- Advertisement -

Бөлшек саудаға қатысты шағым жетерлік

67

- Advertisement -

Электрондық сауда саласында тұтынушыларды алдау әрекеттері көбейіп барады. Тұтынушылар тарапынан кәсіпкерлердің төленген тауарды немесе қызметті талапқа сай ұсынбауына шағымданушылардың қатары да көп. Аталған мәселелер төңірегінде Сауда және интеграция министрлігінің Жамбыл облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаев мәлімдеді.

Биылғы 9 айда облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 512 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 223 өтінішке көбейгенін көрсетеді. Өтініштердің өсуі 77 пайызды құрайды.

– Тұтынушылардың шағымдарының негізгі үлесі бөлшек сауда саласына қатысты, яғни 229 өтініш түскен. Шағымдардың жалпы санының 44,7 пайызы бөлшек саудаға байланысты. Екінші орында электрондық сауда, бұған 76 өтініш келсе, «көшбасшылар» үштігінде тұрмыстық қызмет көрсету саласы тұр, бұған байланысты 51 өтініш келген. Бөлшек сауда бойынша түскен шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан, соның ішінде 14 күнтізбелік күн ішінде тауарды қайтару мен айырбастаудан бас тарту басым болып отыр. Тұрмыстық қызмет көрсету саласында жиһаздың, сондай-ақ, пластикалық терезелер мен есіктердің сапасыз өндірісі басым.

Департаментке түскен өтініштердің жалпы санынан 323-і қанағаттандырылды. Тұтынушыларға 26,4 миллион теңге қайтарылды. 30 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді. 159 тұтынушы өз мәселелері бойынша түсініктеме алды.

Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бергі 9 айда тұтынушылардың өтініштері негізінде бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 44 тексеру жүргізді. Оның ішінде 33 тексеру сауда саласына, яғни ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруына қатысты болса, 11 тексеріс тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, яғни тұтынушының жазбаша шағымына жауап бермеуіне байланысты жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 31 бұзушылық анықталып, 31 ұйғарым енгізілді. 30 құқықбұзушылық субъектілеріне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды және әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабы бойынша шағын бизнес субъектісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір айыппұл салынды. Бұдан басқа, әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 802-бабының негізінде 2 айыппұл салынды. Ол айыппұлдар ірі бизнес субъектісіне 30 айлық есептік көрсеткіш және шағын бизнес субъектісіне 6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаралды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 158 700 теңгені құрайды, – дейді Байқадам Еркінбекұлы.

Биылғы 9 айда аталған департамент талап-арыз жұмысы бөлігінде жауапкер ретінде 2 сот процесін жеңіп алып, сондай-ақ, үшінші тұлға ретінде 4 сот процесіне қатысқан. Нәтижесінде тұтынушыларға 1562 000 теңге қайтарылыпты.

Департамент өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында, радио, теледидар, Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінің беттерінде материалдарды орналастыру арқылы халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыратынын айтқан Байқадам Дүйсенбаев жарияланымдарға да жеке тоқталды.

– Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 313, бұқаралық ақпарат құралдарында 18 ақпарат жарияланды. Департамент қызметкерлерінің облыстық теледидар арналарында 12, облыстық радиода 3 сұхбат беруі ұйымдастырылды.

Департаментте үнемі ашық есік күндері және өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тоқсан сайын облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін түрлі мәселелер бойынша брифингтер өткізіледі. Департамент қызметкерлерінің тарапынан облыстық теледидар мен радиода сұхбат беру жұмыстары және бизнес өкілдері үшін дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктермен тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. Тұтынушылардың өтініштерін бірлесіп қарау ұйымдастырылып, бірнеше рет бірлескен семинарлар, брифингтер, дәрістер және тағы басқа іс-шаралар өткізілді, – дейді Байқадам Еркінбекұлы.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support