Әлеуметтік әлеуетін іскерлік ілгерілетеді

Әлеуметтік әлеуетін іскерлік ілгерілетеді
ашық дереккөз
Әлеуметтік әлеуетін іскерлік ілгерілетеді
Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында өңіріміздегі жеке ісін ашып, сол арқылы ел экономикасына үлес қосып отырған бірқатар кәсіпкерлердің еңбектеріне көз жеткіздік. Жеке кәсіпкерлер тұрғындарды жұмыспен қамтумен қатар, салық төлеумен ел қазынасына табыс түсіріп отыр. Оларға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп келеді. Айталық, «Grand Bazaаr» сауда орталығында орналасқан «Ас көп» жартылай фабрикаттар өндірісінде жиырмадан аса өнім түрлері дайындалады. Ұлттық дәстүріміздің негізінде абысындардың татулығымен асты көбейтіп, ағайын арасындағы бірлікті нығайтуды көздеп ашылған бұл кәсіпкерлік мемлекеттің қолдауына ие болған. Яғни, «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен 3 миллион теңге грантты алған. Басшысы Ұлжан Баяділ бүгінде кәсібінің дамып, өнімдеріне сұраныстың артқанын айтты. Бұл бизнесті 2020 жылы карантин кезінде үйден бастаған екен. – Абысыным Гүлбану Есмағамбетова екеуміз тартылған еттен тұшпара түйіп отырып, «Осы тұшпараны неге кәсіпке айналдырмасқа» деген ойға келдік. «Абысын тату болса, ас көп» деген қазақтың мақалын негізге алып, еліміз толайым табысқа кенеліп, халқымыздың ризық-несібесі молая түссін деген ниетпен кәсіпкерлігімізді «Ас көп» деп атадық. Мемлекеттің жаңадан кәсіп бастағандарға қайтарымсыз 3 миллион теңге грант берген қолдауына біз де 2021 жылы ие болып, сол қаржыға құрал-жабдықтар сатып алдық. Қазіргі таңда кәсіпорнымызды кеңейтіп, 16 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді Гүлбану Ахмедиярқызы. Мұндағы жұмысшыларға күнделікті 5-7 мың теңге аралығында жалақы төленеді. «Ас көптің» өнімдері Тараз қаласымен қатар, аудандардағы елді мекендердің дүкендерінде тұрақты сатылады. Темірден түйін түйетін «Запчасть» акционерлік қоғамы болат төртбұрышты дайындаманы (жартылай фабрикаттар) және жылжымалы құрамға арналған қосалқы бөлшектерді, атап айтқанда тежегіш төсемдер, тежегіш башмак, үйкеліс сынасын өндіреді. 1938 жылы құрылған кәсіпорын жылына 180 000 тонна өнім әзірлейді. – Жарамсыз, істен шыққан темірлерді қабылдап, жүрдек пойыздарға тежегіштер өндіреміз. Жаңа шеберханада құрылысқа арналған арматура дайындаймыз. Қазір 500 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бүгінде 1 ауысыммен жүргізіліп жатқан жұмысымыз келер жылдың басынан 3 ауысымға көшіріледі. Ол кезде тағы үш мың адамды жұмысқа аламыз, – дейді. Мұнда болат құю, механикалық штамптау және аспаптық үш негізгі цех жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жөндеу- механикалық, электр жөндеу және көлік- қойма учаскелері мен орталық зертхана сынды бірқатар көмекші қызметтер де бар. Жылжымалы локомотив құрамына арна лған қо с а лқы бөлшектер өз мемлекетіміздің ішкі нарығына арналған. Ал, Захира Мырзахметова басқаратын «Жасау мүлкі» жеке кәсіпкерлігі тігіншілік бағытта түрлі бұйымдарды дайындап шығарады. Негізінен қыз жасауын жасайтын бұл тігін шеберханасында 8 адам еңбек етеді. Еліміздегі ең ірі корпустық жиһаз өндірушілердің бірі–«Nur-Ai» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кез келген күрделі күйдегі жиһаздарды да жөндейді. Бұл кәсіпорынның тұтынушыларына жасайтын жеңілдігі – алдын ала төлемсіз және бөліп төлеумен тапсырыстарды қабылдайды. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы бойынша іріктелген жайлы мектептерді жиһаздандыруға осы өндірістік орын таңдалған. Жиһаз цехы бүгінде кеңсе және мектепке қажетті бұйымдарды да жасайды. Серіктестік басшысының орынбасары Ғалымжан Жүрімбаевтың айтуынша, өндіріс орнында 40 адам жұмыс істейді. Тапсырыстар тек өз облысымыздан емес, еліміздің түкпір- түкпірінен келеді. Былтырдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы оқушылар сарайын жиһаздандырған. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы 7 мектепке өндірісін жеткізуде. Баспасөз туры барысында «Mark of perfection» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «ASATU» компаниясындағы қарқынды жұмысқа да куә болдық. Макарон өнімдерін әзірлейтін бұл өндіріс орны ұлттық тағамымыз – ет асқанда пайдаланатын, қатырылған қамырды да шығарады. «Number One» оқу орталығы «Бизне стің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 миллион 617 мың теңгемен қаржыландырылған. Басшысы Қарлығаш Жаманбаеваның айтуынша, білім орталығы 2020 жылы ашылған. Екі қабатты ғимаратта 6 кабинет бар. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерін оқытумен қатар, мұнда қолөнер, қылқалам шеберлігі секілді үйірмелер де балаларды өнер- білімге баулып отыр. Бұл орталықта 8 арнайы маман, жалпы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылындағы шұжық өнімдерін өндіретін кәсіпорында 25 жұмысшы еңбек етеді. 2016 жылы ашылған «Берсанукаев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Саид Берсанукаев жылына 1000 тоннаға дейін өнім шығарылатынын айтты. Жамбыл жерінен өндірілетін қайнатылған, ысталған шұжықтар мен сарделькалар өз еліміздің барлық аймақтарына таратылуымен қатар, Ресейге экспортталады. Баспасөз туры барысында түрлі бағытта өнім әзірлейтін кәсіпкерлердің жұмыстарын көріп, ондағы еңбектің қазанында қайнаған жұмысшылардың ісіне тәнті болдық. Бәсекеге қабілеттілікті басты назарда ұстаған жеке кәсіпкерлердің заман талабына лайық ізденістерін де байқадық. Бәрінің де ортақ мұраты елдің өркениетіне өзіндік үлес қосу екенін сөздерінен ғана емес, тынымсыз істерінен де аңғардық.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар