- Advertisement -

Айбыны асқан Ата Заң

145

- Advertisement -

Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Ата Заң. Конституция барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы. Кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым өзінің қызметінде Ата Заңды басшылыққа ала отырып, өз міндеттерін жүзеге асырады. Баһадүр бабаларымыз қаншама қиындықтар мен тосқауылдарды бастан өткерсе де, ел ішіне іріткі салынуына жол бермегені тарихтан мәлім. Сол заманда-ақ «Есім ханның ескі жолы» мен «Қасым ханның қасқа жолы» халық арасында кең тарап, төл заңдарымыздың нәтижесінде жұртымыз береке-бірлікте ғұмыр кешті. Ал, әз Тәуке тұсындағы «Жеті жарғы» шежіре беттерін шатаспай парақтауымызға мүмкіндік береді. 1991 жылы егемендікке қол жеткізіп, дербестігімізді растайтын рәміздерді бекітуіміз мерейімізді тағы өсірді.

Жалпы, тәуелсіз қазақ елінің жаңа тарихында екі Конституция болғаны белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы алғаш рет Ата Заңымызды қабылдасақ, араға 2 жыл салып, яғни, 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конституциямыз күшіне енді. Сол кезде мемлекет президенттік республика, парламент екі палаталы болды. Жаңа құжат еліміздің жан-жақты дамуына кең даңғыл ашты. Өйткені, заңы солқылдақ елдің жұмысы да өнбейтіні анық қой. Уақыттың өзі бұл келелі мәселені алдымыздан шығарған соң, сол кезде бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған құжат қоғам өмірін құқықтық жағынан реттеп, тәртіпке салды десе болады. Иә, әрбір құқықтық мемлекеттің негізі – оның Ата Заңы. Ол тәуелсіз елдің басты нышаны, құқықтық өзегі. Қазақ тарихында заңдық жүйе елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай, іргетасының беріктігін қамтамасыз етті. Ал, бүгінгі Конституциямыз елдің саяси құрылымын, басқару формасын, территориясы мен дінге көзқарасын анықтайтын басты құжат.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен өткен жылдың маусым айында республикалық референдум өтті. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкен саяси оқиғаның бірегейі еді. Жалпы, Президент ұсынған мемлекетіміздің негізгі Заңына түзетулер енгізу бастамасы саяси-құқықтық саланы жетілдіруге, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Оның үстіне, жаhандық сын-қатерлер бұрынғы қалыптасқан қағидалар мен ережелерді қайта қарауды талап етті. Жаңа сын-қатерлерге төтеп беру үшін қоғамның уақыт талабына сай дамуы айтпаса да түсінікті ғой.

Рас, тәуелсіздік жылдарында еліміз с аяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолынан өтті. Біз ынтымақ пен бірлігіміздің арқасында әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Ендігі кезекте демократиялық құндылықтарды дамытып, жаңа Қазақстанды құруға қадам басқалы тұрмыз. Конституциялық өзгерістер елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға, экономиканы уақыт талабына сай дамытуға, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасына оң әсер ететіні сөзсіз. Жалпыхалықтық референдумның өткізілуі дер кезінде қабылданған с аяси шешім екені даусыз. Елдегі ауқымды саяси жаңғыруға бастамашы болған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мәселе қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты талқыланды. Сарапшылар мен азаматтық белсенділер өз бағасын берді. Барлық ұсыныс кең ауқымды қолдауға ие болды. Алға қойған мақсатымызды тиімді іске асыру үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болды», деп атап өтті.

Бұл референдум қалыптасқан мемлекеттік модельді кешенді түрде т ранс формациялауды көздеді. Ата Заңның 33-бабына енгізілген өзгерістер бүкіл Конституцияның үштен бірін құрады. Осы реформадан Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталғанын әр азаматтың түйсініп, ұғынуы аса маңызды. Өткен жылдың қаңтар айындағы қайғылы оқиға елімізде, жалпы қоғам өмірінде, атап айтқанда, саяси- экономикалық, әлеуметтік-рухани салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті. Сондықтан, бұл реформалардың түбегейлі жаңа конституциялық деңгейде қабылдануы – уақыттың қатал талабы. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бүгінгі таңда Екінші Республиканың даму сатысына қадам басқанын айтқан болатын. Бұл термин елімізде күрделі де жан-жақты әлеуметтік қайта құру үдерісінің жүріп жатқанынан хабар береді. Демек, «Екінші Республика – мемлекеттік модельдің жаңаруы».

Президент Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізу қажеттігі туралы айта отырып, халық билігінің айқын көрінісі саналатын «плебисцит» терминін бірнеше рет қолданғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде: «Қазақстанда демократияның осынау тиімді институты толық пайдаланылмады. Ал, жаңа Қазақстанды құрудың жаңа кезеңінде біз еліміз үшін осындай тағдырлы шешімдерді көпшілік алдында қабылдауға тиіспіз» деген еді. Жұрт қолдаған бұл реформалар мемлекетіміздің саяси және экономикалық жүйесін түбегейлі өзгертуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, азаматтық қоғамды қолдау мен дамытуға, мемлекеттік билікті шектеуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негіз болмақ. Мәселен, Конституцияның 6-бабына «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген өзгеріс енгізілуде. Мемлекет басшысы: «Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың иесі екені туралы норманың түпкілікті бекітілуі үлкен саяси мәнге ие болады, болашақта кез келген сәйкессіздіктерді болдырмайды», деді. Осылайша, мемлекет жерді, жер қойнауын, суын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, сондай- ақ басқа да табиғи ресурстарды пайдалану сапасы үшін халық алдында жауап беретін болады.

Ата Заңның жаңа редакциясында ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық-құқықтық тетігін нығайтуға ерекше назар аударылды. Қазақстанда Конституциялық сот құрылды. Мұндай сот әлемнің көптеген елінде жұмыс істейді. Оған әр адам қолданыстағы заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер туралы, сондай-ақ оның құқықтары бұзылған жағдайда жүгіне алады. Конституциялық сотқа жүгіну құқығы бас прокурорға, адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі. Сарапшылардың пікірінше, конституциялық соттың құрылуы тежеу әрі тепетеңдік жүйесін, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды күшейтеді. Азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей және өз бетінше жүгіну құқығын беру олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың неғұрлым тиімді құралы саналады.

Референдум барысында өлім жазасына толық тыйым салынуы да жаңа норма. Ал, конституциялық деңгейде омбудсмен институтының енгізілуі елеулі жаңалықтың бірі. Бұл – демократиялық елдердің барлығында тиімді жұмыс істейді. Көптеген Еуропа елінде омбудсменді Парламент тағайындайды, оның әр алуан түрлері де бар. Әсіресе, балалар омбудсмені институтының маңызы ерекше. Негізгі заңға омбудсмен туралы норманың енгізілуі және «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңның қабыл- дануы оң нәтижелер беріп отыр. Айта кетейік, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституцияның 83-1-бабында бөлек көрсетіледі. Омбудсмен егер тұлға мен азаматтың құқығы, бо ст андығы бұзылс а, соны қалпына келтіреді әрі оларға көмек береді. Осы тұста Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге қатысты жаңа ережелерді де атап өту орынды. Бұдан былай, Мәжіліс депутаттары көпшілік дауыспен кез келген заң жобасын қабылдамауға құқылы. Қабылданбаған заң жобасы әзірленген орынға кері қайтарылады. Парламент Сенаты енді заң шығармайды, заңдарды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат көпшілік дауысымен бекітеді. Сондай-ақ, Президенттің өкілеттігіне де бірқатар өзгеріс енді. Парламент өкілеттігі күшейтілді. Бұл түзетулер супер президенттік жүйеден ҚР Парламенті мен тәуелсіз Үкіметі мығым президенттік республикаға көшуді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, Негізгі заңға енгізілген өзгерістер мемлекет және адам құқығы мен бостандығын қорғау тетігін одан әрі жетілдіруді көздейді. Сондықтан, бұл референдумды мемлекетіміздің болашағын айқындайтын маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар.

 

 Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support