Мүмкіндігі шектеулілер шет қалмайды

Мүмкіндігі шектеулілер шет қалмайды
ашық дереккөз
Мүмкіндігі шектеулілер шет қалмайды
Облысымызға Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау жұмыс сапарымен келді. «Respublica» партиясынан сайланған мәжілісмен өңірдегі іссапарын әуелі аталған партияның облыстағы филиал төрағасы Нұрсұлтан Оспанов пен облыстық мәслихат депутаты Данияр Серікпен бірге Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы техникалық-шығармашылық кәсіби білім беру орталығының жұмысымен танысумен бастады. Депутат орталық қызметкерлерімен кадрлық әлеуетті күшейту, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, ғылыми жобаларды әзірлеу мәселелерін талқылады. Аталған мекемеде мыңнан аса бала оқиды, 16 оқытушы түрлі үйірмелер жүргізеді. Күрделі жөндеуден өткен ғимарат қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Аса ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен де танысты. Мұнда бокс, күрес, шағын футбол, теннис, волейбол, баскетбол үйірмелері бар. Барлық залдар спорттық құралдармен және қажетті жиһаздармен жабдықталған. Ғимаратта пандустар және арнайы дәретханалар орнатылған. Бұл нысанның мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділігін арттырады. Осындай тағы бір кешеннің құрылысы Айша бибі ауылында жүргізілуде. Нысанды қыркүйек айында тапсыру жоспарлануда. Одан кейін мәжілісмен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен өңірдегі әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты. Кеңес барысында әлеуметтік блок басқармаларының, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына, балалардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайтуға қатысты ойларымен бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын айтты. Мәжіліс депутаты жиыннан кейін анықталған проблемалар депутаттық сауалдар арқылы жолданатынын жеткізді. – Парламентке келгеніме үш ай болды. Бүгінгі талқыланған сұрақтар өзекті екені сөзсіз. Бірнеше сұрақ көңіліме қонымды. Оны өзім де ойлап жүрген болатынмын. Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша бірнеше жобаға өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Жиында айтылған сұрақтарды жоғарыға жеткіземін. Ең бірінші көтерейін деп жоспарлап отырған мәселем, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты сұрақ. Соның ішінде мүлдем көзі көрмейтін, мүлдем құлағы естімейтін балаларға жағдай жасалмаған. Ол балаларды біз өзіміздің ортаға бейімдеп, соған байланысты заңдар жасауымыз керек. Келесі сұрағым, балалардың құқықтары туралы болмақ. Бұл жерде жеткіншектердің ата-ана алдындағы, отбасындағы құқығы туралы. Яғни, бала ата-ананың жауапкершілігінде болу керек. Ата-анасы ажырасса да әке де, шеше де жауапты болу керек. Осы мәселелерді біз заңдарда анықтап, белгілеп беруіміз керек. Одан кейін, туризм саласында ақсап тұрған жағдай көп. Соның бірі – санитарлық тораптар. Осыны да көтергім келеді. Жаз бойы мен барған орталықтарда санитарлық тораптың дұрыс істеп тұрғанын көрмедім, – деді Нұргүл Тау. Депутат облыс орталығындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайына да барды. Ол робототехника, 3D-модельдеу, авиамодельдеу, кеме модельдеу, қазақ және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн кабинеттері мен сәулет және дизайн мектебін, коворкинг-орталықты, обсерваторияны және планетарийді аралап көрді. Оқушылар сарайында барлығы 90 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар, депутат облысымыздың туристік әлеуетімен танысып, «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне, Айша бибі мен Бабаджа-хатун, Қарахан кесенелеріне, «Кеңесхан қажы» мешітіне барды. Депутат туризмге қатысты ойларын білдірді.  

 Назерке СӘНДІБЕК.

Ұқсас жаңалықтар