- Advertisement -

Сапалы білім елдігіміздің кепілі

63

- Advertisement -

Әрбір елдің өркендеуі тікелей білімге байланысты. Елімізде білім беру жүйесін сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу ұдайы назарда болуы керек. Бүгінде білім сапасын жақсарту мақсатындағы жұмыстар бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді. Ел Президентінің Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде де білім саласы назардан тыс қалмайды. Сапалы білімді меңгерген білікті маман – қоғам дамуының басты факторы. Бұл бағытта аймағымыздағы білімге құштар, дарынды жастарға ерекше қолдау көрсетілуде. Әсіресе, ауыл жастарының сапалы білім алуына жағдай жасалып, таланттардың танылуына жол ашылуда.

 

Бүгінде аймағымыз бойынша 585 мектепке дейінгі мекемеде 60 мыңға жуық бала тәрбиеленіп, 501 жалпы білім беретін мектепте 250 мыңға тарта оқушы білім алуда. Жыл басынан бері 2845 орындық 14 жекеменшік балабақша ашылды. Жалпы, мектепке дейінгі ұйымдарда 6648 педагог жұмыс істейді. Биылғы қуанышты жаңалық, мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өсті. Білім саласына қатысты бұл бастамалар ел болашағының кемел болуына, дамыған елдермен тең түсер білікті тұлғалар дайындауға мүмкіндік тудырары анық. Сананы тұрмыс билеген заманда тәрбиешілердің қажымас еңбек етіп, сапалы білім беруі, оның әлеуметтік жағдайының деңгейімен де тікелей байланысты екені рас.

Өткен оқу жылында облыс оқушылары бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.

Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Республикалық олимпиадада қоғамдық- гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша І орынды иеленді.

Балалар есейген сайын оларға ықпал ететін зиянды тамақтанудың әсері – алаңдатарлық жағдай. Жылдың тағы бір жаңалығы, 1 қыркүйектен бастап 1-4 бастауыш сыныпта білім алатын 68 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылуда. Бүгінде аймағымыз бойынша 412 мектепте асхана бар. Өз асханалары жоқ мектептерге оқу кабинетінде ыңғайластырылған асхана жасалып, кейбір білім ошақтарына ыстық тамақ тасымалданып, жеткізілуде. Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

«Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы аясында Сарысу ауданы Б.Адамбаев атындағы орта мектебінің 35 оқу кабинетінің материалдық- техникалық базасы жаңартылып, 116 педагог «Назарбаев зияткерлік мектептері» арқылы оқыту курстарынан өтті.

Сондай-ақ, аудандар мен шағын қалалардан к е л г е н б а л а л а р ғ а б а ғ д а р л а м а л а у д ы , робототехниканы, схемотехниканы зерделеуге мүмкіндік беретін «Болашақ инженерлер-1» жобасы да іске асырылуда. Жоба аясында облыс бойынша 13 робототехника кабинеті жабдықталды. Сонымен қатар, бағдарламалау және робототехника негіздері бойынша мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетіліп, оқу- әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін «Болашақ инженерлер-2» жобасы аясында шағын қалаларда 7 робототехника кабинетін жабдықтау жоспарланып отыр.

Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін уақыт. Соның ішінде, білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Бүгінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған еліміздің ең жас азаматтарына да, ұядан түлеп ұшар түлектерге де сапалы білімге жол ашылуда.

Облыс бойынша 20 балалар мен жасөспірімдер орталығы, 15 өнер мектебі, 10 саз мектебі, 6 техникалық шығармашылық орталығы, 7 аула клубы, 2 балалар көркемсурет мектебі, 2 өлкетану және туризм орталығы, 2 экология және натуралистер орталығы және 3 оқушылар сарайы жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объекті салу жөнінде жергілікті басқару органдарына тапсырма берді. Оның ішінде оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, балалар технопаркі, музыка және көркемсурет мектептері сынды нысандарды салу мәселесі көтерілген. Осы тапсырмаға сәйкес, 2 сауықтыру орталығы мен 4 қосымша білім беру мекемесінің құрылысы жергілікті бюджет есебінен жоспарланып отыр.

Қоғамның игілігіне қызмет атқаратын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Бұл бағытта биыл 1 қыркүйектен бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқу-тәрбие процесіне енгізілді. Біртұтас тәрбие бағдарламасы – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар негізінде «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құндылықтары арқылы жүзеге асады. Отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелері білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тәрбиелеу ісі пәндік мазмұн және тәрбиелеу жұмысы арқылы жүргізіледі. Аталған бағдарлама аясында бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жүзеге асырылуда.

Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылды, аталған ақпараттық жүйенің QR-кодтары облыс мектептеріне ілінді.

Осы жылдың 28 тамызынан бастап «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналы жұмыс істейді, онда балалар кімдердің буллинг жасайтынын, ақша бопсалау, қысым көрсету фактілерін жазып көрсете алады. Ақпарат беруші туралы мәлімет анонимді болғандықтан, балалар өз ойларын еркін жаза алады. Аталған телеграм каналға облыстық прокуратура, полиция департаменті білім басқармасының, білім бөлімдерінің жауапты мамандары қосылған.

Сонымен қатар, мектеп психологтарының жұмысын автоматтандыру және психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында облыс мектептері HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне қосылды. Бүгінгі күні мектеп психологтарын аталған жүйемен жұмыс істеу тәртібі бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда.

Облыста ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 25 арнайы мекеме жұмыс істейді. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мемлекеттік білім беру мекемелерінің саны жылдан жылға артып келеді.

Сондай-ақ, ай сайын білім басқармасы тарапынан түзету, оңалту қызметтерін атқаратын психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталығынан мәліметтер жинақталып, мониторингтік жұмыстар жүргізіледі.

Мемлекеттің ертеңі, өркениеті мен мәдениетінің дамып, әлеуетінің артуына дарынды балалардың ықпалы орасан. Осы оқу жылындағы облыс оқушыларының жеткен жетістіктері аз емес. Астана қаласында әлеуметтік жобалар бағытында әр өңірдің мектеп оқушылары арасында өткізілген «Solve For Tomorrow» байқауында облыс оқушыларының командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Грузия мемлекетінде EJOI-2023 информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында облыс оқушысы Серікбай Сұңғат күміс медаль иегері атанды. Республикалық XIV Ұлттық Дельфий ойындарында колледж студенттері жеңімпаз атанып, Бішкекте өтетін халықаралық сайыста бақтарын сынайтын болады. Республикалық «Жыр алыбы – Жамбылым» атты жас ақындар айтысында Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алина Айдаралы бас жүлде иеленіп, қаржылай сыйақы алды. Ерекше дарын иесі атанып, ілім-білімімен дараланған жастардың жетістігі өңірлік білім саласының жемісі.

Биыл бірінші рет ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасы өткізіледі. Олимпиада – математика, физика, химия, биология, география, информатика пәндері бойынша жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша және қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі пәндерінен қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша, яғни екі бағытта жүреді. Оқушылардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылғалы жатқан олимпиада 3 кезеңде өткізіледі. Бастапқы І кезең – 20 қараша күні өткізілсе, ІІ іріктеу кезеңі – желтоқсан айында, ІІІ республикалық кезең – осы оқу жылының қаңтар айында өткізіледі.

Бастапқы кезеңге ауылдық жерлердегі мектептердің 9-11 сыныптарында оқитын барлық ниет білдіруші оқушылар auyl.daryn. kz сайтында 30 қазаннан 15 қарашаға дейін тіркеледі. Олимпиаданың І кезеңін аудандық білім бөлімдері өткізеді. Кешенді тестілеудің барлық қатысушылары 1 парта – 1 қатысушы – 1 компьютер қағидасын сақтай отырып, тұрақты интернет байланыс желісіне қосылған дербес компьютерлермен жабдықталған орындарда онлайн платформада өтеді. І кезең қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған қатысушылардың жалпы санының 35 пайызы олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысуға жіберілетін болады. Қорытынды бойынша іріктелген оқушылардың тізімін олимпиаданың ұйымдастыру комитеті бекітеді және комитеттің ресми ресурсында жарияланады. Іріктелген оқушылар бекітілген тізімге сәйкес, олимпиаданың ІІ кезеңіне жіберіледі.

Бір сөзбен айтсақ, еліміздің болашағының бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, алға апаратын күші білімге байланыстылығы айқын көрінуде. Себебі, білім мен ғылымның дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі, жарқын болашағымыздың кепілі.

Білім саласына қатысты бұл бастамалар ел болашағының кемел болуына, дамыған елдермен тең түсер білікті тұлғалар дайындауға сеп болмақ. Білімге деген жанашырлық – ұлтқа деген жанашырлықтың айқын көрінісі.

Сол сапалы білімді беріп, саналы ұрпақ тәрбиелейтін – ұлағатты ұстаз. Мемлекет басшысы «мектептерді жақсы мұғалімдермен қамтамасыз етпейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес» деп ұстаздардың әлеуметтік жағдайының маңызды екенін алға тартқан еді. Бүгінде «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөзі қайта жаңғырып, ұстаздарға айрықша мән беріліп отыр.

Құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін-өзі өзгерте алуы деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет. Оқушылар мұғалімдерден тек білімге ғана емес, өмірге үйрететін қабілеттілікті де қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай, жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті болуы керек деп ойлаймын.

Қазіргі таңдағы білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой- өрісі дамыған, дүние-танымы биік, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, сыни ойлай алатын жеке тұлға тәрбиелеу. Сондықтан, мемлекеттік деңгейде сапалы білім беру – жамбылдық мектептердің бәріне қойылған ортақ міндет.

 

Мейірхан ӨМІРБЕК,

облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support