- Advertisement -

Өндірісі өркендеген өңір

16

- Advertisement -

Осыдан 95 жыл бұрын Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылған Сарысу ауданында қазір 44 192 халық тұрады. Аудан 31,3 мың шаршы километр аумақты алып жатыр. Құрамында 9 ауылдық округ және Жаңатас шағын қаласы бар. Аудан орталығы – Жаңатас қаласында 25 684 адам қоныстанған. Ұлттық құрамы жағынан аудан халқының 91,6 пайызын қазақтар, 5,2 пайызын орыстар құраса, 3,2 пайызы басқа этнос өкілдері. Аудан өнеркәсібінің көлемі биылғы 9 айда 68 миллиард 803,4 миллион теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда табыстың артқаны байқалады.

Ауданның жалпы жер көлемі 3 136 094 гектар болса, оның 24 717,6 гектары егістік алқап. Оның ішінде 3949,78 гектары суармалы жер. Биыл 5 рет электронды аукцион өткізіліп, 3,3 гектар болатын 3 жер телімі 3 жылға жалдау құқымен сатылыпты. Ауыл шаруашылығы жерлеріне конкурс ұйымдастыру бойынша көлемі 25 мың гектар болатын барлығы 46 жер дайындалып, 14186,82 гектар жер учаскесі айналымға енген, оның 14138,82 гектары жайылымдық жер. Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 4,88 гектар егістік және 1417,12 гектар жайылымдық жер қайтарылған. 303101 кодына жер учаскелерін сатудан аудан бюджетіне 14904,8 мың теңге және жерді жалға беруден 41 мың теңге түскен.

– Ауданымызда негізгі капиталға салынған инвестициялар қаңтар-қыркүйек айларында 36 миллиард 450,1 миллион теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 156,7 пайызды құрады. Ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс та қарқынды. Айталық, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 10 миллиард 321,9 миллион теңге көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 170,6 пайызды көрсетті.

Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі қаңтар-қыркүйек айларында 11484 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,1 пайызға орындалды. Биыл жыл соңына дейін «Асарлатып үй салу» жобасымен ауыл тұрғындарының және демеушілердің көмегімен 2 жаңа құрылыс, 6 күрделі жөндеу, барлығы 8 үйді мұқтаж азаматтарға беру жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, жаңа құрылыстың біреуі Жаңатаста, екіншісі Тоғызкентте, асарлатып күрделі жөндеу жасалатын алты үй Жаңаталап, Түркістан, Саудакент, Жайылма, Жаңаарық, Игілік ауылдарында. Жалпы, Жаңатас қаласында 97 көпқабатты тұрғын үй бар, онда 6425 пәтер орналасқан. Оның ішінде 1 тұрғын үй «ЕвроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде, 19-ы коммуналдық меншікте. Кондоминиум объектілері ретінде 76 тұрғын үй тіркелген.

БиылЖаңатас қаласындағы бос тұрған 2-шағынаудандағы №32 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланған, бұл жұмыстарға 538,2 миллион теңге қаралған. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана сатып алып беру жоспарланып, оған 1545,6 миллион теңге бөлінген. Осы қаржыға 181 пәтер беріледі, жақында ғана соның 56 пәтерін өз иелеріне табыстадық. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту бойынша Жаңатас қаласындағы 2-шағынауданнан бос тұрған №33 көпқабатты үйді коммуналдық меншікке алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, 6-шағынауданнан да 80 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті, бюджеттік өтінім облыстық құрылыс басқармасына өткізілді. Бүгінгі таңда Жаңатас қаласындағы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1638 азамат есепте тұр. Олардың ішінде 9 азамат жетімдер санатында, 356-сы көпбалалы отбасынан, 761 адам әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар санатынан, 512 азамат бюджеттік мекеме қызметкерлері, – дейді аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы.

Аудандағы 25 елді мекеннің бүгінгі таңда 20-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл Үшбас және Шағалалы ауылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 470,8 миллион теңге бөлінген. Қалған 3 елді мекен, яғни Ақтам, Майлыкөл, Кіші Көкдаланың халық саны 200-ге дейін ғана болуына байланысты кешенді блок, модульды қондырғы орнату көзделіп, 26 миллион теңгеге Ақтам ауылын қамту қарастырылып отыр. Сонымен қатар, осы жылы Ақтоғай, Саудакент және Тоғызкент ауылдарындағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 1 миллиард 352,5 миллион теңге қаралыпты. Моноқалаларды дамыту мақсатында Жаңатас қаласының «Строитель массивіне» (Строитель, Горняк, фосфорит) су құбыры желілерінің құрылысына 431,1 миллион теңге бөлінген.

Ал, жолдардың жағдайына келсек, аудандағы 525,5 километр ұзындықтағы автомобиль жолдарының 410 километрі, яғни 78 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Облыстық маңызы бар 271,8 километр жолдың 197,2 километрі қанағаттанарлық жағдайда болса, аудандық маңызы бар 64,8 километр жол да жаман емес. Биыл Шағалалы ауылына кіреберіс жолы 267,3 миллион теңгеге орта жөндеуден өткізілген. Елді мекен ішіндегі көше жолдарының 60,2 километрі қала ішіне тиесілі болса, 128,6 шақырым ауылдық елді мекендердің көше жолдары. Барлығы 188,8 километр жолдың 148 километрі қанағаттанарлық жағдайда, яғни елді мекен жолдарының 78,3 пайызы аса нашар емес. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6 елдімекеннің 12 көшесіне 279,8 миллион теңгеге және аудандық бюджеттен бөлінген 9 миллион теңгеге Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы Р.Қабылұлы көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Аудандағы 25 елді мекеннің 23-інде, яғни 92 пайызында тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигон бар. Барлығы экологиялық және санитариялық қағидалар талаптарына сай, қоршаған ортаға эмиссиялық рұқсаты бар, құжаттары рәсімделген. Барлық 23 полигон толық қоршалған.

Осы 25 елді мекенде 44 157 адам тұрады. Бүгінде ауыл-аймақтарға көгілдір отын тарту да өзекті мәселе. Бұл тұрғыда айтар болсақ, Сарысуда бүгінгі таңда 4 елді мекен газдандырылған. Ауданда газдандыру жұмысын жалғастыру мақсатында 3 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Біріншісі – «Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы».

Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2019-2022 жылдары жүргізіліп, оған бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл жұмыстарға 1,1 миллиард теңге қаралыпты. Екінші нысан – Сарысу ауданының 14 елді мекеніне, атап айтқанда Қызылдихан, Маятас, Жайылма, Өндіріс, Саудакент, Игілік, Жаңаталап, Уюм, Сыздықбаев, Ақтоғай, Жаңатас, Үшбас, Бүркітбаев, Арыстандыға газ құбырларын салу жобасы. 2021-2022 жылдары жоба бойынша 3,7 миллиард теңгеге елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталып, қазіргі таңда 8 елді мекенде газ тарту жұмыстары толығымен аяқталған. Бұл жұмыстарға 2023 жылы 3,6 миллиард теңге бөлінген. Ал, үшінші жоба – Шағалалы ауылын газбен жабдықтау жұмыстарына биылға облыстық бюджет есебінен 98,3 миллион теңге бөлінген. Аталған жобалар іске асқанда, Сарысу ауданының 15 елді мекеніндегі 40 мыңға жуық адам және Жаңатас қаласындағы 22 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады. Ауданның газбен қамту деңгейі 76 пайызға дейін жететін болады.

Аудандағы жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 2758,9 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 150,7 пайызды құраған. Бұл ауданда 5265 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде 185-і шағын және орта бизнес болса, 3320-сы жеке кәсіпкерлер, ал 1760-ы шаруа қожалықтар.

Биылғы 9 айда өткен жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1098-ге артқан. Оның ішінде белсендісі – 4704, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үлесі 134,7 пайызды құрап отыр. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында ауданның 35 жеке кәсіпкерінің жобалары 248,6 миллион теңгеге қолдау тапқан. Сонымен қатар, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында «KMF» микро қаржы ұйымы Жаңатас бөлімшесі арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша ауданда 764,4 миллион теңгеге 764 жоба несиелендірілген.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік бюджетке 6547,9 миллион теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер жиналған. Жоспар 125,2 пайызға орындалған. Көрсетілген соманың 2216,8 миллион теңгесі республикалық, 4331,1 миллион теңгесі жергілікті бюджетке түскен. Жергілікті бюджетке түскен түсімнің 2581,1 миллион теңгесі аудандық, 1750 миллион теңгесі облыстық бюджетке түскен.

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында аудандық және ауылдық округтер бюджеттерінің кірістер жоспары 9 790,2 миллион теңге болса, 10 578,1 миллион теңге орындалып, жоспар 108 пайызға жүзеге асыпты. Аудандық және ауылдық округтер бюджеттерінің шығыстар бөлігі 9 995,2 теңгеге, яғни 100 пайызға орындалған.

Өскелең ұрпаққа заманына лайық сапалы білім мен дұрыс тәрбие беру де ел өркениетіне қосылған елеулі табыс. Бұл бағытта жұмыс істейтін Сарысу ауданында 27 мектеп бар. Аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты бұл мектептердің 22-сі орта, төртеуі негізгі, біреуі бастауыш мектеп. Аталған 27 мектептің 17-сі типтік, 10-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты және үш аусымды мектептер бұл ауданда жоқ. Барлық мектептер 98 заманауи модификациялық кабинетпен жабдықталған. Қамтылу үлесі 71,2 пайызды құрайды, нақты айтқанда химия кабинеті – 27, ЛМК кабинеті – 17, биология кабинеті – 27, физика кабинеті – 27. Биыл 9 модификациялық кабинет, яғни 3 физика, 3 химия, 3 биология кабинеттерін сатып алуға 77,6 миллион теңге қаралған. Аудандағы 17 (62,9%) мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталған және 7 мектепте ІТ сынып жұмыс істейді.

Мектептерде барлығы оқу үрдісіне арналған 2984 компьютер бар, оның ішінде 2447 оқушыларға арналған, 537 мұғалімдердің жұмыс істеуіне негізделген компьютерлер. Қазіргі уақытта бұл ауданның мектептеріне 3 физика, 10 математика, 7 ағылшын, 1 орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімдеріне қажеттілік бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен 243 оқушының көрсеткіші орта балл 70,3 болғанын көрсетіпті. Бұл ауданда 9 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның біреуі балалар мен жасөспірімдер орталығы болса, 1 балалар шығармашылық орталығы, 3 өнер мектебі, 1 саз мектебі, 1 техникалық шығармашылық орталығы, 2 аула клубы балаларды мектептен тыс өнер-білімге баулиды. Қамтылған оқушылар саны – 3926, қамтылу үлесі – 42,9 пайыз. Аудан мектептерінде 132 спорттық үйірме бар, ондағы оқушылар саны – 3926, қамтылу үлесі – 42,9 пайыз.

Биыл білім саласында «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 193 миллион теңгеге Жаңаталап орта мектебіне жапсарлас спорт зал мен жапсарлас асхана, мәжіліс залының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 399,2 миллион теңгеге Жаңатас қаласындағы 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, Абылайхан орта мектебі 315,9 миллион теңгеге, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы 83,3 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен.

Ауданда бүлдіршіндерді мектепке дейін тәрбиелейтін 24 мекеме бар. Ондағы 11 балабақшада 1564, 13 шағын орталықтарда 429 бала, барлығы 1993 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша кезегінде 1 мен 3 жас аралығындағы 550 бала тұр. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда («Шапағат», «Инабат», «Саин», «Еңлік») 750 бала тәрбиеленуде.

Ауданда бұқаралық спортты дамытып, халықтың саламатты өмір салтын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Айталық, бүгінгі күнге ауданда 5 спорт мектебі бар, онда спорттың 20 түрінен 2796 спортшы тұрақты түрде спорттық секцияларға қатысып жүр. Олармен 84 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Ауданда жалпы 250 спорт нысаны бар. Оның ішінде жекеменшік стадион біреу, спорт кешені екеу болса, 173 спорт алаңшасы, 28 футбол алаңы, 32 спорт зал, 14 орнатылған спорт зал ел игілігіне пайдаланылуда. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында ауданда 5722 адам қатысқан 112 спорттық іс-шара өткізілген. Аудан спортшылары 9 айда республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда барлығы 334 медальға ие болған, олардың ішінде 83-і алтын, 90 күміс, 171-і қола. Аудан тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушыларының саны – 17294 адам, яғни аудан халқының 40,3 пайызы. Биыл 5 елді мекенде, атап айтсақ Жаңатас қаласы, Саудакент, Тоғызкент, Ә.Бүркітбаев, Өндіріс ауылдарына 99 миллион теңгеге футбол, волейбол және стрит воркаут алаңшалары орнатылған.

Ауданда мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, биыл қаңтар-қыркүйек айларында салада барлығы 80,8 мың адам қатысқан 1989 мәдени іс-шара өткізілген. Аудандық кітапханаларда 449063 дана кітап қоры сақталған. «КАБИС» және «РАБИС» бағдарламасына 439840 дана дерекқор енгізілген.

Халыққа қызмет көрсету мақсатында қалалық және ауылдық кітапханаларда 3 «Коворкинг» және 21 цифрлық ақпараттық орталықтар жұмыс істейді. Аталған орталықтар арқылы e.gov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жыл басынан бері 3626 электрондық анықтамалар берілген.

Биыл мәдениет саласында «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 223,6 миллион теңгеге Өндіріс ауылдық клубының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Халықтың өсімі жағына тоқталсақ, биылғы 9 айда Сарысу ауданында 633 нәресте дүниеге келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40 нәрестеге азайғанын байқатады. Өткен жылдың 9 айында 673 сәби дүние есігін ашқан екен.

Денсаулық сақтау саласы бойынша биыл Жайлаукөл ауылында 249,7 миллион теңгеге ауысымына 30 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.

Ел ішіндегі тыныштықты, тәртіптің бұзылмауын қадағалау да басты назарда болатын елеулі іс. Бұл ауданда биылғы қаңтар-қыркүйек айларында жалпы 109 құқықбұзушылық тіркелген. Былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, қылмыс саны 10 көрсеткішке жоғары. Қылмыстың ашылу деңгейі 84,3 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға төмендеген.

Аудан әкімі Сәкен Мамытов халықтың игілігіне негізделген жұмыстар тоқтаусыз жүзеге асырылып, аймақтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартуда тынымсыз тірлік атқарыла беретінін айтты. Жоғарыда айтылған жұмыстар тек 9 айдағы көрсеткіш. Алдағы уақытқа жоспарланған істер де ауқымды. Нәтижесін уақыт көрсетеді, бағасын халық береді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support