- Advertisement -

Күл-қоқыс та кәдеге жаратылуда

87

- Advertisement -

Байзақ ауданында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен көшпелі семинар өтті. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы экология және қалдықтарды басқару» тақырыбына өткен семинарға аудан әкімдерінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.

Семинарды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Рашид Қойлыбаев ашып, аталған іс-шараның Байзақ ауданында өткізілуінің себебіне тоқталды. Яғни, ол мұнда елді мекендердің көріктендіру мен көгеріштендіру бағытындағы жұмысын көрсете отырып, тиісті орындарға шығарылған қоқыстардың қалай өңделіп, кәдеге жаратылып жатқанын көрсетуге бағытталғанын айтты.

– Жылда көктем, күз мезгілінің белгілі бір айларында Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің қаулысына сәйкес, дәстүрлі санитарлық тазалықтың екі айлығы жүргізіледі. Биыл көктемгі екі айлық абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық барысында 32742 ағаш отырғызылып, 13169 шаршы метр гүлзарлар, 2794 шаршы метр алаңға көгалдар орналастырылды. 3394,8 километр көшелер, 744667 шаршы метр саябақтар мен скверлер, 1424,8 километрді құрайтын арық жүйелері мен каналдар, 7531,3 тонна күл-қоқыс орындары тазаланды. Биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 6953,8 миллион теңге бөлінсе, оның 5280,6 миллион теңгесі абаттандыру және көгалдандыруға, ал 1,673,2 миллион теңгесі санитарлық тазалық жұмыстарына тиесілі.

Санитарлық тазалықты сақтау бағытында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Бірге Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Онда Шу және Талас өзендерінің жағалауы мен Меркі шатқалындағы күл-қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар жинастырылды. Бір мезетте өткен акцияға облыс бойынша 10 мыңға жуық адам қатысты. Осы жылдың сәуір, мамыр айында басқарма тарапынан Тараз қаласы мен аудандардағы санитарлық тазалық мәселесіне байланысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, аудан орталығы және ауылдық жерлерде 118 стихиялық күл-қоқыс алаңдары анықталды. Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне тиісті хаттар жолданып, нәтижесінде аталған күл-қоқыстар жойылды, – деді Рашид Қойлыбаев.

Бұдан кейін, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Серік Ағабек пен Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков осы мәселеге байланысты өздерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, семинарға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Семинар барысында Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Сәуле Тілеуқұлова өз тәжірибесімен бөлісті. Қатысушыларды 34 мың халық тұратын аудан орталығындағы әрбір отбасының тұрмыстық қатты қалдықтарын полигонға уақтылы шығару жүйесі қатты қызықтырды. Сәуле Сейдімханқызы бұл жұмысты «Зәуірбекова» жеке кәсіпкерлігі ауыл тұрғындарымен келісімшарт жасасу арқылы жұмыс істеп жатқанын айтты. Жеке кәсіпкер бір жасқа дейінгі бала, жалғызбасты ана, көпбалалы отбасыларға өз тарапынан жеңілдіктер қарастыратынын да айтып өтті.

Семинарда үйден шығатын тұрмыстық қатты қалдықтарды тиісті орынға апармай, кез келген жерге төгетін азаматтармен қалай жұмыс істеу, оларға айыппұл салудың тәртібі туралы сұрақтар қойылды. Олардың бұл сұрағына аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы-заңгер Мәулен Кеңесбек жауап берді. Ал, аудан аумағындағы «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Жамалбек Есенқұлов полигон айналасына тал-дарақтар отырғызу, осындағы техникаларға жеңілдетілген бағамен жанар-жағармайдан көмек беру туралы ұсыныс жасады. Мұны зерделеп, заң аясында көмек беру жағы қарастырылатыны айтылды.

Семинарға қатысушылар аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Суханбаев пен Астананың 10 жылдығы атындағы саябақтардың көріктендірілуімен танысты. Одан кейін Байзақ батыр кесенесінің маңайындағы абаттандыру жұмысын көрді. Үлкен төбе бөктеріндегі тамшылатып суарылатын жеміс ағаштарының өсіп-өнуі семинар қатысушыларын қызықтырды.

13 гектар жерді алып жатқан полигонды «Алди и К» серіктестігі пайдалануда. Серіктестік өкілі Жамалбек Қожабекұлының айтуынша, мұнда қолданыста болған құрамында сынап бар үнемдегіш шамдарды жоюға арналған ресейлік «Экотром 2У» құрылғысы орнатылған. Полигондағы қағаз, шыны және полиэтиленді қалдықтар бөлек сұрыпталып, қайта өңдеуге «Тлешов» жеке кәсіпкерлігіне (Алматы және Түркістан облыстарына) қайта өңдеу үшін жіберіліп отырады. Жылына орта есеппен 8 мың тонна қалдық зауыттарға қайта өңдеу үшін тасымалданады.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында мұнда 3841 тонна тұрмыстық қатты қалдық қабылданып, оның 723 тоннасы қайта өңделген. Ал, полигонның сыйымдылығы 120 мың тонна. Полигонда әртүрлі тұрмыстық қатты қалдықтарды реттеп, сұрыптаумен 10 жұмысшы айналысуда. Үлкен цехқа қойылған қондырғыда 2 жұмысшы баклажка, басқа да пластмассаларды турау жұмысымен айналысып жатыр.

– Пластмассаларды турау қондырғысы сағатына бір тоннадан аса пластмассаларды майдалап, турайды. Туралған пластмассалардың 1 килограмы 260-280 теңге аралығында Алматы облысына өткізіледі. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 32 адам жұмыс істейді. Әртүрлі маркадағы 24 техника бар. Аудандағы 18 ауылдық округтің тұрмыстық қатты қалдықтары 8 жеке кәсіпкер арқылы осы полигонға жеткізіледі. Қатты қалдықтың әр жеке тұлғаға құны 77 теңгеден белгіленген, – деді серіктестік директорының орынбасары Әбдісайд Момбаев.

Семинарға қатысушылар ауданымыздағы үлгілі ауылдардың бірі – Мәдімар ауылының тыныс-тіршілігімен де танысты. Мұндағы сәнді де сәулетті ғимараттар, әртүрлі аллеялар мен ескерткіштер, олардың маңайына егілген тал-теректер мен алқызыл гүлдер семинарға қатысушыларды қызықтырмай қоймады.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support