар азаматтар жерлестерімен кездесу өткізді.

Танымал азаматтар ең әуелі ауданға қарасты Ертай ауылына атбасын бұрды. Елді мекендегі «Ардагерлер саябағында» өткен жылы жүздесуде алғаш сөз тізгіндеген генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев туған ауылына келіп, ерекше толқып тұрғанын жасырмады. Ол өз сөзінде мұндай кездесудің өтуіне ұйытқы болған азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.

– Біз барлығымыз туған жерге, қасиетті Отанға, кіндік қанымыз тамған туған ауылымызға қарыздармыз. Ауылымның алдында перзенттік парызымды орындау үшін аз немесе көп еңбек еттім деп айта алмаймын. Әлі де иығымдағы жүктің, жерлестерімнің және ел сенімінің салмағы жеңілдеген жоқ. Алла Тағала күш-қуат берсе, туған елдің және туған ауылдың алдында әлі де аянбай еңбектенетін боламын. Бүгін Ертай ауылына Қазақстанның әр аймағынан келіп жатқан танымал азаматтар ең біріншіден елді, жерді, жұртшылықты көрейік, қасиетті Жуалы ауданының тыныс-тіршілігімен танысайық, осындағы жұртшылыққа жақсы сөзімізді айтып, жастарға ерен еңбектің үлгі-өнегесін көрсетейік деген мақсатта келіп отыр. Еліміз аман болса, жастарымыз рухты, тәрбиелі және еңбекқор азамат болып қалыптасса, Тәуелсіз еліміздің болашағы да жарқын болмақ. Елдің келешегі мен үкілі үміті де – осы өскелең жастар. Жастардың келешегі зор болсын. Баршаңызға жақсылық тілеймін, – деді Бақытжан Ертайұлы.

Бұдан кейін Аягүл Миразова жұртшылыққа ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, Мұқаш Ескендіров мұндай кездесудің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екеніне тоқталды. Ал, шара соңында құрметті қонақтар аудан орталығындағы даңқты қолбасшы, ұлт батыры Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейіне арнайы барып, батырдың рухына тағзым етті.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support