- Advertisement -

САЛАҒА СЕРПІЛІС ӘКЕЛГЕН СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР

33

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.

 Биыл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру» аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 52,3 миллиард теңге бөлінді. Оның 27 миллиард теңгесі мемлекеттік қолдауға бағытталған. Бүгінгі күн ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 16,1 миллиард теңгені игеріп отыр.

Ал, оның 24 миллиард теңгесі «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы бойынша 2,5 пайызбен несиелендіруге бағытталған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1166 адамға 6,7 миллиард теңге несие берілген. Қалған 1,3 миллиард теңгесі басқа да бағдарламаларға қарастырылған.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 160,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 2,3 пайызға артты. Оның 41,9 миллиард теңгесі өсімдік, 118,8 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Осы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 23,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 67,7 пайызға артты. Ал, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 2,3 миллиард теңге инвестиция салынып, 77,1 пайызды құрап отыр.

Облыста қабылданған «Жамбыл облысының 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы» жобасы аясында өңірде 87,8 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны іске асырып, 1148 тұрақты жұмыс орнын құру көзделуде. Биыл жол картасы аясында жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 195 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Өткен жылы 9 миллиард теңгеге 10 жоба іске асырылып, 183 жұмыс орны құрылған болатын.

Іске асырылатын жобалардың негізгі бағыттары сүт тауарлы фермасы, көкөніс сақтау қоймасы, бордақылау алаңы, құс етін өндіру болып табылады. Атап айтсақ, Байзақ ауданында 8 мың басқа арналған құс фабрикасын, Жуалыда 400 басқа арналған сүт тауарлы фермасы мен қуаттылығы жылына 7000 тонналық сүтті қайта өңдеу цехы, Қордайда сыйымдылығы 5600 тонналық жеміс- жидек сақтау қоймасы, Т.Рысқұловта 1500 басқа арналған бордақылау алаңын, Шуда астық сақтау қоймасы мен сыйымдылығы 20 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы жобаларын іске асыру көзделген. Ал, Тараз қаласында сыйымдылығы 15 мың тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, 2024 жылы 4, ал 2025 жылы 3 жобаны жүзеге асыру межеленген. Сонымен қатар, облыстың «Даму жоспары» аясында 2022-2027 жылдар аралығында жалпы құны 50,2 миллиард теңгені құрайтын 791 жобаны іске асырып, 2156 тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

Биыл ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға артты. Осы жылы қант қызылшасы 10,8 мың гектарға жеткізілді. Өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға ұлғайып отыр.

Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруымен тығыз байланысты. Өңірде өткен жыл 1360 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, ол 11 пайызға жаңартылса, биыл 1900 техника алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1020 техника алынып, 8,1 пайызға жаңарып отыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен өтініштер саны артуда. Ал, бүгінгі күні күзгі дала жұмыстарына барлығы 10 063 техника қатысуда.

Облыста мал санының артқаны да байқалады. Мәселен, жалпы мал басы 4,7 миллион басты құрап, 6,2 пайызға жоғарыласа, сүт өндірісі – 1,4, ет өндірісі – 4,7 пайызға артып, жұмыртқа өндірісі 7,8 пайызға кеміді.

Биыл Қырғыз мемлекетінен берілетін су көлемі өз деңгейінде берілмеуі салдарынан облыста қуаңшылық орын алды. Орын алған осы жағдайға байланысты облыстың 6 ауданында, атап айтсақ, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында ағын су тапшылығынан 364 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері зардап шекті. 8,7 мың гектар суармалы егіс алқаптары жарамсыз болып қалды. Мұндағы басты дақыл қант қызылшасы, көпжылдық шөп пен дәндік жүгері, көкөніс, бақша және тағы басқа өнім түрлері бар. Алдын ала болжамдық есепке сәйкес, фермерлердің шығындары 3,7 миллиард теңгені құрады.

«Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы аясында 2019-2023 жылдары барлығы 50 ауылдық округте (109 елді мекен) 8590 кәсіпкерге 2,5 пайызбен 42,3 миллиард теңге несие б еру көзделген. Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына 11 ауылдық округтен 25 елді мекен тартылды. Ондағы 7856 отбасы жобаға қатысты. Бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге игерілді. Жобаның жалғасы ретінде 2021-2022 жылдары 13 ауылдық округке төмен пайызбен несие беріліп, жобаға 5832 отбасы тартылды. Биыл 10 ауданнан 26 округ жобаға еніп, 24 миллиард теңгеге ұсыныс жасалып отыр. Бұл округтерде жалпы 69514 адам тұрады, аула саны 13157-ні құрайды. Ал, 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 миллиард теңгеге қалған 103 ауылдық округті қамту көзделуде.

Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 160 кәсіпорын нақты жұмыс істеуде. Осы кәсіпорындарда 2,3 мыңнан астам адам жұмыс орындарымен қамтылған. Оның ішінде басым бағытта сүт өнімін тереңдете өңдеумен 27, ет өнімін өңдеумен 43, мақсары майын өңдейтін 4, астықты тереңдете өңдеумен 6 кәсіпорын айналысады. Ал, наубайханалар саны 62 (оның ішінде бөлке нан пісіретін 44 наубайхана), жүн- теріні өңдеумен 3, қант қызылшасын өңдейтін 2, көкөністі өңдеумен 1, құс етін өндіретін 5, жұмыртқа өндіретін 1, макарон өнімдерін өндіретін 8 және тағы басқа кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Облыс көлемінде сүт өнімін тереңдете өңдеумен 27 кәсіпорынның жалпы жылдық қуаттылығы 81,5 мың тоннаны құрайды. Облыс бойынша сыйымдылығы 253100 тоннаны құрайтын 209 қойма бар.

Жалпы, Президент құлағдар болып, үкімет қолдаған жоба бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстарда жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр.

Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.

Нұрби ЖІГІТЕКОВ,

облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support