- Advertisement -

Шалғайда жатқан Шығанақта…

107

- Advertisement -

Облыс орталығынан шалғай жатқан өнеркәсіптік өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы баяндаған Таңатар Боранбайұлының айтуынша, Шығанақ, Байтал және Бурылбайтал сияқты үш елді мекен қарайтын округтің негізгі жұмыс бағыты – балық аулау ісі. Жылдың өткен алты айында балық шаруашылығы бойынша 23,7 тонна ысталған, кептірілген, жаңа ұсталған балық, шаян, уылдырық, мұздатылған филе, тартылған балық өнімдері дайындалып, еліміздің үлкен қалаларымен қатар, шет мемлекеттерге де жөнелтілді. Бүгінде округте дайындалған балық өнімдерін қабылдайтын 4 жеке кәсіпкер бар. Балықты қабылдау пункттері 50 тоннаға дейін сақталатын тоңазытқыш үй-жайлармен, дайындау, кесу, кептіруге, сондай-ақ, түрлері бойынша сұрыптауға арналған жәшіктермен жабдықталған. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі коммерциялық нысандарда еңбек етеді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның аясында жыл басынан бері 84 азамат жұмыспен қамтылды. Округте 51 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, тіршілік етуде. Шығанақ ауылының үстінен өтетін «Батыс – Шығыс» автобан дәлізі толығымен іске қосылған кезде Шығанақ және Бурылбайтал елді мекендері жанындағы жолдың екі жақ беткейінен балық өнімдерін сататын заманауи сауда базарын ашу жоспарланып отыр.

Округ бойынша жыл басынан бергі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 412,9 миллион теңгені құрады. «Шығыс кен басқармасы» мен «Эврика барит» кәсіпорындарында 33,1 мың тонна барит рудасы өндіріліп, бюджетке 30 миллион теңге қаражат түсті. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының 20 пайызы «Шығыс кен басқармасы» кәсіпорнында тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның «ҮлкенМұнай» еншілес компаниясында қосымша мұнай өнімдеріне арналған қойма ашылуда. Нәтижесінде компанияның қызмет аясы кеңейіп, жаңа жұмыс орнына шамамен 50 адам тартылмақ.

Шығанақ стансасы – Мойынты-Бірлік теміржол трансмагистралінің тораптық нүктесінің бірі. Округ аумағы арқылы «Қазақстан жүк және жолаушылар тасымалы» ұлттық компаниясы өз қызметін жүзеге асыратындықтан, мұнда жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 50 пайызының өмірі теміржол саласымен тығыз байланысты. Бұл компанияның қызметі тұрғындарға тауарларды жеткізу мен жөнелтуге, түрлі сапарларды жүзеге асыруға, пошта бөлімшесінің жұмысын жетілдіруге, сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жолаушыларға балық өнімдерін, сусындар сату арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

Бүгінде округ халқына екі денсаулық сақтау нысаны, бір мектеп, бір балабақша, екі мәдениет ошағы қызмет көрсетеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жыл басында Шығанақта жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Ғимаратта күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне баулуға барлық жағдай жасалған, спорттық құралдармен толық жабдықталған. Жалпы, округте бір-бірден спорт кешені, спорт залы және спорт алаңшасы бар. Үш елді мекеннің 2-еуі орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Байтал ауылын сумен қамтамасыз ету 2025 жылға жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен биыл 8 көшеге асфальт жабындысы төселуде. Бір айта кетерлігі, ауылдарда қылмыстық құқықбұзушылық 37,5 пайызға кеміп, ауыр қылмыс тіркелмеген. Ақпарат алаңында осы және басқа да жұмыстары жайлы жан-жақты айтып берген округ әкімі Таңатар Сәбитов аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, тиімді экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп отырғанын баяндады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support