- Advertisement -

Бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалмауы тиіс

152

- Advertisement -

Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Себебі, ел қазынасынан бөлінген әрбір қаражаттың өз нысаналы мақсаты бар. Атқарылған жұмысқа да, оның нәтижесіне де ел куә. Осы ретте денсаулық саласына бөлінген қаражаттың жылдан-жылға өсіп келе жатқаны белгілі. Ал, оның қалай және қаншалықты мақсатты жұмсалып жатқаны бойынша аудиттік тексеру комиссиясының отырысында жан-жақты айтылды.

Басқосуды жүргізген облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Руслан Мелдебеков әуелі аталған сала бойынша атқарылған жұмыстарға назар аудартты.

– Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы бойынша мемлекеттік аудитпен 18 бюджеттік бағдарламалар негізінде барлығы 22 703 068,4 мың теңге бюджет қаражаты қамтылып, нәтижесінде 275 575,3 мың теңгені құрайтын бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде өтелуге жататын қаржылық бұзушылықтар 1 795,3 мың теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының сомасы 273 780,0 мың теңге, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 14 бірлік және 8 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер немесе анықталған бұзушылықтар қамтылған қаражаттың 1,2 пайызын құрады. Жасыратыны жоқ, аталған бұзушылықтарды ескерсек денсаулық саласында бірқатар проблемалар бар. Анықталған бұзушылықтардың жоғары пайызын, заңнама талаптарын бұзушылықтардың едәуір санын ескере отырып, қаржылық және шаруашылық операцияларды жүзеге асыру кезінде аудит объектілерінің қызметін «қанағаттанарлықсыз» деп, ал, денсаулық сақтау ғимараттарының инфрақұрылымын дамытудағы белгілі бір жетістіктерді ескере отырып, бірақ сонымен бірге жүйелік кемшіліктердің болуы құрылтай құжаттары мен заңнама бойынша жүктелген функциялар мен міндеттердің тиімсіз орындалуын, бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүлікті тиімсіз басқаруда, аудит объектілерінің қызметін «қанағаттанарлық» деп бағалауға болады, – деді тексеру комиссиясының мүшесі Нұржан Тұрлыбеков.

Өз баяндамасында Нұржан Шалғынбайұлы облыс орталығымен қоса аудандық ауруханаларға қатысты кемшіліктерді де ортаға салды.

Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова да саладағы мәселелерге тоқталып өтті.

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен оған бағынысты 11 денсаулық сақтау ұйымына жүргізілген тиімділік және сәйкестік аудиті қорытындысы бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде өтелуге жататыны, тиімсіз пайдаланған және тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаттары, басқа да ұсынымдарды қалпына келтіру үшін басқарма тарапынан іс-шаралар жүргізілді. Берілген тапсырмалар бойынша 2021 жылы басқарма қызметкерлеріне еңбекақысы бойынша артық төленген 143,5 мың теңге және биыл артық есептелген 683,7 мың теңге тамыз айының соңына дейін өндіріледі. Басқарма емдеу алдын алу ұйымдарымен қоса бухгалтерлік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жоспар құрып, кезең-кезеңмен ұйымдастыратын болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында жұмысты жандандырып, қаралған қаражаттардың тиімді жоспарлануы мен игерілуін қатаң басшылыққа алып, көрсеткіштердің орындалуы қамтамасыз етілмек,– деді Жанар Мықтыбекқызы.

Комиссия отырысына қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты, «Aulieata-media» серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында көпбейінді ауруханаларды қайта бөлу туралы мәселе көтеріліп жүргенін, жалпы тәжірибеде медициналық қызметтерді біріктірудің тиімділігі қаншалықты болғанын сұрады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл мәселе салалық министрліктің бұйрығымен 2018 жылы маман тапшылығы мәселесін шешу үшін қолға алынғанын, алайда үш жылдық мониторинг нәтижесінде тиімділік болмағанын, керісінше қызмет сапасының төмендеп кеткенін жеткізді. Енді аймақ басшысының қаулысымен облыстық перинаталдық орталықтың қайтадан бөлінетінін атап өтті. Басқосу барысында бұдан басқа да мәселелер қаузалып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты ұсыныстар талқыланды.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support