Мәртебесі маңызды мамандық

Мәртебесі маңызды мамандық
ашық дереккөз
Мәртебесі маңызды мамандық
Әдеп кеңесінің кезекті отырысында 2 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісі және 8 профилактикалық мәселелер қаралды. Әдеп жөніндегі кеңеспен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту жөнінде ұсынымдар енгізілді.  Тараз қаласы әкімдігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеген қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы комиссияның отырысы тоқсан сайын өткізілетінін айтты. – Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы 7 айда 718 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Қала әкімдігіне қарасты бөлімдерде 2 «Сервистік әкімдік» ашылып, мемлекеттік қызметтердің 25 түрі көрсетілуде, яғни жер қатынастары және сәулет мәселелеріне қатысты 15 болса, 10 қызмет ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, дене шынықтыру мәселелеріне қатысты. Кеңселер өздеріңіз білетіндей, «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Сервистік әкімдік кеңсесіне арыз-шағымдар келіп түспеген. Мемлекеттік қызметтер бойынша қала тұрғындарымен әлеуметтік желі арқылы өткен жылдан бері 7 онлайн жәрмеңке ұйымдастырылып, 1200-ге жуық адам қамтылды, 1500-ге жуық сауалдарға жауаптар берілді. Тұрғын үй және жер телімдері кезегі өзекті мәселелер болуына байланысты кезекте тұрған азаматтардың тізіміне өзектендіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жөніндегі хабарландырулар «Aq jol», «Жамбыл-Тараз» газеттері мен Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде жарияланды. Бүгінге дейін жер телімдерінің кезегіне қатысты 5891 азамат өзектендіру жұмыстарын жүргізуге келген. Игерілмеген жер телімдері бойынша жер қатынастары және қалалық прокуратура қызметкерлерімен талдау жүргізіліп, нәтижесінде 138 жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары атқарылуда. Жалпы, жер телімдерінің кезегінде 116 783 азамат тіркелген. Бүгінде қала бойынша мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінде 21 585 отбасы тіркелген. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі басым болуына байланысты мемлекеттік сатып алу жұмыстары тұрақты бақылауда. Биыл қала әкімдігінің мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысы (экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі) тарапынан жалпы көлемі 10,3 миллиард теңгеге 429 лот бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде. Мемлекеттік сатып алу шаралары бойынша бөлім басшыларымен 3 рет семинар-кеңес ұйымдастырылды. Бір көзден алу фактілері орын алған жағдайда қатаң жауапкершілігі қаралатындығы ескертілді, нәтижесінде негізсіз тікелей бір көзден алу фактілері орын алған жоқ. Десек те бірқатар мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылыққа жол беру фактілері орын алуда. Атап айтқанда, қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2 лауазымды тұлғасы (бөлім басшысы З.Тұрсынұлы, орынбасары М.Нұржанов) сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Аталған бөлімнің бұрынғы басшысы Зият Тұрсынұлына қатысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, Тараз қалалық №2 сотының үкімімен кінәлі деп танылып, 8 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ал, орынбасары Мақсат Нұржановқа «KazNova Inc» мекемесінің директоры А.Смаиловтан 1,2 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 4 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, – деді Бақытжан Әмірбекұлы. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова «Ел ішінде «сыйлық бермесең, дәрігер дұрыс қарамайды» деген түсінікті түбірімен жоюға барынша жұмыс жасап жатырмыз» дейді. Азаматтардың ауызша және жазбаша өтініштерін уақтылы, толық қарастырылуын қамтамасыз етіп, шешім қабылдап, заңмен белгіленген мерзімде өтініш иесіне жауап қайтару – басқарманың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларын бұзу фактілері туралы хабарламаларға жедел түрде шара қолдану мақсатында басқарма басшысы азаматтарды жеке мәселелермен қабылдап отырады екен. Басқарма басшысының айтуынша, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның орындалуы қатаң түрде бақыланады. Келіп түскен өтініштер бойынша заңнамамен белгіленген мерзімде түсінік беріліп, шаралар қолданылады. – Басқармада сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мен денсаулық сақтау шеңберінде азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына тікелей жауап беретін басқарма басшысының арнайы блогы (densaulyk.zhambyl.gov.kz) мен басқарманың (43-59-96) «сенім телефоны» жұмыс істейді. Ақпан айынан бастап 8700 050 08 08 колл-орталығы іске қосылды. Осы уақытқа дейін 3515 азамат орталыққа хабарласып, дер кезінде сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында басқарманың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұрышы мен өтініштер үшін арнайы жәшік орнатылған. Жоспар нәтижелерінің орындалу барысы туралы ақпарат басқарманың ресми сайтында орналастырылады (www.densaulyk.zhambyl.kz). Басқарма басшысы мен орынбасарларының жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесі бекітілген. Жеке және заңды тұлғалардың өкілдерімен қарым-қатынас орнату мақсатында басқарма басшысының блогы мен әлеуметтік желілері ашылған, бүгінгі күнге белсенді жұмыс істеуде. Басқармаға қарасты денсаулық сақтау ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі форматтағы стендтер және Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 колл-орталығының номері орналасқан. Сонымен қатар, LED-экрандарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы видеороликтер көрсетіліп тұрады, – дейді Жанар Мықтыбекқызы. Әдеп кеңесінің отырысында қаралған тәртіп істің бірі облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовке қатысты. Арман Бахытжанұлының тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптары сақталмай, басқа мемлекеттік ұйымның қызметіне құқыққа сыйымсыз араласуымен заңды тұлғаның құқықтары заңды мүдделерін іске асыруына кедергі жасалған. Осылайша тәртіптік теріс қылыққа жол берген Арман Ташметовті кеңес мүшелері бірауыздан лауазымынан төмендету, егер бос орын болмаған жағдайда қызметіне сай еместігі түріндегі тәртіптік жаза беруді ұсынды. Екінші тәртіптік іс Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбековтің бөлімнің әдіскер лауазымына қойылған біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін 2 азаматты жұмысқа қабылдағанына қатысты қаралды. Нұрмахан Аманбайұлының айтуынша, аталған қызметке жалақысы мұғалімдердікінен аз болғандықтан ешкім келмейді. Сондықтан, амалсыз ұстаздық еңбек өтілі жоқ азаматтарды жұмысқа алған. Дегенмен екі азамат та өздеріне міндеттелген қызметтерді лайықты дәрежеде орындапты. Кеңес мүшелері қалай болғанда да заңды талап сақталуы керегін алға тартып, Нұрмахан Тыныбековке де қызметіне сай еместігі түріндегі тәртіптік жаза беруді ұсынды. Осы отырыста Т.Рысқұлов пен Қордай аудандары әкімі аппаратының бірыңғай тәртіптік комиссияларымен 2023 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының қорытындылары қаралды. Сонымен қатар, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстағы департаментінің, Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметіне мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормаларын сақтауына жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижесі бойынша аталған мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалды. Профилактикалық мәселелерді қарау нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңес тиісті ұсынымдар енгізді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар