- Advertisement -

Кемел дарын, ерен тұлға

37

- Advertisement -

Адамзат баласын кемелдікке жеткізіп, өркениетке бастайтын жол бар. Ол – білім мен ғылым жолы. Осы жолда артына өшпес мұра қалдырған тұлғалардың бірі – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтің туғанына биыл жүз жыл толып отыр.

Көк аспанның шырқау төріндегі өткелде алған орнынан еш төмен сырғымайтын, көңіл күмбезі биігінен әсте еңіске құлдырамайтын қымбат адамдар болады. Мен үшін сондай сыйлы адамдардың бірі, ұлағатты тұлға – өзіндік үнімен, бітім- болмысымен, еңбек ізденісімен дараланып, туған халқының қалың ортасынан қадірлі орын алған, бала десе бәйек боп, бала көрсе өбектеп, оларға өлеңімен өмір танытып, өріс ашып, өнер үйретіп, жұртшылық «балалар әдебиетінің ат асы» деп тауып, құрметтеген көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев әнші- күйшілердің, ділмар-шешендердің, ақын-жыраулардың думан құрған өнер төрі Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Маралды атырабында 1923 жылы 29 қазанда дүниеге келді.

Жүрегінде өлең-жырға деген махаббаты маздай түскен ол жастайынан ата-анадан айырылып, «туар-тумаста тоналған», заманының ауыртпалығын сезінген, 1932-1933 жылғы ашаршылықты, 1937 жылғы Сталиндік сойқанды өз көзімен көріп, үрейі ұшқан ұрпақтың бірі.

М.Әлімбаевтің азаматтығы оның ақындығына күш-қуат беретін, тар қолтықтап демеп, өрлі жерден асырып жіберетін қасиет десек, артық болмас. Сонда біз ұлы Некрасовтың «ақын болу шарт емес, азамат болу міндетің!» деген кемеңгер нақылын еске аламыз да, азаматтығына дақ түсірмеген ақындығына тәнті боламыз. М.Әлімбаевтің ақындардың ішінен «Жастар даусы» (1948) жинағына енген «Түтін», «Сүйші бөбекті», «Қосөзен», «Сурет» сынды төрт өлеңі сол кезде ұлы Қасым Аманжоловтың көзіне ерекше түсіп, толымды мақтауға ие болуы жарқын келешекке берген жолдама еді. Сол жолдамаға дақ түсірмей, аяқ асты етпей, асып-таспай тынымсыз еңбектеніп, алдыңғы лекте бола білді.

Кезінде кемеңгер тұлға М. Әуезов «Бірнеше буын ақындардың аттарын атасақ, олар: Тоқмағамбетов, Орманов, Тәжібаев, Молдағалиев, Шаңғытбаев, Әлімбаев, Жармағамбетов, Сейітов, Мәмбетов сияқты келісті, талантты ақындарымыз бар. Бұлар – қазақ совет поэзиясының көп ізденіп, өнерленіп өсіп келе жатқан тобы. Қазақ поэзиясының табыскер талаптылары – осылар», – деуі ақынның өлеңдегі олжаларына қуанғанын білдіргендей еді.

Асылы, өміршең поэзиялық туынды адам баласының танымдық көкжиегін кеңейтіп, ішкі жан дүниесін байытып, соны істерге құлшындырып, рухын сергітіп қанаттандырады. Бұл орайда елі мен жерін сүйген М.Әлімбаев ақындықтың парыз-міндетін имандай сыр қылып түйіп, мақсат- мүддесін:

Тумайды жұртын ақын жылатуға,

Туады жүректерді нұрлантуға.

Өлеңін орамал қып өтеді олар,

Көз жасын адамзаттың құрғатуға, – деп қадап айтады.

Өмірдің өзінен ойып алатын, ұшан-теңіз пікірді оймаққа сыйғызғандай шынайы шеберлікке жеткен, жинақылықтың асқан үлгісін көрсеткен ақын «Өлең – ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері», – деп поэзия турасында салиқалы пікір білдіреді.

М.Әлімбаевтің кең тынысты ақын екенін, әдебиетші-ғалымдарды былай қойғанда, туған халқы ғана емес, шетелдік оқырмандар да жақсы біледі.

Ең алдымен, М.Әлімбаев – лирик ақын. Тұңғыш өлеңінен бастап соңғы жазылған туындыларында жүрегімен қабылдаған өмірдің нәзік құбылыстарын оқырмандарына сәтімен жеткізе біледі. Лирик деп жалпы атағанымызбен, ақын өлеңдерінің мазмұн жағынан, көтерген мәселелері, өзектілігі тұрғысынан, тақырып ауқымы жағынан болсын бай екенін көруге болады.

Сөз зергерінің өзі тумысынан тәкаппар, жаратылысынан бекзат поэзияға:

Поэзия елінде

Падишадай сезінбей,

Жыр тумайды өмірге

Пайғамбардың сөзіндей, – деп өршілдікпен тіл қатады. Санасында саңлақтық, сүйегінде асылдық, жүрегінде батырлық, болмысында беріктік, ойында тереңдік болмаса, бұлайша буырқанып тебірене алмас еді. Бұған ақынның:

Сөз – ой-пікір шалқары,

Сөз де адамға тартады.

Қандай болса өздері,

Сондай болар сөздері, – дегені куә.

Ақынның пат риоттық рух беретін жырлары кешегі сұрапыл соғыста еліміздің бостандығы үшін жанын қиған жауынгерлер мен сол соғыста қан кешкен майдангерлерге арнаған өлеңдерімен толыға түседі. Өзі де оттың арасында жүріп, нағыз азамат екенін танытқан жандардың санатында болғандықтан, бұл саладағы жырлары, толғамдары аса әсерлі. Адамдардың қарым-қатынасындағы достықты, сыйластықты қастерлеуге шақырған өлеңдер топтамасы да ақынның байқағыштығы мен шеберлігін танытса керек.

Сыншы-ғалым М.Қаратаев: «Мұзафар Әлімбаевтің да лирикасы өзінше өзгешелігі бар, басқалардан айырмашылығы бар, ақын пікірді бейне бір ұшып бара жатқан шағында ұстай қалатын тәрізді, оның лирикасы әп-сәтте жарқ ете қалатын, ұшқын шашатын пікірлерді үнемі қағазға түсіріп қалады», – дейді. Шынында, ақын лирикасында өзіндік бір бөлек саз, нәзік наз бар.

М.Әлімбаев лирикасы – терең ойлы тебіреністен туған, түйінді философияға құрылған туындылар.

Халықтық педагогиканың қайнар көзі – тәрбиелік сипаттағы фольклорлық шығармалар, бүтін бір халықтың ақыл-ой өре сі, фило софиясы, психологиясы, тәрбиелік жүйесі, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесінің көрінісі. Халықтың осы даналық тәрбие үлгісін көп жинап, зерттеп, «Елден жинауды үйренсең, елге сыйлауды да үйрен» деп ой түйген М.Әлімбаев халқының мол қазынасынан үйренгенін бүгінгі жас ұрпаққа бере де білген және тәрбиелеуде таптырмас тәрбие құралы болған фольклордың түрлерін жаңа заманға сәйкес жаңарта, жандандыра түскен, құнды қазыналар мен мәдени мұраларды толықтырған тәлімгер- ақын.

Ақынның жас ұрпаққа арнап жазған өлеңдері тілі жаңа шыққан балабақша бөбектерінен бастап, бастауыш, орта мектеп балаларының әрқайсысының ой- өрісіне лайықталған, азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, оқиғасы қызық, тақырыбы жағынан әр алуан. Әсіресе, жайшылықта басқалар ескере бермейтін өте қажетті тақырыптағы ертегі, аңыз, нақыл сөздер, бата-тілек жырлар, мақал-мәтел, өтірік өлең, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, санамақ және сұрамақ түрінде жазылған өлеңдері және тағы басқаларды атауға болады.

Шығармаларының ең бір мәуелі де мол саласы нақыл сөздері жайында кезінде қоғам қайраткері, белгілі тұлға Дінмұхамед Қонаев «Сөз маржанын ой түбінен тере білген ақын», – деп баға берген екен.

Ақынның «Менің ойыншықтарым», «Отпен ойнама», «Шынықсаң, шымыр боласың!», «Олақ Орақ», «Алатау баурайында», «Балдәурен, шіркін, балалық», Аспандағы әпке», «Батаменен ел көгерер» және тағы басқа еңбектері балалар әдебиетіне қо сылған елеулі үле с болып табылады және ақын шығармалары мектеп оқулықтарынан тұрақты орын алуда. Мұның өзі ақын шығармаларының идеялық-көркемдік жағынан мықты болуымен бірге педагогикалық талаптарға да толық сай келетінін аңғартады. М. Әлімбаевтің балалар әдебиеті саласындағы еңбегін украиндық А.Пархоменко, белорус Е.Лось, молдаван С.Вангели, өзбек Қ.Мұхаммади, түркмен Қ.Тәңірқұлиев сынды есімдері танымал тұлғалардың шығармашылығымен қатар қоюға болады.

Майталман аудармашы сөз өнері туралы толымды еңбектерді, дүние жүзінің жетпістен астам халқының көптеген даналық ойларын халқымыздың рухани игілігіне айналдырғанын және ақынның шығармалары әлемнің 38 тіліне аударылғанын атап өткен жөн.

Шындыққа дес берер болсақ, көптеген ұлттың ең озық ойлау жүйесін, талғам-түсінігін, өмірлік тәжірибе сін рухани игілікке айналдыру – ел үшін жасалар ерен істер санатына қосылса керек.

Жас ұрпақтың сезіміне, еркіне, қиялына, тілегі мен түрткісіне психологиялық ықпал ететін М.Әлімбаевтің ғибратты, тереңнен ой толғаған даналықтары–ғасырлар бойы халықтың ұқыпты сақтап келген еңбек тәжірибесінің жиынтығы, ой-пікірінің түйіні, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұралардың жалғасы болып табылады.

Ақынның 300-ге тарта өлеңдеріне ән жазылған. Бұл саладағы еңбегінің жемісті болу себебі санаулы шумақта адам жанын баурап алатындай сезім сырын таба алатындығы, сөздерді ән әуеніне сай ойната білетіндігі. Солардың ішінде бүкілхалықтық сипатқа ие болған «Ақмаңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Маралдым», «Жаңарған дала», «Өзің де, жігіт, қызықсың», «Алматы кешінде», «Бізде дәрігер бір қыз бар», «Жұлдызым» және тағы да басқа тәрізді ән шумақтарының көпшіліктің жадында жатталып, ән әуенімен сыртқа шығуы да бекер емес. Өйткені, көңілді жарып шыққан ажарлы да сазды сөздің ән болып орындалуының өзі ақын поэзиясының құдыретін танытатын фактор екендігінде. Бұл әндер қазақ музыка мәдениетін биікке көтеретін туындылар.

Белгілі тұлға М.Әлімбаевтің қаламының қарымдылығын, талантының тынбас ұшқырлығын, зергердей шеберлігін, шар құрған ізденімпаздығын, керемет еңбекқорлығын танытатын жас ұрпақты тағылымды тәрбие мен халық даналықтары негізінде тәрбиелеу мақсатында жазылған атадан балаға мирас болып келе жатқан аталған құнды педагогикалық еңбектерінің бүгінгі жас ұрпаққа берері мол.

Жетім баладан ақылшы аға, қарымды қаламгер дәрежесіне жеткізген сүйікті Отанын, сол кездегі кемеңгер партияны, Тәуелсіз Қазақстанды шынайы сезіммен жырлап, ана тілінің құдыреті тәрізді көптеген тақырыпта тарқата сыр шерткен телегей- теңіз шығармаларынан тілге деген талғампаздықтың, ойға деген құштарлықтың небір жарқын үлгілерімен қоса, ақынның биік парасатын, өнегелі тұлғасын көруге болады.

Жас ұрпақ тәрбиесін өз өмірінің мағынасына балаған ақын Мұзафар Әлімбаевтің еңбегі сөз жоқ, қазақ балалар әдебиетінің тарихына жарқын беттер болып қосылары анық.

 

Миршат ЕЛУБАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогика» кафедрасының доценті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support